Саналы ғұмырында бар күш-жігерін елі үшін жұмсап, өзгелердің сый-құрметіне бөленген азаматтар еліміздің әр қиырында баршылық. Солардың бірі де бірегейі Қайреден Кәрібайұлы Кәрібаев 1936 жылы 18 сәуірде Астрахан ауданындағы Өндіріс ауылында дүниеге келген.
Кәрібай атамыздың отбасы біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, жұрт қатарлы бейбіт өмір сүріп жатты. Әкенің құшағында, ананың бауырында болудан артық қандай бақыт болушы еді. Бірақ, Қайреден үшін балалықтың қызығы көпке бармады.
Ұлы Отан соғысы басталып, әкесі Кәрібай жаутаңдаған төрт баласының маңдайынан иіскеп, қимас көңілмен майданға аттанды. Сол балалар екі көзі төрт болып майдан жаққа қарағанымен, әке қайтып оралмады, қара жамылған өзге шаңырақтармен бірге бұлар да «қара қағаз» алды. Жүрекке шер толды, үміт үзілді. Бес жасында әкеден айырылған Қайреден ағамыз анасы мен апасы Айшаға серік болып, бұғанасы қатпай еңбекке араласты. Осы қиын уақытта бір қарындасы мен інісінен тағы айырылды.
Иә, тағдыр ағамызды еркелеткен жоқ, қыспаққа да алды, тәлкекке де салды. «Көппен көрген ұлы той» демекші, сары-
ауыз баланың сағын ешкім сындыра алмады. Ауылда досы екеуі шаруашылықтың бір отар қойын бақты, ауыл балаларымен бірге егістіктің арам шөбін отауға барды. Сөйтіп жүріп мектепті үздік бітіріп, Толқынкөл орта мектебіндегі интернатта тәрбиеші болып жұмысқа орналасты.
Жоғары өрлеу де, алғашқы баспалдақ та осы мектептен басталды. Одан әрі әр жылдары Астрахан аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, «Путь к коммунизму» совхозындағы Өндіріс бөлімшесінің басқарушысы, «Образцовый» совхозы партия ұйымының хатшысы, «Жарсуат» совхозының директоры болып істеп, көп кешікпей партия, кеңес қызметтеріне жоғарылатылды. Ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік қасиетін Астрахан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Макин аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Теңіз және Атбасар аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған кезінде айқын дәлелдеді.
Қайреден ағамыз Атбасар ауданында 1985 жылғы қаңтардан 1989 жылғы қыркүйек айына дейін партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған уақытында қыруар жұмыстар істелді. Ең бірінші қолға алғаны аудандағы мал шаруашылығын дамыту болды. Осыған орай, 1985 жылы желтоқсан айында Ресейдің Омск облысына қой шаруашылығы мен сүт шаруашылығы басшылары мен мамандарының іссапарында ондағы шаруашылықтардың озық тәжірибесімен танысып қайтты. Сапар барысында озық тәжірибемен қатар, ұжымдық мердігерлік пен чек жүйесінің қолданылуының қалай іске асырылатынымен де танысты. Нәтижесі көп күттірген жоқ. Ауданда мал шаруашылығы қарқынды дамыды. 1987 жылдан бастап қой шаруашылығы саласында үлкен жұмыстар атқарылды. Қой басын бордақылау алаңдары іске қосылып, мал азығын қалдықсыз, тиімді пайдалану үшін жемшөп цехтары іске қосылды. Соның арқасында үкіметке тапсырылған қойдың жоғары қондылығы 75-78 пайызға дейін артты.
Қайреден Кәрібайұлы сонымен қатар, сүт өндіру саласына да көп көңіл бөлді. Ауданға Белоруссия елінен 8 мың бас сүтті қашарларды алдыртып, сүт өндіретін шаруашылықтарға бөліп берді. Нәтижесінде үш мыңдық сауыншылар қатары көбейді. Аудан үкіметке сүт тапсыру көрсеткішін 34 мың тоннаға дейін жеткізді. Сүт өнімі 20 пайызға артты. Осы ауданда қызмет атқарған жылдары ірі қара мал саны 29 пайызға, қой 11 пайызға, жылқы 18 пайызға, шошқа 30 пайызға өсті.
Ағамыздың қолдауымен өнеркәсіп саласында қосалқы шаруашылықтар құрумен айналысу қарқынды жүргізілді. Атап айтқанда, Атбасар астық өнімдері комбинаты әрбір жұмысшысына жылына 222 литр сүт пен 66 килограмм ет өнімдерін сатып тұрды. Комбинатта тәулігіне 150 килограмм өнім шығаратын шұжық цехы жұмыс істеді. Сонымен қатар, мұнда шипалы балшық орны мен емхана, жиһаз цехы, наубайхана, дүкендер жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетті.
Он екінші бесжылдықта ауданда құрылыс саласы қарқынды дамыды. 1987-1991 жылдардағы «Тұрғын үй» бағдарламасының орындалуы қатаң бақылауда болды. Сөйтіп, жылына 38-40 мың шаршы метр үй алаңы пайдалануға беріліп отырды. Аудан орталығы Атбасар қаласында көп пәтерлі үйлер салынды. Жыл сайын совхоздар мен колхоздарда кем дегенде екі пәтерлі 8-10 үй салынып, халық мұқтажы өтеле түсті. Әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөлінгенін айта кету керек.
Қалада 584 орындық жаңа орта мектеп, №№1, 4 орта мектептерге жалғастырыла құлағы мүкіс балаларға арналған мектептер салынды. 320 орындық балабақша, Тимашевка мен Ново Мариновка елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория, темір-бетон конструкциялары зауытының аумағында тұрмыстық жөндеу ғимараты, қаланың ортасында тұрмыстық қызмет көрсететін салон мен қымызхана бой көтерді. Аудандық аурухана жанынан 80 орындық балалар бөлімшесі мен әйелдер босанатын ғимарат пайдалануға берілді. Ауданда тәлімгерлер кеңесі құрылып, жыл сайын атқарған жұмыстарын қорытындылап отырды.
Іздене білсе, басшының жұмыс стилі мен әдісі сан салалы ғой. Ағамыздың өзіне тән ерекшелігі – қабылданған қаулы-қарарлардың орындалуын өзі қадағалайтын. Әсіресе, ауданның идеология, партия комиссиясы мен халықтық бақылау комитеті жұмыстарын ерекше назарда ұстады.
Сонымен қатар, жастарға зор көңіл бөліп, олардың патриоттық сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында Жеңіс паркін қалпына келтіріп, 1987 жылы парктің ортасына Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға ескерткіш орнатқызды. Ескерткіштің авторлары мәскеулік архитекторлар А.Шлыков пен Н.Свиридовтар қазан айында өздеріне жүктелген шаруаны ойдағыдай, толығымен орындап шықты.
Адам ең әуелі рухани жағынан өспейінше, ойының тұсаулы, жігерінің құм боларын ерте түсінді ағамыз. Қазақтың қанатты сөздеріне құлақ түріп, салт-санасы мен әдет-ғұрпына ұдайы ден қоюы, ән-күйіне етене жақын болуы оның ғұмырына сарқылмас азық болды десек, асыра айтқандық емес. Қайрекеңнің бойындағы әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған өткірлік пен кішіпейілдік, қарапайымдылық пен іскерлік қасиеттеріне кейін өмірлік тәжірибесі келіп қосылды. Новоишим ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, зоотехник, өндірістен қол үзбей Ақмола ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, ғалым-агроном мамандықтарын алуы ағамыздың ой-өрісі мен біліктілігін, интеллектілік білім қарымын кеңейте түсті.
Ол кісінің бойындағы тағы бір ерекшелікті айта кеткен орынды болар. Адамдармен жылы қарым-қатынасы, ұжым арасындағы аралас-құраластық та сөз жоқ, Қайрекеңдей азаматты ажарландыра түсті. Басқа аудандарға қарағанда, біздің Атбасар өңірі үлкенді-кішілі оқиғаларға толы болды. Ауданға кім келіп, кім кетпеді дейсің. Сөйтсе де, мұның жағымсыз жақтарымен бірге, оң істері де аз болған жоқ, әр ұлт өкілдерінен тұратын білгір де іскер қадрлар шоғыры пайда болды. Олар жергілікті кадрларды даярлап шығаруға едәуір ықпал етті.
Өзінен басқаны елемейтін, таныла бастаған жас болса, етегінен тартатын, оны өсіруді жаны қаламайтын басшылар сол дәуірде аз болған жоқ. Ал, ағамыз Қайреден Кәрібайұлы олай етпеді. Жас мамандарды іскерлігі мен қабілеттеріне қарап, ұжым басшылығына жоғарылатып отырды. Атап айтқанда, Г.Гусейнов, Б.Қасенов, А.Шнайдер, О.Саханов, Е.Молдашевты кеңшарларға басшы етіп тағайындады. Осындай қолынан іс келетін азаматтардың өсіп, елге танылуына ағамыздың тигізген шарапатының мол болғаны анық.
Өзі де қарапайым еңбек адамынан Целиноград облыстық атқару комитетінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы саласының ірі ұйымдастырушысы деңгейіне көтеріліп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған үлкен отбасының иесі болды. Атақ-даңқы ешбір адамнан кем соқпады. Аудандық, облыстық партия комитеттерінің, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, СОКП XXVIII съезінің делегаты, аудандық, облыстық, Кеңестер мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше мәрте депутаты болып сайлануы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордені, «Құрмет Белгісі» орденімен, Республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, бірнеше медальдармен марапатталуы ел үшін қырық жылға тарта аянбай еңбек еткен ардақты азаматтың сомдалған кескін-келбеті мен кісілік ажарын аша түспей ме?!.
Ағамыздың көпшіл екенін де естіп, көріп жүрдік. Өз ұлтын қалай ардақтаса, басқа ұлттардың өкілдерін де сондай құрмет тұтты. Оның аралас-құралас болған жора-жолдастарының ішінде орыс, украин, неміс, әзірбайжан, беларус, татар, басқалары да болды. Сондықтан, туған елінің көгінде жұлдызы сөз жоқ, мәңгі жарқырай бермекші.
Бағдат БОРҰМБАЕВ,
Атбасар аудандық мәслихатының хатшысы,
Бақытжан ЖӘКЕНОВ,
еңбек ардагері, бұрынғы аудандық ауыл шаруашылығы
басқармасы басшысының орынбасары.
Суретте: сол жақтан ерлі-зайыпты Роза және Қайреден Кәрібаевтар, Бағдат Борұмбаев, Сайлаубек Байболов.