Адал еңбекті, қарапайым еңбек адамдарының ішіндегі өз бойындағы қажыр-қайратымен, ынта-жігерімен өзгеден қара үзіп алға шығатын ерен жүйріктерді қадірлей білу өте маңызды іс.
Біріншіден, бұл жан-тәнімен еңбек етіп, ел игілігін еселей түсуге мол үлес қосатындардың қадіріне жетіп, ардақтау болса, екіншіден, кейінгі жас толқынды еңбек ете білуге жұмылдыру болып табылар еді. Күні ертең белгілі бір кәсіптің иесі болып, Отан байлығына сүбелі үлес қоссаң, сенің де кескін-келбетің дәл осылай жарқырап, ел алдында абыройың биіктеп, атағың аспандар еді деген ишара.
Кешегі кеңес заманында облыс орталығындағы қалалық бақтың шетінде, ел аяғы көп жүретін көрнекті орында еңбек озаттарының суреттері, астына жазылған аты-жөндері, қол жеткізген көрсеткіштері жазулы тұратын. Оның ішінде кім жоқ дейсіз. Балбармақ сауыншы, құрыш қолды құрылысшы, құрығы құтты жылқышы, қаладағы зауыттарда әрқилы жұмыс істейтін жұмысшылар. Қызыға қарайтынбыз, қиялдайтынбыз. Біздің де өскіміз келген, дәл осылай жарқырап, жайнап тұрғымыз келген.
Кейін уақыт оза келе, әне бір «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен қысылтаяң уақытта осы бір әдемі дәстүр, жақсы жоралғыдан біржола айырылып қалдық. Еңбектің де қадірі қашты. Еңбек адамдары да дәл бұрынғыдай өлшеусіз атақ-абыройға бөленіп, көл-көсір құрметке бөлене алмай қалды. Мұны көрген жастар да қара жұмыстан бойларын ала қашып, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүріп, оп-оңай, кенеусіз байлыққа кезігеміз деп ойлай бас-тады. Бірақ, бақ-дәулеттің еңбекпен ғана келетін шарты бар екендігін ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Соңғы бірер жылдың бедерінде атаулы мереке сайын кеудесіне жарқыратып орден-медаль қадайтындардың басым көпшілігі облыстық, аудандық деңгейдегі басшылар. Қыл аяғы серіктестіктердің директорлары. Ел тізгінін ұстап жүрген, жасампаз жақсы істерге ұйытқы болып жүрген басшылардың еңбегін жоққа шығарудан аулақпыз, бірақ, ырыздықтың ұрығын қолмен себетіндер қарапайым еңбеккерлер емес пе?!.
Қараөткел мен Көкшетаудың даласында кешегі кеңес кезінде, одан соңғы тәуелсіздік тұғырын биіктеткен жиырма бес жылдың орайында жанкешті еңбек етіп, толайым табысқа жеткендер аз емес қой. Жас ұрпаққа үлгі, өміршең өнеге ретінде ерен еңбектің ерлерінің нұр дидарларын жарқыратып, қол жеткізген табыстарын қолмен қойғандай етіп әйгілеп жазып, мерейлерін үстем ететін Еңбек даңқы аллея-сын ұйымдастырсақ қалай болар еді. Осы шаруаға біздіңше, көп қаражаттың да қажеті жоқ. Суреті мен көрсеткіші жазылса, бар шығыны сол ғана ғой. Сөйтіп, облыс орталығындағы қысы-жазы халық көп жүретін орталықтағы орайы келген әдемі бір мүйіске ұйымдастыруға әбден болар еді. Біздіңше өнегенің өтімдісі – осы еңбек адамдарының аллеясы.
Р.S. Бұл орынды ұсынысты суретте бейнеленген ақмолалық данғайыр диқандар, талай еңбек жорығында топ жарып, алғы лектен көрінген Социалистік Еңбек Ерлері Тұрлыбек Әбілпейісов, Сартай Жұмағалиев және Есілбай Қадыралин сияқты абзал ағаларымыз да қуана қолдайтыны анық.
Байқал Байәділов.