Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Су әлемде өзекті мәселеге айналуда - АРҚА АЖАРЫ

Су әлемде өзекті мәселеге айналуда

1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференциясында «22 наурыз – Дүниежүзілік су қорлары күні» деп жариялаған еді. БҰҰ тарапынан су мәселесіне бұлайша ерекше  көңіл бөлінуіне ауыз сумен қамту жайының жыл өткен сайын күрделене түсуі себеп болып отыр.

Су – өмір нәрі. Мұнай, электр қуаты болмаса да өмір сүруге болады. Бірақ су болмаса, онда өмір тоқтайды. Адам ағзасының тоқсан пайызы судан тұрады. Адам су ішпей ары кетсе бірнеше күн ғана шыдай алады. Жалпы, тіршілік үшін маңызды элемент саналатын су тапшылығы уақыт өткен сайын анық сезіліп келеді. Қазіргі күні әлем халықтарының 1,1 миллиарды ауыз су тапшылығының зардабын тартуда. Ал, лас су ішудің салдарынан болған түрлі дерттерден жыл сайын әлемде 5,5 миллионнан астам адам қаза табады екен.  2025 жылға қарай адамзаттың үштен бір бөлігі, яғни, отыз пайыздан астамы су тапшылығын тартады, дейді ғалымдар.
Табиғат байлықтарын дұрыс пайдаланбаудың салдарынан өзен-көлдер тартылып, су қорлары ластануда. Өнеркәсіп орындарының қоқыс- қалдықтары өзен-көлдерді қойып, теңіздерге, тіпті, мұхит суына да құйылып жатқандығын айтып, жер-жерде дабыл қағылуда. Бірақ, соған қарамастан, су көздерін ластау оқиғалары азаймай отыр. «Судың да сұрауы бар» екендігін жұртшылықтың есіне салу мақсатында бір күнді арнайы суды қорғау күні ретінде жариялаған БҰҰ 2005-2015 жылдар аралығын «Су – өмір үшін» іс-қимылдар онжылдығы деп жариялаған болатын. Онжылдық аяқталды, бұл бағытта халықаралық деңгейде біраз шаруалар атқарылды, десе де, өмір нәрін сақтау бағытында әлі де қыруар істер жасалуы қажет.
Біздің елімізде де суды қорғау бағытындағы шаралар мақсатты жүргізіліп келеді. Арал теңізін құтқару үшін жасалған «Кіші Арал» жобасы, көктемдегі тасқыннан Сырдария өзені жағалауындағы елді мекендерді сақтау және суды ысырапсыз пайдалану мақсатында Көксарай су қоймасын салу сияқты жобалар осының айғағы. Елімізде «Сапалы су», кейінірек соның жалғасы түріндегі «Ақбұлақ» бағдарламалары қолға алынып, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.
Жыл өткен сайын күрделеніп бара жатқан, қазірдің өзінде әлемнің біраз елдерінде өзекті мәселеге айналып отырған су тапшылығын болдырмау, өмір нәрі саналатын өзен-көлдерімізді сақтау – адамзат баласының болашақ ұрпақ алдындағы үлкен міндеті. Бұл өзекті мәселені шешуге барша адамзат атсалысуы қажет.

Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар