Біз ол кісіні бәріміз «үлкен үйдегі папам» дейтінбіз. Бұл сөзді кез келгенге айта бермейтінің тағы хақ. Өзімсініп жақсы көрген кісіңе ғана айтасың. Хасен папамыз біз үшін сондай жан еді.
Үй арасында бір-ақ үй болды. Ол жиырмасыншы жылдардың ортасында Казсовнаркомның төрағасы болып тұрғанында, біздің елге келіп, жата-жастанып, Аймақ ауылдық Кеңесін құрған Сәкен Сейфуллиннің көзілдірігін оңдасқан ғажап ұста Әбдікәрім атамыздың үйі еді. Бала кезімізден көріп өстік, Хасен папамыздай үй шаруасына, қора-қопсыға ұқыпты жан сирек болар. Өзі қандай қапсағай денелі, қара мұрты әдеміше өңіне жараса қалған тартымды кісі болса, үйінің айналасы да солай таза болатын.
Өмірлік бір қасиеті осы еді. Сосын сәлем берсек, айналып-толғанып жылы сөйлесетін. Сөйткен Хасен папамыздан қалған соңғы естелік – кенжесі Балтабектің қолында тұрған үлкен үйінің алды ығы-жығы халық. Әжептәуір уақыт төсек тартып, сексеннің ішінде келместің кемесіне мінген аяулы жан үшін ішің қан жылайды. Ауылда жер басып жүрген соңғы майдангерлердің бірі еді. «Кеше ғана қатары көп сияқты еді-ау. Бәрі біртіндеп таусылды ғой» дейді іште бір түйсік мұнымен келіскісі келмей. Амал не. Көшені көркейтіп жүретін Жеңіс солдаттарынан енді бір өзі жападан жалғыз қалған Балтабай Нұрсейітов атамыз да мұңаяды көптің ортасында.
Сол күн, тағы бір өнегелі ғұмырдың нүктесі қойылған сол мезет көз алдымызда осылай қалып қойыпты. Біз оң-солымызды танығалы Хасен папамыз үйде де, түзде де қол қусырып, қарап отырған жан емес-ті. Қысы-жазы дала мен үй шаруасының екеуінде де бірдей жүретін. Өйткені, шаңырағының отын жаққан Бикен тәтем жастай ерте қайтыс болған. Сол бір мезгілсіз қазаның да уыты бірсыдырғы есімде. Анамның осы бір жағдайды үйге қатты уайымдап келгені, өзі әрі абысын, әрі сіңлісіндей көрген тәтемізді қимай, ана жақсылығы, мына жақсылығын бір айта бергені өшпестей болып көңіл сарайымда тұрақтап қалған. Кейін де сондағы сөзі сөз еді. Осы үйдің кіші қызы Айкөнің кіндігін өзі кескені де тегін емес шығар.
Ал, Хасен папамыз… Еңбек жолын алып қарасақ, ауылда алғаш техника тілін меңгерген де осы кісілер. Сәткен Сапарғалин, Әйтен Хамидуллин сияқты үлкендерімізбен НАТИ-ға отырып, жер жыртқан, егін еккен. Ал, біздің бала кезімізде ауылдағы наубайханада от жаққанын да білеміз. Хрушевтің қара нан жегізіп, ол аздай, таң атпай оған кезекке тұрғызып, істемегенді істеген кезі еді ол. Ендеше, неше құқайды көрсе де, әйтеуір, ауылдың ашықпай, жан сақтаған сол бір ет тірлігінде бұл кісінің де еңбегі бар.
Осы орайда, әңгіме бәрінен бұрын папамыздың майдан жолынан басталуы керек еді. Хасен Тілеулин біздің Ортақ ауылынан Ұлы Отан соғысына қатысқан 149 ер азаматтың ішінде қан майданға алғашқылардың бірі болып 1941 жылдың желтоқсанында алынады. Ол кезде небары жиырма төрт жаста ғана еді. Содан Днепр бойы мен Харьков түбіндегі ұрыстар, ауыр шайқастармен айдан-айды, жылдан-жылды артқа тастап, майдан өміріне әбден көндігу, біздікі деген сүйем жер үшін өліспей беріспеу бұл кісіні де айналып өтпеген соғыс заңдылығы болатын. Соның бәрін омырауындағы қатардағы солдат үшін ең бағалы, ең жоғарысы – «Ерлігі үшін» медалі де әйгілей түсетін.
Жеңісті Венгрияның астанасы Будапешт қаласында қарсы алғанында, Алла тағаланың өзіне талайлар көре алмай кеткен осы бір қуанышты аман-есен бұйыртқанына ризашылықтан басқа айтары жоқ-ты. Мұндайда ұстап тұруың да қиын сол көз жасымен бірге әбден сағынған туған жерге де ақыры, аман-есен табаны тиген.
Содан жар құшып, бала сүйіп, көрген қиыншылықтарының етек-жеңі ептеп бүтінделгендей болғанда, тағдырының тағы алдына кесе-көлденеңдеткен тосын сынын біз жоғарыда айттық. Қыруар шиеттей ұл-қызбен әрине, оңай соқпағаны түсінікті. Бірақ, анасыз қалған соларды өсіріп-жеткізуден басқа ештеңені ойламаған. Қос қыз, үш ұлдың киімі бүтін, жағасы түзу болып, оқуларынан қалмаса, әкемен бірге тырбанып, өмір көшін ілгері апарыса берсе, бұл соларды жалғыз жүріп, тағдыр тәлкегіне бермеген Хасен папамыздың тағы бір өлшеусіз еңбегі, үлкен әкелік қажыр-қайраты еді. Қаншама жыл жалғыз өзі осы балалармен отырып, алдын үй-күй қылып, жеткізіп барып қана, Несібелді апамызбен көңіл қосты. Айта берсе, ол кісі де өзім деген адамға көңілі кең, ақжарқын жан еді, жарықтық.
Бертін біз де есейіп, ер жеткенде, папамыз шаруашылықтың жұмыс аттарын бақты. Малшы болсын, егін қоритын күзетші болсын, астарына мінетін атты сол кісіден алып тұратын. Өмір бойғы ұқыптылығы мен тиянақтылығына сай, бұл шаруаға да аса бап еді. Қай істің тізгінін ұстап, қайда еңбек етсе де, сол жақсы атымен өтті өмірден. Соңында ізі, көзі тірісінде өзі адам болу өнегесіне молынан баулып кеткен ұрпағы қалды. Ұлының үлкені Жұмабек қазір ауылдың бетке ұстар азаматы. Ағамыз да, қаладағы Асылтас, Айтас (Айкө), Сейілбегі мен Балтабегі де немере сүйіп отырған бір-бір шаңырақ иелері.
Осы үрім-бұтағы бүгін-ертең әкеміз 100 жасқа толады деп Науан хазірет атындағы жаңа мешітте ас бермекші. Бұл қазақ үшін үйреншікті мал шашу емес, қайта өздері деп әкелік парызын үлкен жүрекпен қай жағынан болсын, толық өтеп кеткен папамыздың көзі тірісіндегі еңбегін балаларының білуі, бағалауы деп ұқтық. Әрі өзі жақындатқан Жеңіс күні қарсаңы. Қай жағынан да әбден реті келіп тұр. Сондықтан, біздің де осы күнге ол кісі туралы жүрегімізде жүрген бірауыз жылы сөзіміз артық болмас. Сол астың бір тұсын толықтырар. Өткенді ұмытпай, қадірін білуіміз үшін.
Қайырбай Төреғожа.