2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, елімізде ұйымдастырылған республикалық акция аясында «Менің Қазақстаным!» пойызы Атбасар қаласына да ат басын тіреп, тұрғындарға түрлі мәселелер бойынша көмек қолын созған еді.
Сол жолы жүзінен жылы шуақ төгілген бір азаматша қоғамдық қабылдауға келіп, өзінің жайын емес, болашақтың қамын күйттеп, он екі жылдық білім беру бағдарламасының жай-жапсары мен балалардың ойын алаңдарын салу, аудандық кітапхана қорын көбейту сияқты мәселелерді ортаға салды. Бұл мәселелерді көтеріп жатқан кім екен деп, соңына дейін тыңдап отырдым. Сөйтсем, ол 30 жылдан астам педагогтік тәжірибесі бар Атбасар қаласының №5 орта мектебінің директоры Фатима Аушева екен. Өзі «Зама» шешен-ингуш мәдени орталығының белсендісі.
Фатима Мухажировнамен әңгімелесу кезінде ұстаздық өмірінің мәні жұмысы екендігін бірнеше рет сөзінен аңғардым. Мектеп директоры қызметін атқарып жүрген жемісті еңбегі соның бір айқын дәлелі іспетті. Ол сөз барысында ұлттық салт-дәстүрді ұстанып, жаңашылдықтарды бойға сіңіру адамның адами қасиеттері мен өзіндік көзқарасын қалыптастырып, қай салада болмасын кәсіби біліктілігін арттыруға көмектесетінін айтты. Оның туған елін, тарихи Отанын сүюі, ата-бабасының салып кеткен ізгі мұраттарын құрметтеуі азаматтық рухының биіктігін көрсетіп тұрғандай еді.
– Менің ата-анам бала кезінде Кавказдың бір елді мекенінде тұрыпты. Қазақстанға жер аударылғаннан кейін олардың отбасылары Атбасарға тұрақтапты. Онда да бір көшенің бойында көрші болыпты. Сөйтіп, үйленіп, отбасын құрып, бес баланы дүниеге әкелді. Отбасымызда басқа ингуштар сияқты тек ана тілінде сөйлейтінбіз. Мектепке бірінші сыныпқа барғанда не орыстың, не қазақтың бір сөзін білмегендіктен қиналатынбыз. Біздің осындай жағдайымызды ұстаздарымыз да, қатарластарымыз да түсінуге тырысатын. Бір күні менің ата-анамның танысы, Кавказда бір селода тұрған ингуш ағамыз осындай тіл білмей тұрған жайымды көріп: «Қазақстанда туғаннан бері қаншама жыл өмір сүріп келе жатсаң да, қазақтың тілін білмейтініңе неге ұялмайсың?» дегенде, қатты қысылған едім. Қазір мектебіміздің түлектері тым құрығанда екі тілді еркін меңгеріп шығуына жағдай жасауға тырысамын. Бүгінде тіл үйренуге барлық жағдай қарастырылып, жасалып жатыр, тек үйренемін деген ниет болсын, – дейді ол.
Аушевтардың отбасы ана тілінде ғана сөйлеп қоймай, сонымен қатар, отбасымен ата-бабаларының салт-дәстүрлерін ұстанып, солардың дала заңымен өмір сүреді. Аналары балалардың тәрбиесімен ғана айналысып, базарға барып сауда жасаудың не екенін білмеген. Шаңырақтың асыраушысы, табыс табушысы – әкелері. Содан болар оның беделі қашанда биік. Аналары ешқашан отағасына өсіп келе жатқан балаларының шалыс қылықтары мен бұзақылықтары туралы айтып, мазаламапты. Осындай кішігірім мәселелермен алаңдатпауды ойлап, барлығының шешімін өзі тауып отырған. Бала мен әке арасындағы сыйластыққа сызат түсірмеуге жете назар аударған.
Фатима Мухажировна мектеп директоры ретінде өзінен жасы үлкен мұғалімдерге ескерту жасап, бұзақы балалардың әкелерімен сөйлесуде қиындықтар кездесетінін де жасырмай жеткізді. «Әріптестердің, әсіресе балалардың алдында ұстаз беделін түсірмей, абыройын сақтап қалу қай педагогтің болсын парызы» деп білемін дейді ол. Сондықтан, ешкімнің де көңіліне қаяу түсірмей, туындаған мәселенің ретін тауып шешуге тырысады. Этнопедагогиканың бастауын бала кезден, отбасынан бастауымыз керек дейді ұстаз. Халық педагогі Д.Ушинскийдің «кемеңгер халықтық педагогикамен ешкім де таласқа түсе алмайды» деген сөздерін жиі қолданады. Қазақстанда тұрып жатқан этностардың отбасылық тәрбиесінің принциптері бірдей. Дәстүрге адал болу жаңашылдықтарға бойлауға кедергі болмайды, керісінше инновацияларды біздің жалпы менталитетімізге бейімдеуге мүмкіндік береді. Аушевтардың отбасында қашанда білімге деген құштарлықтың лебі есіп тұрады. «Оқу оқып, білім ал!» деген әке сөзін балалары да далаға тастаған емес. Әкелері балаларының жақсы білім алып, азамат ретінде қалыптасуын ойлап, бауырмал қазақтың жерінде тұрақтап қалыпты. Десе де, қашанда туған жердің топырағы ыстық қой, Кавказға барып келген сайын «ол жақтан кетіп бара жатқанда жүрегім лүпілдеп ауырады» дейді екен.
Осында кіндік қаны тамып, өскеннен кейін өзінің қатарластары сияқты Фатима Аушева да өзін осы елдің жергілікті тұрғыны секілді сезінеді. Тарихи Отаны – Кавказды да ұмытпайды. Бұл ретте оның мына бір сөздерін ұсынғым келіп отыр:
– Мен тауға ғашықпын. Кавказға барғанда Эльбрустың шыңына көп қарап тұрамын, ондағы менің ата-бабаларым тұрғызған мұнараларға қолымды тигізіп, ерекше әсерге бөленемін. Бірақ, бір апта өтер- өтпестен осында, туған жерге кеткім келіп тұрады. Мұнда менің ата-анам, туғанымдай болып кеткен жақындарым, сүйікті жұмысым бар. Барлығы, барлығы осында…
Нина МИТЧИНОВА.
Атбасар ауданы.