Қазақ халқы ұл-қызына ат қойғанда тереңнен ойланып, жақсылықпен астарлатып, келешегіне жол ашатын мағыналы сөзді іздейді. Біздің мақаламыздың кейіпкері Жеңіс Атайұлы Бөдешов өз есіміне өмірде толыққанды жауап беріп келе жатқан жан.
Жастықтың қуанышынан ерте айырылса да ол өмірден күдерін үзген жоқ. Қашан көрсең де жүзі жайдары, сәлемі мың ділдәға пара-пар келетін ізгі ниетті азамат. «Қызжібек пен Төлегеннің» жырын естіген кісілер ондағы: «Орамалы тұрады 500 жорға…» деген термеге тәнті болып қалатыны бар. Менің айтайын дегенім, Жеңіс сияқты көңілі ашық, жүзі жылы ел ағаларының сөзі де сондай салмақты әрі құнды. 20 жасқа жетпей ата-анасынан ерте айырылған жігіттің басынан өткендері, көрген мехнаттары аз емес. Бірақ, ол сынақтан сүрінбеді. Қайта қайсарланып, ағын суға қарсы жүзетін балықтар сияқты, соңына ерген іні-қарындастарына пана бола білді.
Әкесі Атай Кәрісмағұл мен анасы Айтжамал Қожанқызы жастары 50-ге толмай жатып бұл өмірмен қош айтысты. Жеті баланың үлкені Жеңіс өзінің бауырларына әке орнына әке, ана орнына ана болып қалды.
–Мен 17 жасымда әкем Атаймен Ерейментаудың Шәкей өңіріндегі Жаңатұрмыс 8 жылдық мектебінде ұстаздық қызмет ете бастадым, – деп еске алады ең бір мазасыз жастық күндерін ойына түсірген Жеңіс Бөдешов. – Бұдан енді ғана әсер алып, болашағыма үлкен үмітпен көз жүгірте бастаған кезімде бір жыл өтпей ауыр науқастан әкем, оның ізін ала аяулы анам бізді тастап кете барды. Соңдарында еңіреп 6 баламен мен қалдым. Сонда ең кіші бауырым енді ғана жасы 2-ге толып жатты. Сырқаты меңдей бастаған кезде Ұлы Отан соғысының ардагері Атай Кәрісмағұл үлкені Жеңістің маңдайынан сүйіп: «Мен олай-бұлай болып қалсам, мынау үйелмелі-сүйелмелі бауырларыңның басы шашылып кетпесін. Бұл саған Құдай алдында тапсырған аманатым!» деген еді.
Жеңіс қабырға қайыстырған ауыр соққыға өзінің тектілерден жалғасып келе жатқан өр мінезімен қарсы тұра білді. Ұлы бабасы Абылай ханның таңдаулы жаужүрек үзеңгілестерінің бірі – Үмбетей жырау. Заманында төреден де, батыр мен биден де беті қайтпаған кісі. Қазақ даласындағы жоңғар-қалмақ шапқыншылығының ауыртпалығын түгелдей көрген ол соңынан біздің тарихымызға алтын әріппен жазылған асыл мұра қалдыра білді.
Қазақтың маңдайына біткен дарабоз ұлдары: Абылай, Бұхар жырау, Қабанбай, Ақтамберді жырау мен Қанжығалы Бөгенбай батыр туралы ұзақ жырлардың шынайы иесі. Бұл кісінің хан мен қараның ортасындағы беделін тарихшыларымыз таңырқана айтып келеді.
Үмбетей жыраудың көзі тірі болған 5 баласының бірі Белденжаңадан тарайтын бұл әулеттің өзіндік бір келбеті бар. Тамыры терең бәйтеректің айналасы бара-бара ну тоғайға айналатын болса, ұлы жыраудың ұрпақтары да сондай табиғи мінез-жаратылыстарымен жан-жақты болып өсіп келеді.
Тауы шағылмаған жорық жырауы Үмбетейдің біз білетін ұрпақтарының бәрі өр мінезді, сөзге жүйрік, шетінен ақынжанды. Жеңістің де қаламының желі бар. Соның арқасында ол өзінің өмірлік жары Әлия Ақтайқызын кездестірді. Шаңырақтың ұйытқысына айналған екі жас 20-ға жетпей үлкен ордалы үйдің бала-шағасына бас-көз бола білді.
Қандай қиындық болмасын қазақта асып-сасуды білмейтін, жүрегі шімірікпейтін жігіттер аз емес. Жеңіс Атайұлы өмірінде бос белбеулікке салынған жоқ. Жан ауыртпалығын шараппен емдейтін көптеген замандастарымыз үшін бұл өмірлік сабақ. Қайта ол қанатын қомдаған бүркіттей, келешегін ойлап жоғары білімін алды, өзінің таңдаулы мамандығы бойынша еліне біраз еңбегін сіңіріп келеді.
Жұмыстан қол үзбей жүріп ол Қарағанды университетінің тарих факультетін бітіріп алды. Жаңатұрмыстың 8 жылдық мектебінде 5 жыл тапжылмай еңбек еткен жігіттің ісін аудандық оқу бөлімі де бағалады. Ол 1977 жылы Ерейментау ауданының Торғай орта мектебіне директорлыққа тағайындалады. Жұмысы сан қырлы, үнемі ізденісті талап ететін ұстаздық қызметтің жетегін ұстай жүріп ол аудандық мәслихаттың депутаты болып, күрмеуі күрделі кезеңде біраз жұмыстардың жүзеге асуына қолұшын берді.
Алғырлығы атадан дарыған Жеңіс Атайұлы Бөдешовтың 1994-1999 жылдары Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болғаны әлі көпшіліктің есінде. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай ақын айтқандай, оның қолынан оқып шыққан көптеген білімді шәкірттер ел тәуелсіздігінің тұрақтылығын нығайту жолында аянбай тер төгіп жүр. Жеңістің алған көптеген марапаттары ішінен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің орны ерекше. 2004 жылы берілген «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісінің де өте салмақты екеніне ешкім дауласпас.
Депутаттық міндеттің жеңіл болмайтынын біз еліміз тәуелсіздік алған жылдары анық аңғардық. Әсіресе, ұлттық мағынасы бар көше, жер, су, елді мекендер атаулары күрделі мәселе болып туындай бастағанда қарсылық көрсеткендер аз болмап еді. Бірақ, бұл жұмыстарды орындауға қайсар мінезді Жеңіс сияқты азаматтар білек сыбана кірісіп, даулы істерде өздерінің тектіліктерін, рухты мінездерін көрсете білді. Соның арқасында Ақмола өңірінің бірсыпыра аудандары өзінің бұрынғы қазақи атауларын қайтарып алды.
Ерейментау теміржол бойында орналасқан, халқы жол мехнатынан тарықпайтын ел. Бүгіндері бұл ауданға қатынайтын электропойыздардың санаты артқан. Мұның бәрі тәуелсіз елдің дамып келе жатқанының айғағы.
Осыдан 20 жыл бұрын, экономиканың тығырыққа тірелген шағында, «Ерейментау-Көкшетау» электропойызының жүрісі бір аптадай кідіріске ұшырағаны жұртты қатты қамықтырып еді. Мұның соңына шам алып түсіп, түйінін шешкен кісі осы Жеңіс бауырымыз болды.
Республикадан, Ақмола облысы мен Ерейментау ауданынан басылып шығатын газеттерді қалт жібермейтін кісі – Жеңіс Атайұлы Бөдешов. Беті сарғайған газеттердің тігінділерін тек соның үйінен ғана кездестіресіз. Өзінің жазған мақалалары да көп.
Тоқсаныншы жылдардың басында ол орысша атаумен таралып келген жергілікті газеттің «Ерейментау», «Ереймен» болуын талап еткен бірден-бір жан болды. Мұны қалай ұмытуға болады.
Бұл азаматтың әулеті бүгіндері бастарын ақ қар басқан асқаралы тауға ұқсайды. Өсіп жетілген бауырлары бәрі өз алдарына шаңырақ құрып, елден қалыспай еңбек етіп жатыр. Өзінің балалары да ұясынан баяғыда қанат қағып, талай елмен төс қағыстырып оларды мың жылдық құдаға айналдырды.
Әлия есімді асыл жары Жеңістің өмірлік серігі әрі сырласы болғанына біз де қуанамыз. Ақжарқын жандардың көрген бейнеттері көп болса да олар сыр бермейтін сирек сыралғы жандар. Сондықтан, ел арасында қадірлі әрі өнегесі көп жанұя басы.
–Ата-анам тұла бойы тұңғыштары болғасын және соғыстан кейінгі жағдайдың ауыртпалығын көп көргесін маған Жеңіс деп ат қойыпты, – дейді әңгімесін масайрата жалғастырған ол. – Бұл, қарап отырсам, олардың менің қайсар болып өсуіме, қиындыққа мойымауыма алдын ала берген жігер сөздері екен. Соның демі шығар, мен жолымнан жаңылмауға, бойкүйездікке салынбауға тырысып бақтым. Соңыма ерген бауырларым да ез болған жоқ. Сол мені қуантады.
Ата-бабаның аманаты – азаматқа үлкен сын. Одан сүрінбей өту үшін жігіттің бойында үлкен ерік күш болуы керек. Біз сол қасиеттерді бойына сіңіре білген, жасқануды, жалтаруды білмейтін, сөзге ұста тәлімгер әрі ұстаз Жеңіс Атайұлы Бөдешовтың өмірін көпшілікке үлгі-өнеге ретінде алға тартып отырмыз. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген мақалдың мағынасы терең. Алғыр азаматтарымыз небір қиын шақтарда сыр бермей, сол ерен істерінің жемісін, ел алдындағы құрметтерін талай-талай көрген. Солардың ізін басқан, 44 жылғы ұстаздық өтілі бар Жеңіс Атайұлының шығар биігі әлі алда деп ойлаймыз. Еңбегің еселі, шаңырағың берекелі болсын, қадірлі ел азаматы!
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Астана.