Ақмола облыстық ауруханасында Швейцария мен Ресейдің атақты профессорлары ақмолалық кардиохирургтармен кездесіп, шеберлік сыныбын өткізді.
Аталмыш іс-шара «Еуразия жүрегі» қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған. Қордың президенті Пауль Роберт Фогт өз тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасты. Бірден айта кету керек, біздің облыстағы «Жүрек орталығында» жылына мың жарымға жуық науқас ем-дом қабылдайды екен. Орталықтың негізгі қызметі инновациялық медициналық технологияларды пайдаланып, жоғары мамандандырылған кардиологиялық көмек көрсету, сонымен қатар, амбулаториялық тексерістен кешенді оңалту көмегіне дейін аралықта науқастарға шипалы ем жасау болып табылады. Орталық дәрігерлерінің әрқайсысы жеткілікті жұмыс тәжірибесі мен кәсіби даярлықтың жоғары деңгейіне ие мамандар. Өзара тәжірибе алмасқан шеберлік сыныбында Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік педиатрия медициналық университетінің жүрек-қан тамырлары хирургиясы кафедрасының профессорлары да лекция оқыды. Осы орайда, біз ақмолалық дәрігерлерді сөзге тартып, сабақтан алған әсерлерімен бөлісулерін өтіндік. Орталықтың бас дәрігерінің хирургия бойынша орынбасары Дмитрий Чайков өз ойын былайша сабақтайды:
«Жасанды қан айналымы туралы көп мағлұмат алып, оны қолданысқа енгізу жолдарымен таныстық. Осыған байланысты кәсіби біліктілігімізді жоғарылатып, өз ісінің шеберлерімен жүздескенімізге аса қуаныштымыз. Жалпы мамандар үшін оқу конференцияларын ұйымдастырып, әлемнің ең озық елдерінің тәжірибелерінен тәлім-тәрбие алу өте қажетті іс деп білемін. Алда тұрған әуелгі міндет әлемдік жаңа технологияларды ендіру мен жаңа ота жасаудың амалдарын үйрену, сондай-ақ, білімді одан әрі тереңдете түсу болып табылады», – дейді ол. Сонымен қатар, облысқа арнайы келіп жергілікті дәрігерлерге халықаралық дәрежедегі шеберлік сыныбын өткізген Пауль Роберт Фогт өз сөзінде Қазақстанда кардио-хирургия саласы қарқынды дамып келе жатқандығын айта келіп, қай-қашанда да өзінің оқыған-тоқығанын өзгелермен бөлісуге дайын екендігін баса айтты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.