Балалық шағым Ресейдің Омбы облысында өтті. Ондағы қазақтар ұлттық салт-дәстүрді сақтап ерекше бағалайды.
Омбы қаласындағы «Мөлдір» этно-мәдени орталығының ұйымдастыруымен жергілікті қазақтар жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, Ұлыстың ұлы күнiн тойлайды. Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. Бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады. «Ұлт жоқ. Ұйысқан Одақ қана бар» деген кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 1926 жылдан 70 жылдай ұлт мерекесiн терең зындан түбiнде бұғаулап ұстағанын бiлемiз. Одан кейiнгi ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, ұлт зиялылары мен ұлт құндылықтарына қарсы дүркiн-дүркiн шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпының үкiсiн қисайтуға тырысып бақты. Тiптi, ашаршылық жағадан алған тұста жарапазан – жас балалардың нан сұрап жеу тәсiлiне айналғаны шындық. Солтүстiкте тұратын қазақтарда көрiсу ғұрпы санадан өшкен. Ал, 31 желтоқсан түнi жаңа жылды табалдырықтан аттатқан кейбiреу төл мейрамды мойындамайды да. Мұның бәрiн бүгiнгi жастың кемшiлiгi деу жөн бола қоймас. Бала жасында көргенін ұмытпайды. Көнекөз қариялар салт-дәстүр сабақтастығының соңғы буыны. Ал, 70 жыл идеология құрбаны болған мерекенiң көптеген ырым-жоралғылары кейiнгiлерге таныс емес.
Омбылықтар жаңа жылға ертеден дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыс-тар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл – тоқшылықтың белгісі. Табиғатпен байланыс күн анаға деген тағзымнан көрінеді. Қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Дастарханның басты асы наурыз көже. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім бар.
Жас келiндер, бойжеткендер болса, кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарды соғады. Мұның бәрi күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткiзер» жоралғыларының сый-тартулары. Осы күні әр шаңырақ өзiнше наурыз көже пiсiрiп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәрiне ұсынады. Ауыл ақсақалдары үй-үйден дәм татады. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп шаттанады. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне таратады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селт еткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни, қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна – пәктiктiң, жастықтың, тарақ – әдемiлiк пен сұлулықтың, ал, иiссу – жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген белгi. «Той тарқарда» жаңа көзi ашылған қайнардың суына қант қосып, оны қауым болып iшiседi. Дастархан басында жастар үлкендердің батасын алады. Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын!», – деп бата береді.
Бәтима КӘЛЕМШӘРІП,
«Нұр Отан» партиясы аудандық
филиалының кеңесшісі.
Шортанды ауданы.