Кластерлік қамқорлық жөніндегі меморандум аясында өңірлік кәсіпкерлер палатасы Көкшетау қаласындағы №1 сервистік-техникалық колледжбен бірлесіп, «Қала шеберлері» Ашық есік күнін ұйымдастырды.
Осы күні колледжде облыс орталығының №4, №16, №21 орта мектептерінің жетпістен аса оқушылары болды. Оқу жылы аяқталмай-ақ, бүгінгі таңда мыңдаған болашақ түлектер өз мамандығын таңдауда. Сервистік-техникалық колледждің қырық жылға жуық тарихы бар. Бүгінгі таңда мұнда шаштараз-модельер, тігінші, хатшы-референт, электр жүйесі мен қондырғылары бойынша электромонтажшы, автоэлектр қондырғыларын жөндейтін электрик, автокөлік жөндеудің шебері, слесарь-сантехник, электромонтажшы, реттеуші және электрогаз дәнекерлеуші мамандықтары бойынша білікті мамандар даярлайды.
Ашық есік күні мамандық тұсаукесерімен бірге өндірістік зертханаларға саяхат жасалды. Колледж студенттері өз мамандықтарының ерекшеліктері жөнінде айтып, өз біліктіліктерін көрсетті. 9-11 сыныптың оқушылары оқу үрдісі мен өндірістік оқуда жүзеге асырылатын жағдаймен танысуға мүмкіндік алды. Колледж оқушылары барлық конкурстар мен жарыстарда жүлделі орын алып, өз шеберліктері мен кәсіпқойлығын дәлелдейді. Өткен жылы колледж «Үздік маман» республикалық конкурсында, «Неофольклор» киім дизайнерлерінің облыстық жарысында бірінші орын алса, «Менің колледжім, менің мамандығым» ұлттық конкурсында екі екінші орыннан, «Дельфийлік ойын-2016» облыстық кезеңінде екі үшінші орыннан көрінді.
Оқу мекемесінің директоры Любовь Дробышеваның айтуынша, 2016 жылы колледжді алты жұмысшы мамандығы бойынша екі жүзден астам оқушы бітірді. Жалпы оқу орны нан өнімдері, сервис және қызмет көрсету, өнеркәсіп, көлік және коммуналдық шаруашылығы салалары үшін 30 мыңнан астам білікті маман даярлады. Көптеген түлектер жоғары оқу орнында білімін жетілдірсе, енді біреулері кәсіпорын басшысы, табысты кәсіпкерлер, ең бастысы өз ісінің шеберлері атанды.
– Кәсіптік дайындықтың деңгейі қазіргі заманғы өндіріс талаптарында өскен жастардың мамандық таңдауын өзекті мәселеге айналдырады. Бұл бүгінгі таңда тек қана педагогтардың мәселесі емес. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан болашақ мамандардың шешім қабылдау тетігін игеру, «Мүмкіндік пен жауапкершілік алаңын» игеру бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде,–дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Тәжмиева.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.