Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Жыры» таусылмайтын білім реформасы қашан көңілге қонымды болады?!. - АРҚА АЖАРЫ

«Жыры» таусылмайтын білім реформасы қашан көңілге қонымды болады?!.

Білім саласына  қатысты әңгімелер қазір   аз айтылып жүрген жоқ. Реформалар жүргізіліп жатыр, оны сынау да, қолдау да аз емес. Әсіресе, Білім және ғылым министрлігіне Е.Сағадиев келгелі орта білім саласында  түбегейлі өзгерістер жасалуда. Осы жерде біз бір нәрсені  ескермейтін сияқтымыз. Реформалардың түпкі нәтижелерінен не күтеміз, жас ұрпақ мектептен қандай білім алып шығуы керек?..

Осы орайда, «Арқа ажары» газетінің 2017 жылғы 21 ақпандағы №21 санында жарық көрген журналист Ырысалды Шамшиеваның «Біраз мектептерге мемлекеттік аттестаттау алынбас қамал болып тұр» атты    мақаласындағы мәселелерге келейік. Автор «білім сапасы неге төмен?» деген сұраққа жауап іздейді. Мұғалімдердің жыл сайын біліктілік курстарынан өтетіндігін, бірақ, білім сапасының неге жақсармайтынын тілге тиек етеді.
Бірінші, «деңгейлік» немесе «Кембридждік» деп аталып,  кейін  «сындарлы» оқыту деген атауға ауысқан жүйе ескі дәстүрлік  (кеңестік) білім беруді  жаңалау ма, әлде білім беру парадигмасының өзгеруіне байланысты  оқыту әдістемесі ме, әйтеуір, ол 2012-2013 жылдары Білім министрі болған  Б.Жұмағұловтың  кезінде енгізілді.
Осы  «сындарлы» немесе «деңгейлік» оқытудың  бастапқы мақсаты не еді? Курсты үш ай оқығанда  мұғалімдерді оқытқан тренерлер «бұл бірден оқу сапасын арттырып тастамайды, бұл бағдарламаның мақсаты – оқушыны, яғни, баланы өмірге, әлеуметтенуге  дайындау, қалыптастыру» деді.
Жақында өз Жолдауында Президент Н.Назарбаев  білім саласына байланысты «Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» деп атап көрсеткені белгілі.
Қазір мұғалімдерге  жаңа талап бойынша  45 минуттың 10 пайызында ғана сөйлеп, қалғанында оқушылар  топ болып жұмыс істеулері, жоба қорғаулары керек, белгілі бір мәселеге сыни пікір білдірулері керек. Мұғалім тек бағыттаушы, нұсқаушы рөлін ғана атқарады.  Бұрынғыдай өзің сөйлеп, өзің түсіндіруден бас тарт дейді. Оқушыға еркіндік бер дейді. Оқушыға еркіндік беру үшін мұғалімге де еркіндік беру керек.
«Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлау» технологиясы курсынан қаншама мұғалімдер өтті. Бұл  педтехнологияның қарапайымдылығы мен икемділігі қазіргі қойылып отырған  талаптарға сай келеді.
Енді әрі қарай күнделікті мектепте  осының бәрі қалай іске асады? Сырттан қараған адамға, мұғалімді сынаушыларға мұғалімнің үстінен қарайтын барлық деңгейдегі  басшылар  біліктілік курсын ұйымдастырдық, қаншама миллиондаған ақша бөлдік дейді. Бірақ, мәселе ақшамен ғана бітпейді ғой.
Біздің білім саласының ең бір кемшілігі  жүйесіздік екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Мысалы, сол курста оқығанда (мен үш айлық курсты 2013 жылы өткенмін) оқушылардың АКТ-ны игеру, яғни, ғаламтордан  қажетті материалды табу, біліміне пайдалану, тағы сол сияқты ізденушілік қабілеттерін дамыту керек деді. Сондықтан, сабақта ғаламторға қосылған ноутбук, смартфонды  қолдануға рұқсат деді. «Википедияны» қолдана алу, «Викибеттерін» жасау айтылды.  Ал, енді келеді де, біресе ана облыста, біресе мына облыста  прокуратура немесе тағы бір орган сабақ үстінде смарттелефондарды ұстауға тыйым салады. Курста айтылған сөз қайда?
