Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Курортты аймақтың мүмкіндігі мол - АРҚА АЖАРЫ

Курортты аймақтың мүмкіндігі мол

Кеше облыс басшысы Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, бірқатар өндіріс орындарын, мәдени-әлеуметтік нысандарды аралап көрді және аудан активімен кездесіп, өңірдің болашақ даму бағытын айқындайтын  жаңа міндеттерді белгіледі.

Облыс әкімінің жұмыс сапары алдымен «Есіл-Агро» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасынан басталды. Серіктестік директоры  аймақ басшысына атқарылып жатқан жұмыс, болашақ жоспарлары жайында баяндап берді. Бүгінде тауарлы-сүт фермасында 1542 ірі қара бағылса, оның 535-і сауын сиыр. Өткен жылы серіктестік  3,6 миллион тонна сүт өндірген. Мұнда 40-қа тарта адам еңбек етеді.
Щучинск қазандық-механикалық зауыты – облысымыздағы іргелі кәсіпорындардың бірі. Облыс әкімі кәсіпорынның жұмысымен жан-жақты танысып, атқарылып жатқан істеріне және болашақ жоспарларына жіті көңіл бөлді. Жылына 212 қазандық шығара алатын қуаты бар кәсіпорын өткен жылы 154 қазандық шығарған, сөйтіп 428,4 миллион теңгенің өнімін өндірген. Өндіріс көлемінің кемуіне сұраныстың төмендеуі әсер етіпті. Осы орайда, кәсіпорын басшысы Марат Ахметов алдағы уақытта қуаттылығы жоғары қазандық шығаруға бағдар ұстап отырғандығын айтты. Ондай қазандықтарға нарықта сұраныс бар екен. Халықтың денсаулығын сақтауға елеулі үлесін қосып отырған жекеменшік денсаулық сақтау нысандарының арасында ауданда біршама уақыттан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Medicus» медицина орталығының шоқтығы биік. Орталықтың күн сайын екі жүзге тарта адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Екі қабатты ғимарат заман талабына сай медициналық құралдармен жарақталған. Облыс басшысы орталықты аралап көріп, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және оны ұқсату жайына жете көңіл бөлінгендігі белгілі. Ауданда өңдеуші сала, оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу біршама қарқынды дамып келеді. Облыс әкімі ат басын бұрған «ОСКО ет өңдеу кешені» серіктестігі 1995 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Өткен жылы 489,9 миллион теңгенің өнімін өндірсе, биылғы жылдың басынан бері  104,5 миллион теңгенің өнімін шығарған. Қазіргі күні кәсіпорында елуге тарта адам еңбек етеді.
«Есіл-Агро» серіктестігіне қарайтын тағы бір сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын – «Айна» сүт зауыты (суретте) бүгінде өз өнімдерін жергілікті сауда орындарына ғана емес, облыс орталығына және Елордаға да шығарады. Мұнда тәулігіне жиырма тонна сүт өңделіп, 18 түрлі сүт өнімдері шығарылады. Өткен жылы зауыт 262,1 миллион теңгенің өнімін өндіріпті.
Аймақ басшысы аудандық мәдениет үйінде болып, мәдениет саласындағы атқарылып жатқан істің жайымен танысты. 1959 жылы салынған үш қабатты ғимаратқа заман талабына сай жөндеу жүргізіліп, қажетті жабдықтармен жарақталған. Мәдениет үйінде түрлі мәдениет ұйымдары жұмыс істейді. Жалпы, ауданда бүгінгі күні 24 клубтық құрылымда 426 адам шығармашылықпен айналысуда, 7 халықтық өнер ұжымы бар.
Бұдан кейін облыс басшысы жаңадан салынып жатқан емхана құрылысын көрді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынып жатқан құрылысқа бес миллиард теңгедей қаржы қарастырылған. Қазіргі күні құрылыстың іргетасы құйылып, монолит қабырғалары көтерілуде. Емхана келесі жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Щучинскіде салынып жатқан республикалық шаңғы базасының құрылысының созылып кетуі жайында айтылып та, жазылып та жүр. Осы орайда, аймақ басшысы осы айтулы нысанның құрылысын өз көзімен көріп, атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен танысты. Жоба құны 37,3 миллиард теңге. 2006 жылы басталған құрылыс нысаны 2018 жылы аяқталады деп күтілуде. 145 гектар аумақты алып жатқан нысанның қазіргі дайындық деңгейі 90 пайыз шамасында. Қазір жасанды қарландыру және шаңғы жолына қажетті құрылғылар жеткізілген. Ішкі инженерлік желілерді орнату жұмыстары тоқсан пайыз деңгейінде атқарылған. Бүгінгі күні мұнда 250-дей адам жұмыс істеуде.
Бурабай курортты аймағын электр қуатымен жабдықтайтын «Санаторный» қосалқы стансасының жұмысымен танысқан аймақ басшысы одан әрі Бурабай кентіндегі Абылай ханның музейін көрді. Бір қабатты шағын ғимаратта орналасқан музейдің жәдігері көп. Өлкенің өткеніне қатысты көптеген құнды мұрағаттар сақталған. Осы қызметі курортты аймаққа демалуға келетіндерді еліміздің, осы өлкенің өткен тарихымен таныстыруға жарап тұр.  Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында ауданның активімен кездесіп, мәжіліс өткізді.
Онда өңірде атқарылып жатқан жұмыстар
сараланып, болашақ жұмыс бағдары пысықталды.  

Аслан Оспанов.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар