Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сөздің әділін айтқанда - АРҚА АЖАРЫ

Сөздің әділін айтқанда

 

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи еңбегі ел талқылауына түсіп жатқанына бір жұмадан астам уақыт өтті.

 

Елімізге тәуелсіздік бақыты қонған күндерден бастап, билік тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы басты құндылығымызды қызғыштай қорғап, жан тәнімен ерен еңбек етіп, көреген көсемдігімен көш бастап келе жатқанының біздер, аға буын өкілдері нақты куәгері болып келеміз.  Тоталитарлық жүйенің жұртында қалмай, жанталаса алға ұмтылған кезде «алдымен экономика, содан соң саясат»,–деген ұранмен қауқарсыз қалған қазынамызды қажетті деңгейлерге келтіру ең бірінші мәселеміз болған еді. Соның бәрін еңсере отырып, тарих үшін аз ғана жылдар ішінде алдыңғы қатарлы елдер дәрежесіне көтеріліп, еңкейген еңсемізді қалай тіктегеніміз бүкіл әлемге аян.
Ұлт болып, мемлекет болып қалыптасу жолында Президентіміздің бастамасымен киелі жер-су атаулары қалыпқа келтіріліп, тарихи-мәдени мұраларымыз, тіліміз, дініміз, діліміз, салт-дәстүрлеріміз ескеріліп, шекарамыз бекіп, бұрын аттарын атауға болмайтын батыр-бағландарымыздың есімі жарыққа шығып, жаңарып-түлей түскеніміз қандай бақыт десеңізші. Алмағайып заманның жаһандану ырқына жұтынып кетпеу үшін Нұрсұлтан Әбішұлының өркендеуіміз бен өрге басуымыз жолындағы, өлшеусіз еңбегінің өзінің мәуелі жемісін бергені қазір айқын дәлелденіп отыр. Бағдарламалық мақаланың әрбір сөзінде терең ой мен астар жатқанын білу үшін мақаланы бір емес, бірнеше рет оқып түсінуге тура келеді. Мысалы, «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс»,–дейді Елбасы. Ол дегеніміз, ендігі жерде сана-сезіміміз, дүниетанымымыз, жаңа заман ағымына сай, рухани жағынан жаңғыруы шарт. Ол ең алдымен баяғыдан айтылып келе жатқан нақыл сөз «заманның озығын алып, тозығын тастау керек» дегенге саяды. Бұл жолда әр адам өзін-өзі тәрбиелеуі керек.
Әсіресе, біздің ұлтымыздың теріс қылықтары өзімшілдік, өркөкіректік, күншілдік, көреалмастық, арызқойлық, жемқорлық десек, оның орнына елді, жерді, адамды сүю, халқымыздың бай салт-дәстүрлерін жалғастырып, ұлттық құндылықтарымызды қорғап, дамыту, жас-тарымыз үшін үлкенді сыйлау, отбасында сүйіспеншілікке берік болып, көргенсіздікке жол бермеу басты өлшем болса керек. Жат ағымдарға ермеу, өз ұлтыңды, өз жұртыңды қадірлеп, қастерлеу, ұлтаралық қатынасқа сызат түсірмеуді әрдайым естен шығармау осы рухани жаңғырудың төте жолы. Ысырапшылдыққа, астамшылыққа жол бермеу, онымен үзілді-кесілді күресу, «көрпеңе қарай көсіл»,–деген ата-бабадан қалған қағиданы берік ұстану да бүгінгі таңда осыған әбден бойы үйреніп алған ұлтымыз үшін аса қажет жағдайлардың бірі.
 Сол сияқты, тұрақты дамуымыз бен санамыздың салиқалы жаңғыруын арттыратын мүмкіндік – ол жеке адамдарды былай қойғанда, тұтас елдің шығаратын өнімдерінің бәсекелестік қабілетін арттыру болып табылады. Ол үшін аса сауатты болуымыз шарт, шет тілдерін еркін меңгеріп, компьютерлік, әлемдік ғылым, білім кілттерін игеруіміз бүгінгі күннің талабы екеніне көз жеткізуіміз керек. Сайып келгенде, бай да бақуатты болуымыздың негізі білім мен еңбекте жатқанын, білім әрдайым бірінші орында тұруы керек екенін ұғыну өте маңызды.
Осы тарихи құжаттың бесінші тақырыпшасындағы Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы хақында өз пікірін Н.Ә.Назарбаев халқымызға соқырға таяқ ұстатқандай етіп, қарапайым түсінікті мысалдармен жіті баяндап, түсіндіріп беруіне қалай риза болмассыз. Расын айтсақ, осы азды-көпті өмірімізде табиғи дамуды тәрк етіп, күшпен, зорлықпен енгізген дүниелердің бәрі де көз алдымызда күйрегенінің куәсі болдық қой.  Қысқасы, біздің айтайық дегеніміз, Қазақстанның озық дамыған отыз елдің қатарына қысқа мерзімде қосылуына зор ықпалын тигізетін бұл құжат дер кезінде, дәл керек уағында жарық көруі баршамызды да қуанышқа бөлейді.  Құжатта атап көрсетілген тіл мәселелері, латын әрпіне көшу, сананың ашықтығын айқындайтын жайлар, таяу жылдардағы алға қойылған міндеттердің бәрі де орындалатынына кәміл сенімдеміз.
Зымыраған уақыт, заман, эволюциялық дамудың небір ерекшеліктеріне көзімізді Елбасының өзі жеткізе түседі. Бір кездері Президентіміз мемлекеттік тіл жайлы толғанғанда:
«Қазақтар, алдымен өздері отбасында бір-бірімен қазақша сөйлессінші»–деген еді. Енді үш тұғырлы тіл өмірімізге дендеп ене бастағанда, 3-4 жастағы сәбилердің өзі компьютерді, ұялы телефонды шұқылап, ешкім үйретпей-ақ керегін тауып алып жатқанда заманның беталысын өзіміз көріп отырмыз ғой. Демек әр нәрсенің өз уағы, өз дамуы бар. Осы мақаланы оқып, түсіну барысында көптеген мәселелерге көзіміз жетіп, дамудың жаңа белестеріне өту барысында кемістіктерімізді кемелділікке, жетістіктерімізді баяндылыққа ұштастыра түсуіміз қажет екенін ұғындық. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, соңғы кездері біздің аудан, ауыл басшылары мен мәслихат депутаттарының енжарлығынан жер-су, елді мекендеріміз атауларының тарихи, ұлттық қалпына келіп, жаңаруы, мәдени-тарихи ескерткіштер мен қасиетті жеріміздің құндылықтарын сақтап,
насихаттау жұмыстары өте бәсеңсіп, тіпті, кейбір жерлерде қолға алынбай қалғандығы өтірік емес. Осы тұрғыда бізге мәлім болған жаһидтер, кейінгі кездерде билік басына келген жастарымыздың көбінің білімдері таяз, ортақол бола тұра, іздену, зерттеу, өз-өздерін жетілдіру, тарихи деректерді саралау, көне көздермен сұхбаттасу сияқты мәселелерге барғысы келмей, тек даяр деректермен шектелетіндігі.
Кезінде ешбір ономастика комиссиясының шешімінсіз-ақ, қара құрттай қаптап шыға келген жөнсіз көше атаулары мен елді мекен аттары әлі де самсап тұрғандығы жасырын емес. Меніңше, ешбір мағынаға ие емес, революциялық жолмен жамырап кеткен сол жөнсіз олқылықтарды дәл солай айналымнан шығарудың төте жолдарын қарастырған жөн болар ма еді деп те ойлайсың кейде.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында біраз жаңалықтар осы тұрғыда болар деген ниетте едік. Өкінішке орай, кейбір аудандарда тіпті, шыбық басын сындырарлықтай іс атқарылмағандығын қалай түсінуге болады?! Келмеске кеткен кеңестік саясатты
насихаттайтын жеке адамдардың  іс-әрекеттері қаншалықты заңды, не заңсыз екендіктерін ашық айтудың не айыбы бар?! Мысалы, Көкшетау қаласының дәл ортасындағы Потанин көшесінің бойындағы жекеменшік ғимарат алдында тұрған кешегі күнкөсем Ленин бейнесінің мойнында галстугі бар өзге ұлттың жас баласына қолымен нұсқап, «мынау жердің иесі сендерсіңдер»,–дегендей пиғылды білдіріп тұрғанына 10-15 жылдың жүзі болды.
«Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» – демекші, сөйлер сөз көп қой, бірақ, нақты іске кірісу кезегі де енді келген сияқты. Сондықтан, түптеп келгенде, халқымыздың, еліміздің ізгі мұраттарын алға апарар жастарымыз осынау болашақтың кемелді бағдарламасын батыл жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ететіндеріне біз, аға ұрпақ өкілдері сенеміз, әрі соны тілейміз.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
еңбек ардагері, ақын,
Еңбекшілдер ауданының
құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар