Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Театр кеші тамсантты - АРҚА АЖАРЫ

Театр кеші тамсантты

Халықаралық театр күніне орай, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында мерекелік концерт  болып өтті. Аталмыш мәдени шара барысында театр қызметкерлері әртүрлі аталымдар бойынша марапатталып, ескерткіш сыйлықтарға ие болды.

 

Концерттің өн бойы тылсым сұлулыққа шомылып тұрғандай еді. Әдемі әзіл, қағытпа қалжың, әжуа-оспақ көрермендердің көңілдерін бір серпілтіп тастады. Актерлер әуелете ән де шырқап, би де биледі. Жақсылықтың жаршысы, мәдениетіміздің мәйегі саналатын театрдың әрбір қойылымын тамашалап, қандай да бір мәнді, мәдени шарасынан қалмауға тырысып, тұрақты көрермені болып жүрген өз басым осы жолы да театр өнерпаздарының қарым-қабілеттеріне тәнті болып қайттым. Концертті тамашалап отырып, талант тәңірдің берген сыйы екендігін ұғына түстім. Біздің облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртістері осындай зор талант иелері екендігі айқын. Киелі сахнаның құтын қашырмай, актерлерді де, режиссерлерді де ынталандырып отыратын осындай кештер қажет-ақ. Себебі, театр актерлері облысымыздан тыс жерде де үлкен абыройға ие. Қазіргі таңда театр труппасы шет елдерге барып өнерімізді паш етіп жүр. Мәселен, Мысырда, Қытай Халық Республикасында өнер көрсетіп, Мәскеулік және Украинаның беделді сахна шеберлері мен сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болған.    
Салтанатты шарада Ақмола облыстық мəдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева құттықтау лебізін білдіріп, «Жыл актері» аталымы бойынша драма актері Асланбек Шайсұлтановты марапаттаса, «Жыл актрисасы» аталымына   Апсалям Мейрамгүл лайық деп табылды. Кеш барысында Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жібек Бағысова «Көрермен көзайымы» атанған қос актерді, атап айтсақ, драма актрисасы Маржан Бөкешова мен драма актері Медет Хамзинді жеңістерімен құттықтап, арнайы ескерткіш сыйлық табыс етті. «Ең үздік шығармашылық қызметкер» атты абыройлы есім суретші-безендіруші Серік Тухбайға  бұйырса, «Театрдың үздік қызметкері» аталымы  Нұргүл Бөрібаеваға, «Театрға қосқан үлесі үшін» аталымына тігін цехының меңгерушісі Ботагөз Бекентаева ие болды.     
Әуезді ән шырқалып, шұғылалы би шалқыған өнер кеші  көрермендердің көңілінен шығып, театр ұжымын жігерлендіре түсті.  

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.
Суретте: концерттен көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар