Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ пен әзірбайжан халқының ұқсастығы бар - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ пен әзірбайжан халқының ұқсастығы бар

Бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстан көпұлттылығымен қоса, бірлігі жарасқан, берекесі молайған ел ретінде бағаланады. Әсіресе, елімізді мекен еткен ой-мақсаты ортақ сан алуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірі –  әзірбайжандар.

Әзірбайжандықтардың Қазақстанға келу тарихы да әртүрлі.  Мен өзім 1952 жылы Әзірбайжанның Масалы ауданы Шатыроба ауылында дүниеге келдім. Кейін КСРО-ның Ішкі істер министрлігі берген жолдамамен 1970 жылы Қазақстанға қоныс аудардым. Отан алдындағы борышымды да Алматы облысында өтедім. Сөйтіп, осында тамырымды тереңге жайып, қалып қойдым деуге болады. Қазір интернационалды отбасының отағасымын. Әйелім –  орыс ұлтының өкілі. Немерелерім де осы қазақ жерінде өсіп, қазақша тәлім-тәрбие алуда. Мұны өз басым бәрі қазақ халқының дархандығы мен пейілінің кеңдігінің арқасында дер едім. Бүгінгі таңда бауырмал қазақ халқымен бірге өзге де ұлт өкілдерімен қатар тату-тәтті өмір сүріп жатқандығымды мақтан тұтамын.
Мен Қазақстанды өзімнің екінші Отаным деп санаймын. Қазақ халқы –  өте мейірбан, меймандос, кішіпейіл халық. Тіпті, ен далада келе жатып, көлігің тоқтап қалса да, жақын жердегі ауылға соға қалсаң, сені жылы үйге кіргізіп, алдыңа қолындағы барын тосып, құтты қонағындай күтеді.
Қазақтар мен әзірбайжандардың арасында көптеген ұқсастықтар бар. Бәріміз де «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деп бір Құдайдан медет сұраған тілі бір, діні бір халықпыз. Діни мерекелерді бірге атап өтеміз. Наурыз да қос халыққа ортақ ұлық мейрам. Әзірбайжан халқы өздерінің тілімен айтқанда «новрузды» ең сүйікті мереке санайды. Бұл елде Наурыз мерекесіне дайындық біздегіден бірнеше күн бұрын басталады. Дәлірек айтсақ, ескі жылдың соңғы сәрсенбісі, яғни, «ахыр чершенбе» күнінен бастап, жаңа жыл қамына кіріседі. Сол күні үй мен ыдыс-аяқтарын тазалап, қайтыс болған туыстарына дұға етеді. Ал, жаңа жыл кірген күні ерте тұрып, өзенге немесе бұлақ басына барып, шомылады. Осылайша жаңа жылдың бірінші күнін таза ниетпен, ақ пейілмен қарсы алады. Сондай-ақ, бұл күні әзірбайжандықтар оразасын балмен немесе қантпен ашады. Ол «алдағы өміріміз бал мен шекер сынды тәтті болсын» деген ниеттен туған екен. Мерекенің қуанышымен-ақ өтіп кететін жаңа жылдың алғашқы күнін олар да түрлі ас қойылған ақ дастарханмен қарсы алады. Ас мәзірінен «йеди-левин» тағамы да қалыспайды. Бұл тағамның біздің наурыз көжемізге ұқсастығы бар. Оған да жеті түрлі дәм қосылады.
Жалпы, мен қазақ халқына деген құрметім мен шексіз  ризашылығымның белгісі ретінде тілін меңгердім. Қазір көсемдерше көсіле, шешендерше шешіле сөйлемесем де, шамам келгенше, арасында мақалдап қойып өз ойымды анық жеткізуге тырысамын. Қазір облыс орталығында 80-ге жуық әзірбайжандар тұрады. Көп емес әрине, бірақ та соған қарамастан өңірде өтетін барлық қоғамдық шараларға бір адамдай атсалысып, өздеріміздің тіліміз бен мәдениетімізді және ұлттық-салт дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды насихаттауға тырысамыз.
Көкшетауда «Әзірбайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылғанына тоғыз жылдай ғана уақыт болды. Осы уақытың ішінде мәдени-ағарту жұмысымен кеңінен айналысып келеміз. Дегенмен, еш нәрсенің оңайлықпен келмейтіні белгілі. Сол сияқты, біздің бірлестіктің де артқа тастаған жылдарында қиыншылықтың көп кездескенін айтпай кетуге болмайды. Бұл тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптаса бастаған еліміз үшін қиын-қыстау кезең болатын. Біреулер пана іздеп көштің басын Қазақстанға бұрса, енді бір халықтар елден көшіп кетіп жатты. Міне, осы арада елімізде қалған әзірбайжан ұлтының өкілдері бұл ұйымның құрылуына бірден-бір себепшісі болды.
Бірлестік әзірбайжан халқының мәдениеті мен төлтума өнерін сақтап, жан-жақты білімді жандардың зор талпынысын, халықтың дархандығы мен кең пейілін паш ету мақсатында құрылғанын көреміз. Бүгін біз қай жағынан алып қарасақ та, осы мақсаттың түбегейлі жүзеге асырылып жатқандығына куә бола аламыз. Бұл әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясына артқан үмітінің ақталғандығының көрінісі. Балалар ана тілін жатсынып кетпесе екен деген ниетпен жексенбілік мектепте әзірбайжан тілінен дәрістер берілуде. Ал, би кез келген халықтың болмысын көрсететін мәдени құндылық.  Осыдан бірер жыл бұрын  қаламыздағы Достық үйінде біздің би үйірмеміз ашылды. Енді соңымыздан еріп келе жатқан жас ұрпақ сол мазмұны терең халықтық билерімізді меңгерсе екен дейміз.
Бүгінде адамдар теледидар қосуға қорқатын жағдайға жетті ғой. Ана елде алауыздық, мына елде соғыс, тағы бірінде жойқын жарылыс, әйтеуір, қазір үрейлендіретін  жағдайлар көп. Осыған қарап отырып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған,  бейбітшілік орнаған елде өмір сүріп жатқанымыз қандай қуанышты.
Назим ШИХАЛИЕВ,
«Әзірбайжан қауымдастығы»  республикалық қоғамдық бірлестігі  Көкшетау қалалық филиалының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар