Щучинск-Бурабай курортты аймағында геологиялық ғылым және геологиялық парктер бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық бағдарламасының көшпелі семинары өткізіліп, Қазақстанда ЮНЕСКО-ның жаһандық геологиялық парктерін құру мүмкіндігі қарастырылды.
Семинар жұмысына облыс әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков қатысып, үш тілде құттықтау сөз сөйлеп, көрікті Бурабай өңіріне ізгі ниетпен келген меймандарға қазақ еліне деген ыстық ықыластары үшін ақмолалықтар алғысын жеткізді.
Семинарға келген облыстық әкімдіктің, ЮНЕСКО және ИСЕСКО-ның ісі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық комиссиясы, ЮНЕСКО-ның жаһандық геологиялық парктері бойынша ұлттық комитеті, ЮНЕСКО-ның және бірқатар қауымдастықтың өкілдері алдымен, өңіріміздегі қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін аралап көрді. Меймандар белгілі қолөнер шебері Шоқан Еламанов жасаған домбыра мен ағаш ыдыс-аяққа қызығушылық танытты. Сондай-ақ, көрме теріден, ағаш пен өзге де материалдардан жасалған бұйымдарға, әртүрлі суреттер мен өңіріміздің көне тарихынан тылсым сыр шертетін бұйымдарға толы болды. Меймандармен бірге көрнекті қазақ геологтары, жетекші ғалымдар, биологтар мен географтар, халықаралық ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтары қатысқан семинарды
ЮНЕСКО және ИСЕСКО ісі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әсел Өтегенова ағылшын тілінде жүргізіп отырды. – Бұл іс-шара тек Қазақстанның азаматтарына ғана емес, шетелдіктерге де біздің еліміз туралы көбірек танып білуге пайдасын тигізеді. Пайдалы қазбалар, геологиялық құрылымның ерекшеліктері мен жұмыстарын таныстыруға мүмкіндік береді. Бурабай қайталанбас табиғатымен және емдік қасиеті бар климатымен әлемге әйгілі болар еді. Ұлттық паркті жергілікті тұрғындар мен демалушылардың жан-жақты қолдау міндеті тұр. Бұл демалушыларды әлемдік және отандық мәдениетке жетелеп, салауатты өмір салтына дағдыландырады. Біз осының бәріне бірлесіп қол жеткіземіз деген сенімдемін, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Геологиялық ғылым және геологиялық парк-тер бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық бағдарламасының тұсаукесерін геологиялық ғылым және геологиялық парктер бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық бағдарламасының хатшысы Патрик Маккивер жасады. Ол өз сөзінде әлемдегі 119 геологиялық парк жергілікті тұрғындарға мол табыс әкелетінін, жаңа жұмыс орындарын ашатынын атап өтті. Көптеген геологиялық парктер тау-кен өндірісімен де айналысады. Бұл жөнінде Патрик Маккивер Қытай, Жапония, Англия, Германия, Ирландия тәрізді шетелдердің тәжірибесін мысал етті. Мәселен, Пекиннің музей түріндегі геологиялық паркі жергілікті тұрғындарға кіріс әкеледі екен. Түскен қаржы пайдалы қазбалардың иелеріне беріледі. Бұдан 3 жыл бұрын Уругвайда геологиялық парк ашылып, туристік орындар пайда болған. Пайдалы қазбаларға бай Қазақстанда да геологиялық парк болуы тиіс. Одан әрі бағдарлама хатшысы аталмыш паркті ашудың тәртібіне тоқталды. Семинар барысында облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов, «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің директоры Әліби Ғазиз, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Талғат Ыбыраев көрікті Көкше жерінің ерекшеліктері мен мүмкіндіктері жөнінде айтып берді. Бұдан кейін геологиялық ғылым және геологиялық парктер бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық бағдарламасының кеңесшісі Сурен Гевиниан геопарктердің жаһандық жүйесі жөнінде түсінік берді.
Бұл бастама, әсіресе ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында маңызды болып отыр. Сондай-ақ, Қазақстан-2050 Стратегиясын жүзеге асыруға ықпал етеді. Табиғи ресурстардың сарқылуы мәселесін де қарастырады. Экологиялық және геологиялық туризмнің дамуы біздің елдің шикізат өндіру экономикасының тәуелділігін біртіндеп азайтады. Сонымен қатар, халықаралық аренада Қазақстанның туристік имиджін жақсартуға мүмкіндік береді.
Рамазан Тілеуов.