Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үзілмейді ән ғұмыр - АРҚА АЖАРЫ

Үзілмейді ән ғұмыр

Шамасы 1980 жылдардың орта шені. Қазан тойының алдындағы қарбалас. Сол кезде облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің бөлім меңгерушісі Райхан Сейітова апай шақырып алды да, Ленин атындағы мәдениет сарайында Тыныштық Шаменов есімді сазгер тосып отыр, барып тілдесіп қайт деп жұмсап жіберді. Таяқ тастам жердегі мәдениет сарайына жеткенше мың толғандым. Енді ше? Тірі сазгерді кім көріп, тілдесіпті. Газет жұмысына енді араласқан пақырға ән әлемінде тербетілген сазгер жайлы сыр толғап жазу оңай дейсіз бе.

 

Бардым, таптым. Балуан бітімді, қапсағай денелі, қара торы кісі екен. Мейірім шуағы ілініп қалған қабағы ашық. Жап-жас бала екен деп менсінбей қараған жоқ, бірден шүйіркелесіп кеттік. Алғашқы әңгіменің сорабы қасиетті ән өнері туралы. Қаншалықты құндылығы барын дәл қазір тап басып айта алмаймын, әйтеуір, жазғаным жарық көрді. Сөйтіп, мен қасиетті Көкше өңіріндегі сал-серілердің жалғасы, әнші, сазгер, шежіреші Тыныштық Шаменовты тұңғыш рет облыс жұртшылығына таныстырдым. Кейін арада көп жыл өткен соң да әлгі болар-болмас сұхбатымды жарықтық есіне алып, алғысын айтып қоятын.
–Мені дүйім көпшілікке таныстырып, тұсауымды кескен, жалпақ жұртқа жақсы қырымнан көрсеткен осы інім,–деуші еді Тыныштық аға.
Тыныштық аға жалғыз сазгер ғана емес, ақтаңгер айтыс ақыны. Бір кезде алты Алаштың төл өнерінің өрісі тарылып, айтыс деген құдіретті кітаптардан ғана оқитын жұрттың ақсүйек өнерге деген сағынышын айтып жеткізу мүмкін емес. Үзіліп барып қайта жалғасқан төл өнерімізге деген құрмет пен қошеметтің тіптен шегі жоқ еді. Халық ақыны Көкен Шәкеев бастаған Көкшенің от ауызды, орақ тілді айтыскер ақындары сахнадан көрінгені сол-ақ екен, тұмшалана тұншыққан бұлақтың көзі ашылғандай айрықша екпінмен лап ете түсті.
Айтыс облыс орталығында ғана емес, қазағы қалың елді мекендерде де өткізіле бастады. Бұл бір ұлт рухын көтерген игілікті шара болды. Тыныштық ағамыз осы істің басы-қасында жүрді. Қоғам үшін сіңірген игілікті еңбектерінің бірі сол кездегі Ленинград ауданындағы Айсары ауылында «Қарлығаш» өнер мектебін ашуы. Осы мектептен кейін жалпақ жұртқа танылған Арман Бердалин, Ұлмекен Шаменова тәрізді таланттар түлеп ұшты. Аз олжа емес, әрине. Көмескі тартқан ұлттық өнердің шырағын лаулата жағуға зор еңбегін сіңірген Тыныштық ағаның осы бір қызметі ел есінде.
Сөз арасында өмірбаянынан да бірер дерек келтіре кетелік. Оқыған жұрт тұлғаның тағылымды өрісін аңғару үшін. Ақын 1942 жылдың 13 наурызында Еңбекшілдер ауданының Прогресс ауылында дүниеге келген. Ақмола ауыл шаруашылығы инс-титутында білім алған. Әскери міндетін атқара жүріп, Ваганова әскери училищесін үздік бітірген.
Кейін бірнеше шаруашылықта абыройлы еңбек етті. Егер қаперінде қара жұмыс тұрмаса, тіршіліктің зілбатпан салмағы, отбасының мұқтажы нәзік көңілді бөле бермесе, сөйтіп, ұлы өнердің жолына басы бүтін түссе, бұдан да көп іс тындырар ма еді деп ойлаймын кей-кейде.
Сөйтіп жүріп әуел баста жаратқан иенің дарытқан талантымен талай қырға көтерілді. Ықыласты ынта мен қажып-талуды білмейтін еңбек қос қолтығынан демеп, өнерінің шырағын нәп-нәзік сезімнің ұшқын жарқылы жаққан-ақ шығар сірә.
Ағаның әндері мөп-мөлдір шуақ іспетті нәзіктілігімен ерекшеленеді. Қазір де көз алдымда қара торы жүзі алабұртып бар жан-тәнімен ән әлеміне еніп, екі көзін жұмып алып көзге көрінбейтін толқындардың арасында толқып тұрғандай болады. Мұндай сәтте, ағам мынау жарық дүниенің кір-тозаңын құлантаза ұмытушы еді, мөп-мөлдір өзге бір әлемнің ішінде қалқып-толқып жүргендей.
Әні қандай таза болса, жан жүрегі де соншалықты таза еді. Әншейінде өнерліде өкпе көп. Құлагердің жүйріктігін қызғанғандай топ жарғанда, өзгеден мойны озық болғанды қаламайтындар да болады емес пе. Әне кейбір күңкіл сол жерден шықса керек. Ал, Тыныштық аға бұл дүниенің жаманатынан жаны ада, періште пішіндес жан еді. Әлдебіреуді ғайбаттау, іштарлық таныту табиғатына жат. Бар пейілі, жалғыз тілегі ел үстінде. Елінің ерлерінің бақыты жансын, байлығы тасысын деуден танбаған. Өнер өлкесіндегі өрісте де өзімен үзеңгілес жүрген талаптыға да тасыраң мінез көрсетпеген екен. Өйткені, оның болмысы бөлек еді.
1988 жылы республикалық  конкурста «Ертіске» деп аталатын әні бірінші орынды жеңіп алды. Ән болғанда қандай шіркін. Құтты Ертістің ақбас толқындары аспанға атып, жағалауға жеткенше асығып, мөлдір моншақтары жан дүниеңді тазалап кілкіп ағып жатқандай. Сол толқындар тербетіп, өр өзенмен бірге өмірдің өз айдынында ескексіз-ақ есіп бара жатасың. Бақытты шақтың бал дәмін кешіп бара жатасың. Дәл Ертістей шымырлай толқып, шамырқана өрікпіп өсіп бара жатасың. Осы ән сазгердің бағын ашты. Кейін белгілі әнші Ербол Шәкеев Санкт-Петербург қаласында өткен «Шлягер-91», Қырғызстанда өткен Орта Азия елдерінің байқауларында Тыныштық ағаның «Сол бір кеш» әнімен лауреат атанды. Қиянда үлкен өнердің ортасынан тыс жүріп-ақ табиғи талантының арқасында үздік шығармалар беріп үлгерген ағаның «Айсары әуендері» әні Мәскеу сахнасында шырқалды.
Ұзын-ырғасы 130-ға жуық ән шығарыпты. Әлденеше жыр жинағы жарық көрген. Осы қияпат еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағына ие болды. Ел қошеметі, халықтың ықыласы қаншама.
Бойында күш-қуаты бар кезінде редакцияға жиі соғатын. Қызы, бізге қаламдас қарындас Ұлмекенді іздеп. Әр кездескен сайын көздерін сәл сығырайтып, қуақылана күлімдеп әлденені айта салушы еді. Түйеден түскендей етіп. Кейде әзілдеп алдаушы еді. Сеніп қалатынбыз.
Бірде Ұлмекен ағаның артында қалған мол мұраның бір пұшпағын көрсеткен. Аңыз әңгімелер, шешендік сөздер, лебіздер гауһары. Көнеден қалған көп дүние. Қалай жинай берген десеңізші. Ішінде өз шығармалары да бар. Шіркін-ай деп ойладым, осының бәрін жинап, сүзгіден өткізіп, жинақ етіп шығарар ма еді. Кейінгі ұрпақтың тәлімі үшін, өнегесіне өріс ашу үшін.
Соңғы жылдары денсаулығы сыр берді. Сонда да ұшырасқан кезде айтары өнер, ән туралы болатын. Жанын жалдап қара жерді әзер басып жүрсе де, өзіне ынтық еткен өнер неткен құдіретті еді.
Жеңгеміз, ақынның жан жары Сәбира Жаныбайқызы отбасындағы бар шаруаны жалғыз өзі тындырып, шығармашылықпен айналысуына мол мүмкіндік тудырған. Өмірге әкелген бес ұл, екі қызына тәлім-тәрбие берген. Ілкідегі айлап-жылдап ел бетін көрмей кететін сал-серілердей Тыныштық аға да тіршілігінде үйішілік ұсақ-түйек шаруаға алаң бола қойған жоқ. Алаңдамайтыны, жеңгеміздің арқасында. Бүгінде қара шаңырақтың ұлдары ер жетіп, қыздары бой жетіп өсіп әке өмірін жалғауда.  
Сөйткен Тыныштық ағам да өмірден өтті. Бірақ, өлген жоқ, ән ғұмыры өлген жоқ. Әнді сүйген Алаш барда, мәңгілік жалғаса береді де.      

P.S. Белгілі ақын, әнші-сазгер Тыныштық Шаменовтың қырық күндік дұғасы  2017 жылғы 24 наурызда сағат 11.00-де Көкшетау қаласындағы «Меруерт» мейрамханасында өтеді.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар