«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Мемлекеттік Елтаңбаға қатысты ұлттық стандартта белгіленген талаптарды сақтау міндетті болып табылады.
Мемлекеттік Елтаңбаның дайындалуы күрделі шаруа, осыған байланысты ұлттық стандартты әзірлеуге егжей-тегжейлі қараған жөн, бұл ретте мамандардың тәжірибесі мен білімдерін пайдалану керек. Олар Мемлекеттік Елтаңбаның авторларының идеяларын бұрмаламай, оны техникалық тұрғыдан шешуге көңіл бөледі.
Осыған орай, ҚР СТ 989-2008 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Пішіні, өлшемдері мен техникалық талаптар» стандарттарын қайта қарауға арналған жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобының құрамына: Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасының авторы – Жандарбек Мәлібеков, сонымен бірге, құзыретті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің өкілдері, ҚР ИЖТМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің және оның ведомствоға бағынысты ұйымдары: «ҚазСтИн» РМК, «ҚазМетрИн» РМК, «ҰАО» ЖШС-і өкілдері және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан бизнес өкілдері, техникалық сарапшы ретінде мемлекеттік рәміздерді дайындаушылар кірді.
Жұмыс тобы ұлттық стандарттың бірінші редакциялық жобасын әзірледі. Аталған жоба техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның сайтында жарияланып, халықтық талқылаудан өтті.
Талқылау аяқталғаннан кейін 2014 жылдың 15 мамырында ҚР ИЖТМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Г.Дұғаловтың төрағалығымен ғылыми-техникалық комиссияның кеңейтілген мәжілісі болып, оған ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, ҚР Мәдениет министрлігінің өкілдері, мемлекеттік рәміздерді дайындаушылар қатысты. Мәжіліс қорытындысы бойынша ҚР СТ 989 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттары» ұлттық стандартының жобасын бекіту туралы шешім қабылданды.
Сонымен, 2014 жылдың 24 маусымында стандарттың жобасын мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия қарап, мақұлдады.
Жаңа стандартқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының өндірісін жақсартуға бағытталған мынадай өзгертулер енгізілді:
1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының түсіне қатысты талаптар қайта қаралды. ГОСТ 15527-2004 бо-йынша «Қысыммен өңделген мысты-мырышты (жездің) ерітінділері, маркалары» стандартталған Л-63 маркалы жездің түсін негізге алу қажеттігі қабылданды. Сонымен бірге, Л-63 маркалы жездің түстік жүйесінің текстурасы мен жылтырауын есепке ала отырып, Lab (77*4*31) халықаралық түстік жүйе моделінің өлшемдеріне сәйкестендірілді. Lab жүйесі барлық түсті сипаттай алады, кең көлемде түстерге ие және түсті анықтау құрылғыларымен (спектофотометр) үйлеседі. Бұл жаңашылдық стандартталған материалдың PANTONE металдар түстерінің каталогына қарағанда аса қолжетімді, сондай-ақ, PANTONE металл түстерінің каталогы жыл сайын қайта қаралып тұрады, бұл қолдану барысында ыңғайсыздық туғызады.
2. Шекті өлшемдер мен түстері өзгертілді, бұл бұйымды дайындау барысында белгілі бір көлемде қателіктер жіберуге болатындығына мүмкіндік береді, өйткені, бұйымның өлшемдері бойынша
абсолютті түрде барлығы бірдей
бұйымдарды жасап шығару мүмкін емес.
3. Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары өндірушілердің ұсыныстарын ескере отырып, конструкторлық сызбаларын қайта қарап шықты. Мемлекеттік Елтаңбаның барлық элементтері егжей-тегжейлі қаралып, элементтерді модельдеу үшін барлық қажетті өлшемдері келтірілді, 2008 жылғы редакция-да болмаған барлық құрама элементтерге қажеттілік туындаған соң атаулар берілді.
4. Стандартталған бақылау әдістері енгізілді, бұл өндірісті белгіленген параметрлер мен талаптар бойынша сынау жүргізуге мүмкіндік береді, сонымен бірге, даулы жағдайларда стандартқа сәйкестікті анықтауға көмектеседі.
5. Кем дегенде 3 жылға дейінгі пайдаланудың кепілді мерзімі енгізілді, бұл өндірушілерді сапалы тауар өндіруге міндеттейді.
Тағы бір өзекті мәселе бұрын шығарылған Мемлекеттік Елтаңбаларды ауыстыру.
Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму министрлігі мемлекеттік рәміздер жөніндегі мемлекеттік комиссиямен келісе отырып, жаңа стандартты енгізудің келесі моделін бекітті:
Біріншіден, ҚР СТ 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» 2015 жылдың
1 шілдесінен енгізеді, бұл өндірушілерге өндірісін жаңа стандартқа бейімдеуге берілген уақыт.
Екіншіден, ҚР СТ 989-2008 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Пішіні, өлшемдері және техникалық талаптар» ұлттық стандартын 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін бекітілген қолданудың мерзімі бар, ол 2015 жылдың 1 шілдесіне дайындалып, орнатылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбаларына қатысты таралады және бұрынғы үлгідегі Мемлекеттік Елтаңбаларды кезең-кезеңмен ауыстыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қорытындылай келгенде, Мемлекеттік Елтаңбаларды өндірушілердің барлығын қолданыстағы ұлттық стандарттардың талаптарын сақтауға шақырамын.
Нұрлан СЕЙДАЛИН,
Ақмола облысы бойынша
техникалық реттеу және
метрология департаментінің мемлекеттік бақылау жөніндегі
мемлекеттік инспекторы.