Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы көштің ұлағаты - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы көштің ұлағаты

Уай, шіркін, Самарқанның көк тасы жібігенде адамның ет жүрегі тебіренбей тұра алар ма. Нақышы мол Наурыз  тойын көргің келсе, Алтайдың арғы жағына көз салуың керек.

Жылмен бірге жаңалық, жақсылық жамырап, алты Алаштың баласы күні бұрын қамданар еді. Кебежедегі ұн ішіне тыққан сап-сары сүрлері шығарылып, қысқы соғымнан іркіліп қалған жал-жая, қазы-қартасын әзірлеп, қазан көтеретін. Әр үй, әр шаңырақ жыл құсындай сағындырып жететін жаңа жылға жаны қалмай әзірленетін. Өйткені, дәл мереке күні құттықтап, жақсы тілегін тілеп ағайын-туыс жетеді. Көп тілегімен көңілі бірленген елдің де пейілі қазақтың кең даласындай көл-көсір. Дәл осы күні бұрын әлдебір себептермен жүз шайысып қалған ағайын көңілдегі кірбіңді пышақтай кес-кендей сылып тастап, бір-біріне таңның мөлдір шығындай таза ізгілік-ізетін білдірер еді.
Алтайдың арғы бетіндегі жұрт көшпенді қазақтың этнографиялық дәстүр-салтын шашау шығармай сақтап қалған адамдар. Жаңа жыл келгенде шығыстан таң шапағына ілесе мамырлай басқан көш көрінер еді. Ұлы көштің бойында не жоқ дейсіз? Тайпалған жорға мінген бозбала мен бойжеткен, боз даланың бозторғайындай сызылтып әнге салғанда Ертістің ерке толқындары бірге билеп, сыңғырлай күліп, сылдырлай сөйлеп, бірге ән салып тұрғандай көрінер еді. Ұлы көштің өн бойында ұлы жұрттың ұлағаты тұнып тұратын.
Кезінде біз де өнер адамы болған соң Наурыз тойын нәшіне келтіре өткеруге қал-қадірімізше атсалыстық. Көкіректеріне сағыныш тұнған, сағым даланың сұңғыла қарттарының батасын алдық. Несін айтасыз, ел тұтас, бірлік мығым. Сонысына орай береке де мол. Қазіргі күні ойлаймын, жұдырықтай жұмылуға аз болғанымыз әсер етті ме екен, әлде азуын айға білеген аталарымыздың мұрасын аманаттай көріп сақтадық па екен.
Қалай болған күнде де көп-көрім қуаныш әкелген Наурыз тойы шер тұнған шекараның арғы бетінде ешқашан үзілген емес. Бәлкім бізге таңсық еместігі де сондықтан шығар. Ең бастысы, ел бір-бірімен араласып, бір-біріне омыртқа мүжітіп, құданың қолына жамбас ұстатып, наурыз көже ішетін. Атам қазақ «бір күн дәмдес болған кісіге қырық күн сәлем бер» дейді. Бір табақтан ас ішкен адамның дәмнің киесін ұлықтап, сыйластыққа сызат түсірмейтіні әлмисақтан белгілі.
Наурыз тойында басталған ұлы көш күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Алтайдың арғы бетіндегі ат төбеліндей аз ғана жұрт өздерінің бай мұрасын өзге жұртқа көрсетіп, талай рет таңдай қақтырған. Сол үрдіс әлі күнге дейін бар. Ата жұрт тәуелсіздік алғаннан кейін керегесін кең жайған кербез көштің бір үзігі туған топыраққа ат басын бұрды. Сол көшпен бірге кеңестік кезеңнің тоңын жібіткен жылымық бірге келді. Мен бүгін соған қуанамын.

Төкен ІЛИЯС,
Қытай елінің еңбек сіңірген әншісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар