Кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңызы зор. Қай халыққа да ынтымақ пен бірлікте, бейбіт өмір сүруден артық ештеңе де жоқ. Алғаш тәуелсіздік алған жылдардан бастап біздің елімізде осы татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берілуде.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын 1992 жылы ел тәуелсіздігінің бір жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан болатын. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган деп бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Өз тарихында Ассамблея ҚР Президенті жанындағы консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті.
Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды. Оның мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде этносаралық келісімді қамтамасыз ету. Этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту оның басты міндеті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этно-мәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этно-мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығы тиесiлi.
Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында «Ассамблея құрылуының 20 жылдығын атап өту арқылы біз қазақстандықтардың рухани күш қуатын арттыруымыз және толеранттылығын еселеуіміз керек. Сондықтан да, біз Қазақстан халқын ең үздік және мәңгілік құндылықтар – ел игілігі жолында ынта мен жігерді, еңбекқорлықты және мақсаткерлікті арттыруға шақырамыз. Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегісі» деп атап өтті. Негізгі бағыты барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылатын Ассамблеяның өміршеңдігінің ең бас-
ты ерекшелігі – этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана емес, сонымен қатар, еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналғандығы.
Ассамблея құрылғаннан бастап, 22 жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға және мемлекеттің құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті.
Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп, дамыған Қазақстан елі туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. Көпұлтты Қазақстан халқын бір атаның балаларындай еліміздің өркениетті дамуы жолындағы игілікті іске жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына аса зор үлес қосып келеді. Ең бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі нәтижесінде елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциялық һәм азаматтық құқықтары мен еркіндігін толық қолдана алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Сөйтіп, Қазақстанның көпэтностық кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік берік орнады. Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына қойған басты мақсаты және түбегейлі міндеті – этносаралық қатынас саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Осы мақсатта халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтар бо-
йынша қоғамдық келісімді қолдап, дамыту, экстремизм мен радикализмнің көріністеріне тойтарыс бере отырып, азаматтардың құқықтық бостандықтарына қысым жасауға жол бермеу, азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру да осы ұйымның төл парызы. Ынтымақ ұйытқысына айналған ұйым бұл мақсаттарды жоғары деңгейде орындап келеді.
Қазақ халқы қашан да бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі деп бағалаған. Мемлекет құраушы елдің, жердің иесі – қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға татулықтың асқан үлгісін көрсетіп келеді. Тарихқа үңіліп, оған анық көз жеткізуге болады. Қиын-қыстау кезеңде өзге ұлт өкілдеріне қамқор болып, ағалық мейірімін аямады. Алаш жұрты тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскен еді. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 140-тан аса ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген, білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Елімізде мекен еткен ұлт пен ұлыстарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар да жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық-мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр ұлттың өздерінің дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасауда.
Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми-сараптамалық кеңес, журналистер мен сарапшылар клубы құрылған. Барлық аймақтарда «Достық» үйлері жұмыс істейді.
20 жылдан астам тарихы бар институт елдің саяси жүйесінің маңызды бір бөлігіне айналып, ол Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен этностардың мүдделерін, құқықтарын бір арнаға түйістірді. Әрбір ұлттың тегіне, дініне, көзқарасына қарамастан, барлық азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерінің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етті. Түптеп келгенде, Ассамблея еліміздегі халықтардың тұрмыстық деңгейдегі ұлтшылдықтың пайда болуына жол бермейтін, бір-біріне төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеуді дәріптейтін ең маңызды ұйым. Ел Президентінің бастамасымен құрылған мемлекеттік, ұлттық саясатты дамыту мен жетілдірудің ерекше маңызды құралы болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде елді біріктіруде, этностар мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді, татулықты нығайтуда аса маңызды қызмет атқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА-ның құрылған күні 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде атап өтуді ұсынған болатын.
Жалпы, «Алғыс» ұғымының өзі көп нәрсені аңғартады. Мәселен, қазақта «Алғыс арқалаған ер азбас», «Алғыспенен ер көгерер» деген секілді бабалардан қалған ұлағатты сөздер бар. Алғыс айту ғана емес, оны естудің өзі де рухани туыстыққа үндейді. Тату болуға деген тілек те, ынтымақты болуға деген ниет те алғыстан басталады. Ендеше, Алғыс айту күнін – қазақстандық патриотизм мен ынтымақтың, бірлік пен достықтың жарасқан күні деуге негіз бар. Зұлмат заманда сұрқия саясаттың құрбанына айналғандарды ажал аузынан арашалаған да, өзі құрып бара жатса да өзгені де демеген қазақтың мейірімге толы мінезі болатын. Сол мейірімге толы дархан мінез талай ұлттың өкілдерін мәпелеп өсірді. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы атанып отырған алып институттың іргесін де сол жылдары қазақ халқы өз қолымен қалаған болатын. Сол институт бүгінгі күні Қазақстандағы достықтың да, бірліктің де, тұтастықтың да ұйытқысына айналды. «Сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан, қабылдаған да солар болды» деп жазылған деректерде. Ендеше, Алғыс айту күні – сонау қасаң замандарда Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударылып, бүгінгі күні татулықтың түтінін түтетіп отырған түрлі этностардың байтақ қазақ жері мен дархан қазақ халқына терең тағзымының белгісі. Оның өзегі – қоғам бірігуінің, азаматтық татулықтың, қоғамдық келісімнің, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарының және халықтың жалпыұлттық игілігі ретінде Елбасы айқындаған жаңа қазақстандық патриотизмнің қағидаттарын бекіту.
Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген дана бабаларымыз. Сондықтан да, атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын ынтымақ-бірлігімізбен берік етсін.
Марат ӨТЕГЕНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.