Айтып келмейтін апат облысымызға көп қиындықтар алып келді. 12 аудан су тасқынының зардабын тартса, Атбасар мен Сандықтау аудандарының біраз елді мекендері су астында қалып, тұрғындар өте зор ауыртпалықтарға тап болды.
Адамның адамгершілік қасиеті осындай басқа іс түскен қиын шақта сыналмақ. Қуанарлығы, облысымызда қиналғандарға қол ұшын беруге дайын қайырымды жандар аз емес. Апаттың алдын болжау мүмкін емес. Осыған орай, облыста, әр ауданда төтенше жағдайлар бола қалған күнде пайдаланатын бюджет қаржысы қарастырылады. Бұл қаржы табиғат апаты орын алған жағдайда оның салдарын жедел жоюға жұмсалады. Дәл осындай табиғат апаты қысып тұрған қиын шақта кейбір ақпарат құралдары тарапынан «Ақмола облысында апаттың салдарын жоюға арналған қаржы қоры таусылыпты» деген мазмұндағы хабарды есту жанға батады. Осындайда ондай алып-жұлған хабарлардың авторларына бюджетте мұндай қаржы болмаған күнде де, апат зардабын тартқандар тағдыр талқысында қалмайтынын айтқың-ақ келеді.
Су тасқыны орын алған алғашқы күннен бастап құзырлы органдар қиындыққа тап болған тұрғындарға қолдан келгенше көмектерін көрсетіп, адамдарды қауіпсіз жерге орналастырудан бастап, жататын орынмен, жылы киіммен, ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Апаттың алдын алу және салдарын жою бағытында ауқымды шаруалар атқарылуда. Облысымыздың әр өңірінен қажетті техника тартылып, атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар, полиция, денсаулық сақтау қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеуде. Оған қоса, адам тағдырына бейжай қарай алмайтын қарапайым тұрғындар да қолдан келген көмектерін аянбауда.
Балалар мінген автобусты су алып кеткен оқиғаны алып қарайықшы. Осыны көрген төтенше жағдайлар қызметінің, прокуратураның өкілдері мен қарапайым тұрғындар бірден көмекке асығып, оқушыларды құтқарып қалды. Сандықтау ауданында орын алған бұл оқиға адамдардың қиын сәтте қол ұшын беруге қашанда әзір екендігін анық көрсетіп бергендей болды.
Біз жастарымызды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуіміз қажет дегенді жиі айтып жатамыз. Жоғарыда аталған оқиға жас-тар бойында отансүйгіштік қасиеттің қаншалықты мол екендігін анық дәлелдемей ме. Біздің журналистеріміз жазатын нағыз тамаша тақырып осы емес пе. Осы арада мына жайды айта кеткім келеді, қазіргі күні табиғат апаты келтірген зардаптардың мөлшерін есептеу жөніндегі комиссиялар толыққанды жұмыс жүргізуде, сонымен бірге, облысымыздың барлық аудандарында жедел алдын алу штабтары жұмыс істеп жатыр. Тасқын зардабын шеккендерге «Нұр Отан» партиясынан бастап, еліміздің басқа да қоғамдық-саяси ұйымдары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, іскер әйелдер қауымдастығы, түрлі қорлар мен жеке азаматтар көмек көрсетуде. Ондай көрсетілген көмектің қатарында азық-түлік, жылы киім, дәрі-дәрмек, тіпті үй жиһаздарына дейін бар.
Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары да сырт қалмай көмек беріп жатыр. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева зардап шеккендерге беретін көмекті өз қолымен таратты. Мәдениет және спорт министрлігі, мемлекеттік басқару академиясы, Президенттің іс басқармасы, басқа да мемлекеттік органдарға, қиын сәтте сырт қалмаған қайырымды жандарға айтар алғысымыз шексіз.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек жөніндегі арнайы есеп-шот ашты. Оған кез-келген адам ерікті түрде ақша аударуына болады. Түскен қаржы зардап шеккендерге көмекке жұмсалады.
Табиғат апаты келтірген залалдың мөлшерін есептеп шығару жұмысы аяқталған соң тұрғындардың өтініштеріне орай, «Бюджет туралы» заңға сәйкес жәрдемақы мәселесі де шешілетін болады. Ондаған отбасылардың баспанасыз қалғандығын, басқа да көп зардаптарға ұшырағандығын біз жақсы білеміз. Олар өз қайғыларымен жалғыз емес, барша қазақстандықтар қолдау көрсетуде. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында ұлтаралық татулық пен келісімнің үлгісі болып отырған біздің елімізде ешкім де қамқорлықтан тыс қалмайды деген ойдамын. Біз бәріміз де табиғат апаты салдарынан келген шығынның орнын толтыруға қол ұшын беретін боламыз.
Ғалымбек БАЙМЫШЕВ,
Сандықтау орман шаруашылығының директоры,
облыстық мәслихаттың депутаты.