Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына арнаған Жолдауында еліміздің ғаламдық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін экономикалық өсудің жаңа үлгісін құру қажеттілігі туралы айтылады. Елбасы экономиканың өсуіне ықпал ететін 5 негізгі басым бағытты атап өтті.
Оның біріншісі экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы; екінші бағыт бизнес-ортаның түбегейлі жақсаруы мен кеңеюі; үшінші бағыт макроэкономикалық тұрақтылық; төртінші бағыт адам капиталы сапасының жақсаруы; ал, бесіншісі институционалдық қайта құру, қауіпсіздік және жемқорлыққа қарсы күрес. Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында «Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған»,– дейді.Жолдаудың экономикалық мән-мәтіні, шын мәнінде, еліміздің миллиондаған азаматтарының, қазіргі ұрпақтың, сондай-ақ, келешек ұрпақтың елеулі әлеуметтік мәселесін қозғайды. Президенттің ауқымды инфрақұрылымдық жобаға қатысты жаңашылдық пікірінің бастысы осы мағынада.
Бірінші басым бағытта Президент жаңа индустриялардың, оның ішінде сандық технологияны дамыту қажеттілігін нұсқайды. Осы бағытта денсаулық сақтау саласында белгілі нәтижеге қол жеткізілді, атап айтқанда, іс жүзінде барлық медициналық ұйымдарда медициналық құжаттардың компьютерлік жүйесі, бақылау мекемелерімен бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілді, науқасты емдеуде электронды амбулаторлық карта орнату жұмыстары өткізілуде.
Бұдан басқа, аймақтарға заманауи жабдық сатып алу үшін жыл сайын арнаулы трансферт түрінде республикалық қаражат көзінен қаржы бөлінеді. 2017 жылы Атбасар және Целиноград аудандарына екі компьютерлік томограф, онкодиспансер және облыстық ауруханаға маммограф пен ангиограф сатып алу жоспарлануда, ал, бұл науқастарды емдеу сапасын біршама жақсартады.
Президент өз Жолдауында Үкіметке дәрілік препараттар бағасын заңнама деңгейінде реттеуді енгізуге тапсырма берді. Бұл мерзімді шара, себебі, дәрі-дәрмектердің бағасы барлық науқастар үшін, әсіресе, зейнеткерлер мен мүгедектерге, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қолжетімді емес. Ақмола облысы аграрлық аймақ болып табылады және осы орайда, Президент атап көрсеткен бес артықшылықтың ішінен бірінші басым бағыттың төртінші тармағын атап өтуге болады. Елбасы «Аграрлы сектор экономиканың жаңа өсу қозғаушысы болу керек», ал, «Made in Kazakhstan» сауда белгісі аграрлы экспорттық өнімнің, әсіресе, экологиялық таза өнім үлгісіне айналу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, барлық Еуразия құрылығында бидай дәнін өндіру бойынша «нан себеті» болу міндетін қойды. Сондай-ақ, Жолдауда, шикізат өндіруден қайта өңделген сапалы өнімді шығаруға өту қажеттілігіне ерекше көңіл аударылады. Қойылған міндеттерді орындау үшін Президент Үкіметке және облыс әкімдеріне бірқатар тапсырмаларды алға қойды, олар: қаржыны бөлу қағидаларын қайта қарастыру және өнімді сақтандыру, үй шаруашылығын және кіші фермерліктерді кооперативтерге біріктіру, жерді пайдалану тиімділігін арттыру, аграрлы ғылыми-зерттеулерге инвестициялар көлемін арттыру. Осының барлығы жаңа мемлекеттік агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы шеңберінде іске асырылуы қажет.
Денсаулық сақтау саласының өкілі ретінде «Адам капиталы сапасын жақсарту» атты төртінші басым бағыттардың міндеттеріне де тоқталғым келеді. Елбасы ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттің, жұмыс беруші және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді ерекше атап өтті. Медициналық сақтандырудың тиімділігі әлемдік тәжірибемен дәлелденген, ал, оның негізгі қағидалары жан-жақтылық, әлеуметтік әділеттілік, ынтымақтастық болып табылады. Медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушыларына медициналық қызметтердің кең ауқымды спектрі ұсынылады, ал, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына мемлекет қолдау көрсетеді.
Қазіргі таңда облысымызда, халық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша кездесулер өткізу, оны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа кең көлемде таныстыру жұмыстары жүргізілуде.
Президент Жолдауы алдымыздағы жылдарда Қазақстанды одан әрі дамытып, өркендету бойынша басты стратегиялық бағдарлама. «Мақсат – жетістіктің желкені» деп халық даналығы айтқандай, тек қана дұрыс қойылған мақсат табысқа жетелейді. Біз барлығымыз бүгінгі күнсіз болашақ жоқ екенін өте жақсы білеміз. Сондықтан, әлемдік дағдарысқа қарсы тұруда әрқайсымыз өзіміздің жұмыс орнымызда еліміздің ширек ғасырлық тәуелсіздігі жылдарында қол жеткізген жетістіктерін одан сайын баянды етуге міндеттіміз. Алға қарай сеніммен жылжу, алдымызға стратегиялық мақсат қоя білу даму кепілі екенін берік ойға түйгеніміз жөн. Міне, Елбасы Жолдауы бізге осыны меңзейді, осыны көңілімізге жете ұялатқыза түседі.
Серік АЯҒАНОВ,
Ақмола облыстық
ауруханасының бас дәрігері,
облыстық мәслихаттың депутаты.