Аудан орталығындағы балалар шығармашылығы үйінде Наурыз мерекесі аталып өтілді.
Іскер әйелдер клубының төрайымы Торғын Әлиеваның ұйымдастыруымен өткен шараға Ерейментау қаласының тұрғындары қатысып, көгілдір көктемнің ең алғашқы мерекесін атап өтті.
Мерекелік шарада балалар шығармашылығы үйінің өнерпаздары мен музыка мектебінің шәкірттері ән айтып, би билеп өнерлерін ортаға салды. Мерекелік дастархан жайылып, қазақ, башқұрт, украин, орыс, неміс ұлтының өкілдерінен құралған меймандарға наурыз көже мен «Болашақ», «Сказка» балабақшасының аспаздары дайындаған тәтті бауырсақ пен дәмді тоқаш ұсынылды.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Кәмила Ахмедиярова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрайымының орынбасары Сара Дүйсембаева, кәсіпкер Торғын Әлиева бастаған клуб өкілдері меймандарға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, естелік сыйлық табыс етті. Ерейменнің ертегі-аңыз тұнған алқабын көктем кезіп, шуағын дарытса, сол шуақ адамдарды да көңілдеріндегі көрікті ойды маздатып, арқа-жарқа етті.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Ерейментау ауданы.