Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Облыста көктемгі су тасқынына байланысты жағдай күрделене түсті - АРҚА АЖАРЫ

Облыста көктемгі су тасқынына байланысты жағдай күрделене түсті

Өткен сенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин көктемгі су тасқынының күшеюіне байланысты шұғыл  түрде Атбасар мен Аршалы аудандарында болып, қайткенде де күрделі жағдайдың алдын алу және табиғат апатына жол бермеу  шараларын қарастырды.

Мазасыз күндер мен түндер

 

Өңір басшысына облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаев Атбасар қаласының іргесіндегі Жабай өзенінде қалыптасқан жағдай жөнінде баяндап берді. Жақын күндері бөгеттің бүйірін су тесе бастаған. Алғашында бұл жер инерттік материалдар толтырылған қаптармен бекітілген. Бұл амалдан ешқандай нәтиже шықпағандықтан, қосалқы котлован жасалды. Әзірше жағдай тұрақты. Бүгінгі таңда Атбасар ауданында су алған үйлер жоқ. 20 тұрғын үй қауіпті жерде орналасқан. 41 адамнан тұратын он екі отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Үй жануарлары бұрынырақ дайындалған қораларға апарылды. Су тасқыны шаралары аясында 16 құтқарушы және су сорғыш техника, елу көлік тартылған.
Бұл жұмыстарға жергілікті азаматтық қорғаныс қызметі, Атбасар қаласында орналасқан ұлттық гвардияның әскері, Көкшетау техникалық институтының курсанттары, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аудандық бөлімшесі, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, барлығы үш жүзден астам адам қатысуда. Облыс басшысы су тасқынына қарсы шараны жоғары ұйымдастырылған деңгейде өткізуді, барлық күш пен техниканы жұмылдыруды, жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Өткен жылы Атбасар қаласының іргесіндегі Жабай өзенінің жағалауына қашықтығы 9 шақырым бөгет тұрғызылғанын атап өткен жөн.
Бұдан кейін облыс әкімі Аршалы ауданында болып, су тасқынына қарсы ұйымдастырылған шараның жай-жапсарымен танысты. Бұл жөнінде Аршалы ауданының әкімі Азамат Тайжанов баяндады. Бүгінгі таңда аудан мен Жібек жолы ауылының маңында орналасқан
«Безымянный» бөгетіндегі жағдай тұрақты. Жібек жолы ауылында су алған тұрғын үйлер жоқ. Ауданда су тасқынына қарсы шара аясында 17 арнайы техника тартылды. Барлық селолық округтерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Су тасқынына қарсы шараға жергілікті азаматтық қорғаныс қызметі, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аудандық бөлімшесі, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, барлығы екі жүз елу адам қатысуда. Жібек жолы ауылына су тасқыны келген жағдайда зор дауысты радиотехника арқылы көшу жөнінде тұрғындарға хабар беру ұйымдастырылған. Новоалександровка мен Құтпанұлы атындағы орта мектептер базасында 2900 орындық қоныстану орындары дайындалды. Адамдарды тасымалдауға бес автобус дайын тұр. Аймақ басшысы жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды, қажет болған жағдайда тұрғындарды көшіруді, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды.

 

 

Өткен жексенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин көктемгі су тасқынының қаупі байқалып отырған Целиноград және Қорғалжын аудандарында болды.

 

Аймақ басшысы Целиноград ауданында Қосшы кентіндегі Преоброженск гидроторабында, сондай-ақ, Нұра өзенінің бойында орналасқан Ақмол, Оразақ, Рақымжан Қошқарбаев ауылдарында болды,–деп хабарлайды Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы.  
Целиноград ауданының әкімі Мәлгаждар Тәткеевтің айтуынша, қазіргі уақытта аудан бойынша жағдайды тұрақты деп сипаттауға болады.  Су алуы мүмкін аймақтарда орналасқан Қоянды, Қараөткел, Талапкер, Нұресіл ауылдық округтерінде осы жұмысқа тартылған ұйымдардың күшімен еріген қар суын сору жұмыстары қолға алынуда. Нұра өзенінде судың кідіріссіз өтуі үшін Ақмол ауылынан Тайтөбе ауылына дейін жару жұмыстары жүргізілген. Барлық ауылдық округтерде тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылуда.
Мәлік Мырзалин Целиноград ауданының әкімі М.Тәткеевке «Қазводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп, «Алва» лиманды суару жүйесі гидро-
торабы бөгетін қайта қалпына келтіру жөнінде ұсыныс беру, сондай-ақ, көлдете суарудың есебінен жемшөп базасын нығайтуды және суды Ақмол ауылының техникалық мақсаттары үшін одан әрі пайдалануға Жалаңаш көлін сумен толықтыруды тапсырды.
Ал, Кеңбидайық гидробекетінде болған кезінде Қорғалжын ауданының әкімі Қайыр Рыскелдиновқа елді мекендердің айналасындағы бөгеттерді қосымша нығайту тұрғысындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма берді.
Облыс әкімі көктемгі су тасқынының алдын алуға техниканың дайындығын қамтамасыз ету, барлық гидробекеттерде кезекшілікті күшейту, төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабқа ағымдағы істің жайын тәулік бойы хабарлап отыру қажеттігін атап көрсетті.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

 

 

 

Апат айтып келмейді

 

Кеше облыс әкімі Мәлік
Мырзалин Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Марат Күлдіковпен бірге Атбасар және Сандықтау аудандарындағы су алған аймақта болды, сондай-ақ, әуеден су тасқыны жағдайына шолу жасады.

 

Қос ауданда аймақ басшысы Жабай өзенінің деңгейін қарап көрді, су алған үйлерде болып, зардап шеккен тұрғындармен кездесті.
Қазіргі уақытта жоғарыда аталған екі ауданда 700 үйді су алған, су тасқыны аймағынан 2 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Мамандар көктемгі су тасқыны апатынан болған шығынды есептеп шығаруда. Атбасар және Сандықтау аудандарына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аймақ басшысы бірінші кезекте, адам шығынына жол бермеу мақсатында халықты дер мезгілінде апат аймағынан көшіру, барлық арнайы қызметтердің өзара үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз ету, тонау оқиғаларына жол бермеу, зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты көмек көрсету, су алған үйлердің, жолдар мен көпірлердің саны жөнінде нақты мәлімет беруді тапсырды.
Айта кету керек, биыл Жабай өзенінде көтерілген судың деңгейі 2014 жылдағыдан екі есе жоғары болып отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

 

Барлық күш жұмылдырылуда

 

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Манарбек Шапағатов  облыс-
та көктемгі су тасқынының орын алуы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Қолданылған шараларға  қарамастан, Атбасар, Астрахан, Сандықтау, Есіл және Зеренді аудандарында су тасқыны орын алған. Ең қиын жағдай Атбасар қаласында, Атбасар мен Сандықтау аудандарында қалыптасты. Жабай өзенінің арнасынан шығуынан тұрғын үйлер мен аулаларды су алды. Атбасар қаласында өткен сенбі күні бөгет бес рет бұзылып, төрт көшедегі 130 тұрғын үйге су кірді. Қаладағы №1 орта мектепті 20-80 сантиметр су алды. Шұғыл түрде су алған аумақтан 1340 адам көшірілді. 170 бас ірі қара мен ұсақ мал қауіпсіз аумаққа апарылды. Қазір су тасқынын бөгеу жұмысы жүргізілуде. Көкшетау-Атбасар бағытындағы жолдың үстінен су жүріп, ПАЗ автобусын жол шетіне шығарып тастаған. Автобус салонындағы 15 жолаушы аман. Су тасқыны басталғаннан бері жол арқылы еріген судың жүруі 40 рет тіркелді. Жабай, Сарқырама, Көтенқасқа өзендері мен Құмдыкөл суының көтерілуі салдарынан Балкашин, Сандықтау, Каменка, Новоникольск және Веселый селоларындағы 240 тұрғын үйді су алып, 570 адам, оның ішінде 117 бала және 160 бас мал қауіпсіз жерге көшірілді. Балкашин селосындағы көшірілгендер №1 орта мектеп пен қонақ үйлерге орналастырылды. Құтқару жұмыстарына 968 адам, 248 техника, 6 су сорғыш, 11 қайық және бір тікұшақ тартылған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

 

Арнаулы тілшіміз Ырысалды Шамшиева оқиға орнынан хабарлайды:

 

Қызыл су таң ата келген

 

Жексенбі күні тілсіз жау Сандықтау ауылының тұрғындарын дүрліктіріп, елді мекеннің елуге жуық үйін су шайып кетті. Төтенше жағдайлар департаменті мен су тасқынын алдын алуға жұмылдырылған жауапты қызметтер 120-дан астам тұрғынды уақытша басқа орындарға орналастырған. Судың бетін қайтару мақсатында мұзға жасалған жарылыстардан кейін жағдай тұрақталған.
Кеше өңірлік коммуникацияпар қызметі Жабай өзенінің жағасындағы тасқын су басқан Сандықтау ауылы тұрғындарының қазіргі жағдайымен танысу үшін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.
Жабай өзенінің су деңгейінің көтерілуі салдарынан Заречная көшесінің бойындағы үйлердің көбін су шайып кетіпті.  
– Бізге бір апта бұрын тиісті органдар су тасқыны қаупі орын алуы мүмкін деп хабарлады. Алайда, тұрғындар аса қатты қауіп төнбейді деп отыра бердік. Соның салдарынан елуге жуық үйді су алып кетті. Таңғы бестің шамасында келген топан судан есімізді жия алмай қалдық, қолыма бір құжат та алмаппын. Төтенше жағдай қызметі келгенде, бір жасар сәбиімді бауырыма басып, сыртқа шықтым. Үйдің іші бел ортасына дейін суға толды, енді күніміздің не болатыны белгісіз. Әзірге, қамқор болып, бізді үйлеріне алып жатқан ауылдастарыма алғыс білдіремін, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
2014 жылға қарағанда, ауылда су биыл көп көтерілген. Әдетте, жыл сайын 3,4 метрге дейін көтерілетін Жабай өзенінің деңгейі биыл 4,2 метрге дейін жеткен. Тасқынның салдарынан 127 адам шұғыл түрде уақытша баспаналарға орналастырылған. Судың мұншалықты жоғары көтерілуі ауыл тұрғындары соңғы қырық жылдың ішінде бірінші рет болып отырғандығын айтады.  
Тасқыннан кейінгі ауылдың ішін аралап келе жатып, шамамен 6-7 жасар баланың үйінің маңынан арық қазып жатқанын көрдім. Жақындап қасына барып едім, «үйімізге су кірмесін деп қазып жатырмын, әйтпесе әкем жұмыстан келгенше анам мен кішкентай інімнен айырылып қалсам, әкеме не дей-
мін? – деді ол. Әбден жүрегі шайлығып қалған сияқты.  
Ауылдың тұрғындары абыржулы. Бірақ, табиғи апат адам қолымен жасалмайтындықтан, алдымен сабырлылық керек.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар