аяулы ардагеріміз Бағдат Ахмедияқызының рухына
…Аузымызға өткен шақпен сөйлейтін сөз түскен кездерде кім-кімнің де көңіліне мұң ұялап, жанарына қимас сезімнің жасы үйірілері хақ. Өйткені, бір ғасырға жуық тарихы бар «Арқа ажары» газетінің бұрынғы бастауында тұрып, соның қызығы мен шыжығын көрген, біразымен қоян-қолтық араласа қызмет істегендердің қатары біртіндеп сиреп бара жатқан соң, көңілің осындай күйге бөленбесіне амалың қайсы! Мінекей, солардың бірі санатындағы Бағдат Ахмедияқызы Рысмұхамедованың өмірден озғанына да қырық күн толған шағында кеуде тұсымыздың ашып, алқымымызға өксік тығылып отырғандығы сондықтан.
Себебі, «Жүрмейді ертеңгіге бүгін еркің…» деп ақындар әсірелеп жырға қосса да, бүгін қайтып келмейтін кешегі уақыт өлшемін дөп басып айтқанындай, әріптесіміз Бағдат жайлы да енді ойымыздағыны өткен шақпен ортаға салуға мәжбүрміз. Амал қанша!.. Жыл сайын Журналистер мерекесі тойланатын күндерде: «Газеттің отымен кіріп, күлімен шыққандардың талайын көрдім. Бәрі де мен үшін бір-бір жауһар, бір-бір асыл тас. Оларды бір төбе деп білсем де, қазіргі «Арқа ажарында» еңбек еткен жылдарымда басшылық тізгінді қолына ұстаған сегіз редактормен қызметтес болғанымды мақтан етемін. Өйткені, олардың қай-қайсысы да қазақ халқының бетке ұстар зиялы тұлғаларының қатарынан болатын. Өмірімнің жарты ғасырға жуығы, қырық бес жылы өткен газет редакциясы асыл ұям, қимас шаңырағым болып кеткені содан», – деп сөз бастайтын.
Әсіресе, біздерге «әріптестерім» деп аузын толтыра айтатын, жүзі шырайланып, жанарына әйел затына тән шапағат нұрын құя қарайтын сәті ерекше әсер беретін. Оның бұлайша сөз бастауының жөні де бар-тұғын. Бейнелеп айтсақ, ол осы қара шаңырақтың табалдырығын бойжеткен қыз кезінде аттап, бұл ортадан отанасы, әже, үлкен әже атанып зейнетке шыққан жан еді. Тіпті, біреу білер, біреу білмес, редакцияда қызмет атқарған әйелдер қауымының ішінде ең бірінші болып, немере былай тұрсын, Темірлан есімді шөберемен ернін жібіткен де осы Бағдат Ахмедияқызы болатын. Әсіресе, немерелері Кәмила мен Аян десе, қоярға жаны бөлек еді.
Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Жалғызқұдық ауылының тумасы, Тайтөбе орта мектебінің түлегі Бағдат Ахмедияқызы әпкеміздің осыдан жарты ғасырдай бұрын, яғни, 1961 жылдың қоңыр күзінде редакцияның табалдырығынан имене аттаған өрімдей кезін көз алдымызға елестетсек, көзі жәудіреген киіктің лағын көргендей болатынымыз анық. Ол кезде облыстық басылым «Есіл правдасы» деп аталатын. Редакторы Ғ.Сәрсенбин еді. Міне, мектептен соңғы еңбек жолының алғашқы қадамын бастаған Бағдат әпкеміздің өмірдегі көші өзінің жаңылмайтын бағытын осылайша тапқан болатын. «Жүгері патшасы» атанған Никита Сергеевич Хрущевтің әмірімен Қазақстанның солтүстігіндегі астықты да құнарлы бес облыс жабылып, Тың өлкесі құрылған сұрқия саясаттың қандай болғанын да көзімен көргендердің бірі осы Бағдат Ахмедияқызы. Сол тұста өлкелік газетке редактор болып келген Сафаржан Хайдаровпен де қызметтес болған осы Бағдат әпкеміз.
Коммунистік партияның Орталық Комитеті басшыларының күн құрғатпай жиыннан жиын өткізіп, көпірме сөздерімен газет қызметкерлерін түн қатыратын кездерінің ауыртпалығы мен қиындығын тіпті, ауызбен айтып жеткізудің өзі мүмкін емес. Сондықтан, аптасына төрт бет болып бес рет шығатын газеттің қатесіз шығуын қадағалап, көз майларын тауыса сүзіп оқу қайдан оңай болсын. Кейде Мәскеуден, Алматыдан ерекше оқиғаларға байланысты басшылардың сөйлеген сөздері әдеттегі қалыпты газет беттерінің өлшеміне сыймай, алты бетке дейін көбейіп кететіні болады. Оған саны көп түзетулердің үсті-үстіне беріліп жататынын қоссаңыз, үй бетін көрудің өзі жайына қалатын.
Өйткені, мұндайда сақтық, ерекше қырағылық қажет. Материалдарды беттеу барысында жолдардың немесе тұтас азат жолдардың қалып қоюы, болмаса ауысып кетуі, сөздердегі әріптердің түсіп не қате жазылып кетуі сияқты жайлардың бәрі редакция қызметкерлері үшін қара суды теріс ағызғандай оқыс оқиға болып саналатын. Ал, осыларға жол бермеу корректорлар бюросындағылар үшін жауапкершілігі зор міндетке жататын. Ол тұстағы аға корректор Шөкен Жанғожиннен басқалардың бәрі – Рыстай Досанова, Кәбира Ережепова Бағдаттың өзіндей өрімдей жас қыздар болатын.
Әрине, уақыт өте келе табиғат заңына сәйкес өрімдей болып редакция босағасынан аттаған бұл қыздар да отау тігіп, шаңырақ көтерді. Бағдат Ахмедияқызы да «Целиноградсельмаш» зауытының озат жұмысшысы атанған Аманжол есімді азаматпен бас құрап, өмір көшін тіктеді. Бұдан соң таңнан қараңғылық түскенше бітпейтін редакцияның жұмысынан былай, атасы мен енесінің бабын келістіретін келін, бірінен соң бірі өмір есігін ашқан екі ұл, екі қыздың жағдайын ойлайтын ана, ерінің көңілін табатын адал жар атану әйел адамға қаншалықты салмақ салатыны айтпасақ та түсінікті.
Иә, Бағдат осындай қарбаласта асып-саспастан редакция қызметінің де, үй тұрмысының да ию-қиюын үйлестіре жүріп, жаңа орта, жаңа жерде көптеген қатарлас құрбыларды тапты. Тың өлкесі құрылғанда көршілес облыстардан біраз жас журналистер қызметке келсе, Алматыдан арнайы жолдамамен Қазақ мемлекеттік университетінің жас түлектері Рахия Нысанқызы, Октябрь Әлібеков, Жұмамұрат Тұяқбаев, Мәди Хасенов, кейінірек Болат Бабақов, Жомарт Әбдіхалық келді. Бұлар өзімен теңдес, жас жағынан шамалас болған соң құрбы-құрдастай бәрімен де жақсы тіл табысып, жарасып кетті.
1965 жылы Тың өлкесі таратылып, басылым енді «Коммунизм нұры» болып шыға бастағаннан оның басшылық тізгінін Әнуар Ипмағамбетов, Ибраһим Қапаров, Әмірғали Нүркішев, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық ұстады. Қалам ұстаған қыз-келіншектердің алдыңғы легінен Әлима Сақтағанованың да көзін көрген осы Бағдат әпкеміз.
Жоғарыда айтқанымыздай, осылайша Бағдат Ахмедияқызының 45 жылдан астам ғұмыры бір ғана редакцияда өтті. Екі ұрпақ ауысқан мерзім ішінде 8 редактормен қызметтес болған екен апайымыз.
Астана Ақмолаға ауысып, облыс орталығы Көкшетауға қоныс аударғанда жылы орнын суытпай, одан әрі де қара шаңырағы – «Арқа ажарында» қала берді. Сөйтіп, газет біржолата көгілдір Көкше төріне барып туын тіккенше, сол ортадан қол үзбеді. Ең кереметі де, қызығы да сол, редакцияның Елордадағы ұжымын Көкшетауға өзі бастап апарғанын, бас редактор Жабал Ерғалиұлы дастархан жайған шығыстың Наурыз мерекесін бірге өткізген сәттегі жадыраған жарқын жүзін де қалайша ұмытпақпыз?!
Зейнет демалысына шыққаннан кейін де әріптес әпкемізден қол үзгеніміз жоқ. Телефон арқылы хабарласып, тіпті, ара-тұра жүз көрісіп те тұрдық. Әрдайым «Жағдайым жақсы. Өздерің аман болыңдар», – дейтін баяғы мейірбан қалпынан жазбай. Соңғы кездерде сырқаттанып жүрсе де онысын сездірмеуге тырысатын. Осыдан төрт жыл бұрын, 2013 жылдың қаңтарында жұбайы Аманжолынан, одан соң үлкен ұлы Тұяғынан көз жазып, қара жердің қойнына тапсырғанымен, кейінгі Аманкелді, Бағлан, Айжанының тілеуін тілеп, соларды таяныш еткен асыл ана, ардақты әже Бағдат Ахмедияқызының өзіне де енді міне, «Жаратқан иеміз жәннаттың төрінен орын беріп, қабірін Құран нұрымен нұрландырсын! Артындағы ұрпақтарына береке-бірлік берсін, анасы көрмеген қызықты енді солар көрсін!» – дейміз амалсыз. Өйткені, Шығыстың жарық жұлдыздарының бірі де бірегейі Омар Хайям:
Өлімді неден қорқып жатсынамын,
Білемін о дүниенің жақсырағын.
Құдайдың аманатқа берген жанын,
Өзіне, мерзім жетсе, тапсырам ын, –
дегеніндей, тірі адамға мына жарық жалғанның дәм-тұзы бір таусылары хақ. Сондықтан, асыл да ардақты Бағдат апамыздың да 40 күндік дұғасында осы бір шумақ рубаятты алға тартып, өз-өзімізді, айналамызды да сұм ажалға Алла тағала сабыр қылсын деп жұбатудан басқа қолымыздан келер шара бар ма?!.
Өзіңізді ұмытпайтын
«Арқа ажары» газетінің ұжымы.