Екінші мәселе, «сындарлы», яғни,  «деңгейлік»  оқыту бойынша оқушылар үнемі қозғалыста болуы керек, топ болып жұмыс жасауы керек.  Сондықтан, сыныптағы парталарды топ құруға ыңғайлы етіп қою керек болады. Курстан өткен өткен мұғалімдер сабақ үдерісін солай ұйымдастыру үшін  парталарды топтық ережеге сай орналастырғанымен,  СЭС-тің тексеруі келе жатыр  десе болды, сол   парталарды дырылдатып қайта орнына қояды. Сонда  мұғалім кімнің талабымен жүруі керек?
Үшіншіден, мұғалім «шығармашыл» болуы керек, үнемі ізденісте жүруі керек дейміз. Бірақ, біздің білім саласы  небір шектеулерге  бағындырылып қойылған. Мысалы, осы мақалада айтылған  мемлекеттік аттестаттау кезінде  4, 9 және 11 сыныптардың  білімдері тест сұрақтары арқылы тексеріледі. Мемлекеттік аттестаудан дұрыс өту үшін тағы да тест сұрақтарымен ғана жұмыс жасау, тест жауаптарын  жаттау мен жаттату басталады. Сөйтіп, алдында айтылған «шығармашылық»  жұмыстар жайына қалады.   Ескі ҰБТ-ның форматында да дәл осы жағдай болды ғой. Мұндайда деңгейлік курстан өткен мұғалімдер не істейді? Жоба қорғау, оқушының сыни ойлауын  дамытуды ойлай ма, әлде тексеріспен бірге келетін тестілеуден қалай өтуді ойлай ма?!.
Жалпы,  білім беру ұйымдарын  мемлекеттік аттестаттау мен үшін түсініксіз. Олай  дейтін себебім, орта білім беретін мектептер мемлекеттік мекеме ғой. Оны аттестаттаудан өткізбей, лицензиясын алып қою өзің отырған бұтақты өзің кескенмен бірдей емес пе? Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық және әлеуметтiк базасының нашар болуына мектеп директоры да, мектеп мұғалімі де кінәлі емес. Мемлекеттік мекеме болған соң бұл жағын толық мемлекет қамтамасыз етуі керек.  Интерактивті тақтаның жетіспеуі, спорт құрал-жабдықтарының аздығы немесе ескілігі, интернеттің жылдамдығының  төмендігі, компьютерлердің ескілігі, тағы сол сияқты мәселелер аттестаттаудың талабына кірмеуі тиіс.
25 жыл бойы мемлекеттік мектепті сылап-сипап, жөндеп келген мұғалімдерге қайта рахмет айту керек.  Неге? Себебі, мектепке перде керек пе, сынып бөлмесіне перде керек  пе, мұғалім өз ақшасына алады, электр шамы, сырлау, мектептің катриджіне бояу, осылай тізбектеліп кете беретін тізімнің барлығына өз қалтасынан ақша жұмсайтын – мұғалім.
Автор оқушылары екілік  алған мұғалімнің санаты мен сертификатын қайтарып алуды ұсынады. Алайда, қазір тақа санатқа қызығып тұрған мұғалім жоқ. Аздаған тиын-тебен  төлейтін санат алу үшін таудай қағаз бен теңіздей жұмыс талап етеді. Ал, сертификатты алып қойса, онда ол мұғалімнен  сол сертификаттың жұмысы талап етілмесін.
Мына бір мәселеге ешкім көңіл бөлмейді. Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына 250 жыл емес, 25 жыл ғана болды. Оның өзінде соңғы 10-15 жылда ғана экономикада, білім, тағы басқа салаларда белгілі бір  жетістіктер қалыптаса бастады. 1991 мен 2000  жылдар аралығында, егер осылай сипаттауға келетін болса, ес жинаумен болдық.  Осы «ес» жинау кезінде мұғалімнің, жалпы, мұғалім мамандығының беделі  төмен түсіп кеткендігі, мұғалімдікке  кез-келгеннің,  яғни, біліктілігі мен білімі төмен адамдардың  кездейсоқ келгендігі өтірік емес. Ол туралы да айтылып, жазылып жүр. Енді осы мұғалімдерді  жұмыстан қалай қуып шығасың? Жұмыссызға айналмай ма, отбасына обал емес пе?!.
Өз басым біз әлі де «өтпелі кезеңдеміз» деп ойлаймын. Білім саласы әлі өз жолын тапқан жоқ. Қазір бұрынғы «кеңестік» көзқарастар мен жаңа заман талаптары бір-бірімен күресіп жатыр деуге болады. Жаңаша ойлайтын, менеджментті жаңаша қалыптастыратын жас буын меніңше, енді 30-40 жылдан соң қалыптасады. Өйткені, қоғамымызда қай саланы алсаң да кешегі «кеңестік»  басқару әдістерін байқайсың. Оны аңғару оп-оңай.
Білім саласы да осындай  «өтпелі кезеңде» тұр. Ескі дәстүрлі білім беруді жақтаушылар, жаңа өзгерістерге шаштары тік тұрып, қарсы болушылар қоғамда да, мұғалімдер арасында да жетерлік. Өткенде деңгейлік курсты аяқтап, мектебінде «жаңаша» оқыта бастаған мұғалімге бір мектептің директоры «тоқтат, мына у-шуыңды, мұндай сабақтың керегі жоқ» деп айғайлапты.
Жас ұрпаққа сапалы білім беру, сыни ойлайтын оқушы тәрбиелеу үшін  мұғалімге еркіндік беру керек. Ол қандай еркіндік?
Фин еліне жасаған сапары барысында Елбасымыз «Финляндиямен қарым-қатынас Қазақстан үшін аса қажетті. Себебі, бұл ел әлемде өзіндік орны бар, білім-ғылым саласында, инновация бағытында алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Егер де біз бәсекеге сай ел болғымыз келсе, Финляндияның жүрген жолымен өтіп, тәлім-тәрбие алғанымыз өте пайдалы болады». «Біз бұрын өз дамуымызда Оңтүстік-Шығыс Азияның барыстарынан сабақ алдық. Олардың стратегияны қалай жасағанын, қалай дамығанын, кадрларды қалай дайындағанын үйрендік. Ал, қазір бұл кезеңнен өттік, енді бізге Финляндиядан үйренген жөн», деп атап өткен болатын.   Ал енді, сол Финляндияда біздегідей аудандық, облыстық, тағы басқа да небір тексерулер жоқ екен. Білім бағдарламасы мемлекет бойынша біртұтас, бірақ, жалпылама ұсыныс ретінде ғана беріледі. Әр педагог қандай әдіс-тәсіл арқылы оқытуды өзі шешеді. Міне, мұғалімге еркіндік беру, шығармашылықпен жұмыс жасау деген осы.  Бірақ, фин елінде мұғалім болғысы келген адамға қойылатын талап өте күшті. Сапаны көтеруді осыдан бастау керек. Жалақылары да жоғары, бұл мұғалімге стимул береді. Мұғалімге де, оқушыға да толық жағдай жасалған. Ал, біздің  жақын арада ондай деңгейге жете қоюымыз  неғайбыл. Себебі, менталитетіміз, көзқарасымыз, жағдайымыз бөлек. Сөйте тұра, дайындықсыз тез-ақ жеткіміз келеді.
«Арқа ажарындағы» мақала авторы былай деп жазады:  «оқуға деген оқушының қызығушылығын оята алмау ұстаздың кемшілігі, жауапсыздығы». Мұнымен келісемін,  бар ондай  мұғалімдер.  Күнкөріс үшін жүргені де, мектепте не үшін жүргенін түсінбейтіндер де. Оны өздері де мойындайды. Уақыт өтеді, сөйтіп, күндердің күні олар да кетеді. Әзірше осыған көнеміз де, қайтеміз?!.
Келесі бір мәселе, біліктілік курстары туралы. Облыс орталықтарындағы курстарға білікті мұғалімдер тек  сертификат алу үшін ғана барады. Себебі, бірін-бірі қайталайтын пайдасыз курстар. Ал, осыған қаншама ақша бөлінеді. «Сол баяғы топтастыру, жоба қорғау, шынын айтсақ жалықтық» дейді кейбір мұғалімдер.
Оқушы да неге құлықсыз? Бұған бір жақты жауап беру қиын және мұғалімді кінәлай беру де кейде орынсыз. Осыны зерттеп жатқан бізде педагог ғалымдар, тағы басқа мамандар бар ма?  Шынында оқушылардың көп бөлігі  оқығысы келмейді. Кітап, көркем әдебиет дегенді мүлде оқымайды. Қазір бала тұрмақ, үлкен адамдар кітапханаға бармайды, көркем әдебиет оқымайды. Бұл – шындық. Оның үстіне оқулықтар да тартымсыз.
Мысалы, 8 және 9 сыныптың «Дүниежүзі тарихы» оқулығын алып қарасаңыз, бір елдің  1945 жылдан 2000 жылға дейінгі тарихы бір тақырыппен ғана берілген және оған 1 сағат қана уақыт бөлінген.   Қаншама мәліметтер мен  қаншама адамның есімін еске сақтау оқушыға оңай ма? Мұғалімді сынайтындар өздері келіп оқытып көрсінші. Ал, ертең келіп осыдан тест сұрақтарын береді.
Біздің  орта білім саласында толып жатқан стандарттар, нормалар (мақала авторы да осы «нормаларға» көп тоқталады) бар. Шығармашылықпен жұмыс істегісі келетін мұғалімдер осы стандарттар мен нормалардың екі ортасында жүнжіп, өздерін жоғалтып алады. Бізде бүкіл оқушы тек жақсы немесе үздік оқуы керек сияқты. Баланы оқытуда адамның табиғатына жақын болуымыз керек қой. Бойы ұзын адам бар, қысқа адам бар, мінезі ашығы бар, тұйық мінездісі  бар,  сылбыры бар, жылдамы  бар, қабілеттісі мен қабілетсізі бар. Осылай демекші, оқушылар да әртүрлі ғой. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бәрін  пайызбен  есептеп, бағалай салады.
Басында айтылған «деңгейлік» немесе «сындарлы» оқыту, не болмаса, қазір
1 сыныптан енгізіліп отырған «жаңартылған білім беру» арқылы оқытудың мақсаты не? Мақсаты – оқушыны яғни, ертеңгі Қазақстан азаматын әлемдік бәсекеге қабілетті, сыни ойлай алатын  тұлға ретінде қалыптастыру. Бірақ, мұның бәрі көбіне-көп қағаз жүзінде ғана. Себебі, сыртқы талап пен тексерістерден үрейі ұшатын бейшара мұғалім тесті жаттатуды ғана ойлайды да, қағаздағы жап-жақсы мақсаттар жайына қалады.
Сондықтан,  білім беру саласының  басты мақсаты мен  міндетін,  мұғалім мен оқушыдан не талап етілетіндігін нақты   анықтап алып барып қана бүкіл білім саласына өзгеріс, яғни, реформа жасау керек. Алдымен, тексерістерді азайту керек, мұғалімдерге еркіндік беріңіздер…

Арман ДӘУЛЕТБЕКОВ.

Ерейментау  ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар