Еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс ағымдардың ықпалынан жастарымызды қорғау мемлекеттік маңызы бар мәселе.
Сондықтан да, жастар арасында жат ағымдардың қаупі мен залалы жайында әңгімелер, басқа да көпшілік шаралар өткізудің мәні зор.
Таяуда облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Нұрлан Беков, конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының Целиноград ауданындағы өкілі Мейіржан Нұрмұхаметов әскери бөлімшеде болып, Отан алдындағы борыштарын өтеп жатқан жауынгерлермен кездесті. Кездесу барысында дін атын жамылып, экстремистік пиғылдағы насихат жүргізіп жүрген жат ағымдардың залалдары жайында жан-жақты әңгіме айтылды. Соңғы кезде ғаламтор арқылы теріс уағыз айтуды жолға қойған қатерлі ағымдардың айтқандарына елігіп, теріс жолға түсіп жататындар өкінішке орай кездесіп қалады. Осы орайда, сәлафизм, уаххабизм сияқты экстремистік пиғылдағы ағымдардың дін исламмен қатысы жоқтығын жастар білуі қажет.
Шара соңында сарбаздарға отансүйгіштік жайындағы видеоролик көрсетілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.