Ұлыстың ұлы күні облыстық соттың ұжымы Наурыз мейрамын атап өтті.
Мерекелік шараға облыстық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Әз Наурыздың өн бойында сан ғасырлық бабалар жолы мен ұлттық салт-дәстүріміздің өрнегі сайрап жатыр. Тамырын тереңге тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулық тұғырын нығайтып, шаттық пен қуанышқа кенелте берсін, – деді сот төрағасы өз сөзінде.
Шара барысында соттар әкімшісінің құрылымдық бөлімшелерінің арасында қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттайтын «Ең үздік ұлттық киім», «Ең үздік ұлттық тағам», «Ең үздік ұлттық ән мен би» аталымдары бойынша байқаулар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Асық ату, тұсау кесу тəрізді ұлттық ойындар мен театрландырылған қойылым да мерекелік шараның шырайын келтіре түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.