Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үш ұлттың дәстүрін ұстанған отбасы - АРҚА АЖАРЫ

Үш ұлттың дәстүрін ұстанған отбасы

Ғұмырының жарты ғасырдан астамын денсаулық сақтау саласына арнаған облыстық балалар ауруханасының дәрігері Анатолий Ванның отбасында қазақ, орыс және қытай халықтарының әдет-ғұрыптары тоғысқан.

 

Медицина саласында жарты ғасырдан астам тәжірибесі бар Анатолий Ванды ақмолалықтар жақсы біледі. Өңірдегі балалар реанимациясының негізін қалаушылардың бірі ол балалар жан сақтау бөлімінде 30 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Дәрігердің шын есімі Ван Чжао Юй екенін кейде өзі ұмытып кететіні жайында әзілдеп қояды.
Анатолий Иванович Қытайдың Харбин қаласында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Ата-анасының арнайы білімі, сауаты болмаса да, өздерінің бес қыз бен төрт ұлын оқытып, жеткізген. Туған балаларынан бөлек балалар үйінен тағы да екі сәбиді асырап алып, бауырына басқан мейірімді де кішіпейіл адамдар болыпты. Көпбалалы отбасының тіректері – ата-анасы барлық үміт пен сенімді осы Чжао Юйден күтеді. Кішкентай кезінен-ақ ол дәрігер боламын деп армандайды. Себебі, Қытайда бұл мамандық сол кезде ең сыйлы, абыройлы мамандықтардың бірі болып саналатын. Сондықтан да болар, бауырлары мен ата-анасы оның арманына қанат бітіріп, орындалуына қолдарынан келген көмегін аянбайды.    
Қазақстанға ол жер аударылған немере ағасының шақыртуымен келіпті. Аға-жеңгесі бұрынғы Көкшетау облысының Чистополье ауданына тың игеру кезеңінде қоныстанған көрінеді. Сөйтіп, Көкшетауға отбасымен бірге 1961 жылы көшіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен Көкшетау облыстық ауруханасына келіп, мейіргер болып орналасады. Целиноградтағы медициналық инс-
титутты тәмамдаған соң, реаниматолог болып істейді. Ширек ғасырға жуық балалар ауруханасында жан сақтау бөлімін басқарды. Дәрігерлер оған Анатолий Иванович деп ат қойып алды.  
Жұмысына енді ғана кіріскен жылдары бір қайғылы жағдай болса, ұйықтамай әлгі жағдайды уа-
йымдап, қиналып, тіпті жылаған күндері болғанын да жасырмайды. Егер таңдап алған мамандығың бір қателікті көтере алмаса, ол қателікті жібермеу үшін әркім де талпынып, ұмтылуы керек. Дәрігер болып жүрген 58 жылда осыны санасына түйіп алыпты.     
Жалпы, анестезиолог-реанимотологтар адамға ота жасау кезінде наркоз береді және клиникалық өлімнен, дағдарыс күйінен алып шығады, сондықтан, оларды адамдар көп есте сақтай бермейді. Аяулы жары көзі тірі тұрғанда Тамара
Бекаева ауыр жұмыс күнінен шаршап келген отағасының бабын қашан да таба білетін.
–Қазір менің жанымның тыныштығын кішкентай Дана есімді немерем басады. Екеуіміз ойнаймыз, оның шаттанғанына мен де қуанамын. Жазда саяжайға жиі барып, демаламын, – дейді ол. Тамара Бекаева зейнетке шыққанға дейін облыстық аурухананың кардиология бөлімшесін меңгерген білікті дәрігер. Жұбайының жұмыстан кейінгі жағдайын, көңіл-күйін көтеруді өте жақсы білетін.
– Менің Александр есімді үлкен ұлымның қызы Елена «сендер барлығың – орыссыңдар, ал біз атам екеуіміз – қытаймыз» деп айтып жүретін. Қазір ол өсіп, бой жетті. Кенже ұлым Евгенийдің келіншегі Айнагүл – қазақ. Үлкен немерем Кирилл Малайзияда білім алуда, жеті жасар Данам Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, – дейді дәрігер. Кенже ұлымен бірге тұратын Анатолий Ванның келіні Айнагүл ет асудан бастап, қазақтың да, қытайдың да барлық тағамдарын өте дәмді даярлайды. Кешкі ас кезінде негізгі тамақ қазақтың ұлттық бір тағамы болса, салат қытайша дайындалады. Манты, тұшпара сияқты тағамдарды да қайын атасының талғамыма сай, қышқыл, ащы етіп әзірлейді. Қытайдың моэр мен щербин тағамдарын барлық отбасы мүшелері сүйіп жейтін астары екен.  
– Мен орыс халқының ашықтығына, қытайлықтардың тіл алғыштығы мен еңбексүйгіштігіне таң қаламын. Ертеректе жұбайыммен Бейжіңде қыдырып жүргенімізде, бір құрылысты көзіміз шалды. Оны сол кезде енді бастап жатыр екен. Немере інімнен салынып жатқан ненің құрылысы деп сұрағанымызда, ол білмейтіндігін айтты. Бір аптаның ішінде біз ғимараттың негізгі тірегін көрдік. Бір айдың ішінде ол жерден асхана ашылды. Олардың осыншалық тез жұмыс істейтіндігіне таң қалдық. Сонда жүргенде жолдасым маған, Қазақстаннан артық жер бәрібір таппайсың. Қазақтың ауылына бара қалсаң, өзіңмен ешқандай зат алмай-ақ қой. Олар сені қайда, кіммен жүрсең де қонақ етіп, төріне отырғызады, жылы-жұмсағын береді дейтін. Ал, кіші ұлым қазақ қызына үйленгенде, біздің орыс ұлтынан болатын туыстарымыз қуанды. «Келінің қазақтан болса, ғұмыр бойы жақсы өмір сүресің» деп жатты. Мен қазақтарды тек қана қонақжай халық деп есептемеймін, олар кәрілерге, ақсақалдарға ерекше күтіммен, сыйластықпен, құрметпен қарайды. Ал, тарихына үңілсем, осы күнге дейін олардың әке-шешелері қарттар үйінің не екенін білмеген, жетімін жәутеңдетпей, туыстары туған баласындай бауырларына басқан, – деді ол.
Дәрігер Қазақстанға келгенде, тек қытай тілін ғана біліпті. Жұмысында қиын сәттермен, балалардың ауыр жағдайымен күн сайын бетпе-бет келгендіктен де, мына жарық дүниенің әр таңына ерекше қуанады. Әр нәрсені ұсақ-түйек деп қарамай, өмірді барынша сүйеді. Бүгінгі арманы – бөлімшеде 80 жасқа дейін қызмет істеу. Олай болса, біз де дәрігердің ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар