М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы-журналист, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Халықаралық басылымдар бағдарламаларының мүшесі, аудармашы Ғосман Төлеғұлұлының шығармашылығына арналған әдеби кеш өткізді.
Кешті филиалдың төрағасы, ақын Серік Жетпісқалиев жүргізді. Бұл күні қаламгердің әріптестері, дос-жарандары мен оқырмандары автордың көркемсөздің тереңіне бойлатар туындыларымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие бола алды. «Қос қанатты Ғосман Төлеғұлұлы» деп аталатын кітап көрмесіне шолу жасаған кітапханашы Арайлым Даулыбаева
аудармашының әрбір кітабына жеке-жеке тоқталып өтті. Байқағанымыздай, Ғосман Төлеғұлының әр жылдары 32 ғылыми еңбегі жарыққа шыққан. Әдеби кеште өнертанушы, ақын-жыршы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жұмабай Есекеев жазушының кісілік келбеті мен журналистік шеберлігін шыңдаудағы ізденістеріне кеңінен тоқталып, ұлт руханиятына қосқан үлесі мен шығармашылығын атап өтсе, әдебиетші ғалым Аманжол Есмағұлов жазушының балалық шағынан естеліктер айтып, оның жастайынан өнерге, білімге құштарлығы мен еңбекқорлығын тілге тиек етті. Жазушы-аудармашы әр жылдары Мұхтар Мағауиннің «Азбука казахской истории», Қойшығара Салғараұлының «С думой о будущем страны», Қасым Тәукеновтің «Память… о времени, событиях, людях», Сауытбек Әбдірахмановтың «Календарь человечества», тағы басқа қазақ әдебиетінің айтулы өкілдерінің еңбектерін орыс тіліне тәржімалаған. Шежіреші Мұсатай Ғалым мен мәдениет жанашыры Мұрат қажы Ыдырысов жазушының шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау керектігін баса айтты.
Кеш соңында Қорғанбек Аманжол, Сайлау Байбосын, Ахмет Кендербекұлы сияқты танымал ақындардың Ғосман Төлеғұлұлына арнап жазған жүрекжарды жыр шумақтары оқылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.