Жуырда «Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қалалық білім бөлімінің қолдауымен мәдениет сарайының қызметкерлері ұйымдастырған «Мисс әсемдік» байқауы болып өтті.
Байқауға облыс орталығындағы балабақшалардан бес жастағы бүлдіршіндер қатысты. Осылайша мәдениет сарайының сахнасында 16 кішкентай қыз өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл байқаудың басты мақсаты өміріміздің жалғасы – осы балаларымызды сахнада жүріп-тұруға, әдемі сөйлеуге, өз өнері мен білімін көрсете білуге тәрбиелеу болатын. Байқау өзін-өзі таныстыру, өз өнерін және сән үлгілерін көрсету сияқты үш кезеңнен тұрды. Сөйтіп, үміткерлердің бірі көрермендерді әнімен таңғалдырса, бірі мың бұралған биімен тәнті етті.
Осы байқауға біздің «Айналайын» балабақшасынан «Гүлдер» тобының тәрбиеленушісі Адина Жаралғасова да қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды. Осының арқасында талапты бүлдіршініміз ата-анасы Бақытжан Жаралғасұлы және Ажар Есләмбекқызына, өзін байқауға дайындаған музыка жетекшісі Рәмзия Маратқызы мен балабақша ұжымына зор қуаныш сыйлады.
Гүлден ҚОНАРБАЕВА,
«Айналайын» балабақшасының тәрбиешісі.
Көкшетау қаласы.