Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Бұл не қылған батпан құйрық?!.» - АРҚА АЖАРЫ

«Бұл не қылған батпан құйрық?!.»

немесе желілік маркетинг жетегінде жүргендерді онсыз  да халықтың қалтасы жұқа екендігі ойлантса етті

Жұмысқа асығып бара жатсам, телефон шыр-шыр етіп, жолымды бөгеді. Сөйтсем, Нұрсұлу екен. Ол кісімен таяуда ғана танысқанмын. «Кешке кездесейік, жаңа өнімдер әкелді. Барлық ауруға ем, арнайы сироп шыққан екен. Жұрт талап, сатып алуда. Келіп көр, жақын адамым ауырып жатыр деп едің ғой…». Кілт тоқтай қалдым. Жүрегім сыздай жөнелді. Мынау менің іш-бауырыма кіріп, жанымды жегідей жеп, жүрегімді ауыртып жүрген жайды неге қозғайды? Күні бойы  Нұрсұлу айтқан «жүз емге шипа» дәріні қалайда сатып алуды ойлап, кешке онымен кездесуге бел будым. Сөйтсем, Нұрсұлудың айтқаны желілік маркетингтің өнімі екен.   

 

Иә, қазір заман басқа, адам басқа. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген. Осы күні әркім қолынан келетін іспен айналысып, күн көріп жатыр. Отбасындағы бірлік пен ынтымақ та, күнкөрістің жағдайына байланысты екендігі тағы рас. Өйткені, күнкөрісің, тұрақты жұмысың, ақшаң болмаса шаңырақтан береке қашары да белгілі. Бір ғана отағасының тапқан-таянғаны жетпейтіні де анық. «Күректей» дипломы бар болса да, лайықты жұмыс таба алмаған соң белін буып, апа-жеңгелеріміз де отбасының қамы үшін базарға шығып, саудамен айналысып жүр, енді бірі осындай желілік маркетингтің соңында. Бәрі жөн-ау! Бірақ… сол желілік маркетинг жетегінде жүргендердің арасында таныс-тамырға қарызданып, тіпті несие алып, кейбірі бизнесін де құрдымға жібергендері бар. «Аңқау елге арамза молда» демекші, желілік саудада отандық өнімдер жарнамаланса бір сәрі, біз шетелдің өнімдерін таратуға әуеспіз. Оның орнына өзіміздің ұлттық өнімдерімізді насихаттаған әлдеқайда тиімді емес пе? Тым болмаса желілік бизнес арқылы ұлттық қазыналарымыз ұлықталса ғой.

«Баюдың басқа жолын таппағандай…»

Анау-мынауға еліктегіш, кез-келген істі тез үйреніп, бейімделіп алатын жастар арасында да осы желілік маркетинг бизнесі өте кең тараған. Шетелдік түрлі косметикаларды, дәрі-дәрмектерді, техникаларды, қымбат коллекцияларды жарнамалаушылар қазір арамызда толып жүр. Өйткені, бұл бизнеспен жас та, кәрі де айналыса береді. Желілік маркетинг жетегінде кетіп опық жегендер аз емес. Мәселенки, облыс орталығында қаржылық пирамидалардың біраз дау-дамай тудырғаны әлі күнге дейін жұрттың жадында. Қалай дегенмен де, сол желілік маркетингтерден біздің елге түсер пайда шамалы. Қазақ ежелден сенгіш халық. Өзгені қайдам, өзіміз сатушы қайтарып берген артық ақшаны да дүкенде тұрып санауға ұяламыз. Себебі, сатушы алдамайды деп сенеміз. Осының барлығы сайып келгенде қазақ халқына біткен аңғалдық, қарапайымдылықтан болар.
– Желілік маркетингпен айналысқаныма он жыл. Жалғызбасты ана болғасын қосымша табыс көзі керек болды. Негізгі мамандығым орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мектепте ол кезде жалақы мардымсыз еді. Бір танысым осы бизнеспен айналысуға шақырды. Қуана келістім. Бірақ, біраз қаражат керек екендігін естіген соң көңілім құлазып кетті. Жүз доллар ол кезде көп ақша. Жалғызбасты анаға осыншама қаражат қайдан келсін. Несие алып осы жұмысқа ден қойдым. Несиеге алған барлық қаражатты салдым. Қазір бизнесім құрдымға кеткен. Несиені уақытында төлеймін деп таныс-тамырға қарыз болып, жаманатты атандым. Бұрын елге ұлағатты ұстаз ретінде танымал едім, желілік маркетинг жетегінде жүріп көп танысқа қарызымды қайтара алмай жеккөрінішті болдым,– дейді басынан өткен жағдайды жыларман болып баян еткен Роза деген келіншек.
Жасырары жоқ, есепке келгенде қаржылық сауаттылығымыз төмен. Сол себептен де көбіне бәзбіреулерге есемізді жіберіп, жем болып жүрміз. Мұның ел экономикасына өте зиянды екенін түсінуіміз қажет. Сондықтан, біздің елде де бұл бизнес тәртіпке келтірілсе екен. Айта кету керек, желілік сауда жасайтындар үкіметке ешқандай салық төлемейді. Ал, бірқатар елдерде арнайы заң шығарылып, бұған тосқауыл қойылған. Осы мәселені алға тартып, Мәжіліс депутаты
Жамбыл Ахметбеков Қазақстанда желілік маркетинг жүйесімен жұмыс істейтін компаниялардың қызметін шектеу туралы мәлімдеме жасағаны есімізде. Осыған байланысты халықтың арасында екі түрлі пікір туындаған. Осы бизнеспен айналысатындар кері пікір жазып өз ойларын ортаға салса, енді біреулері желілік маркетингтің жетегіне жастар кетпесе екен дегенді алға тартты. Себебі, маркетингтік қызмет түрін ұсынған жұмыс берушілер көбіне жастарды жұмысқа тартады. Өйткені, олар әр нәрсеге әуесқой, сенгіш, еліктегіш. Алды-артын аңдамайтын жастар жеңіл ақшаға әуес келеді. Қазіргі таңда адал еңбектен қашатындар көп. Содан болар, бизнестің осы түрімен айналысатындар көбейіп барады. Санаулы уақытта мол қаржыға кенелемін дегендер тіпті тұрақты жұмысын тастап, желілік маркетингтің жетегінде жүр.
Солардың арасында айтулы өнер иелері, мұғалімдер, ғалымдар да бар. Жоғарыда келтірілген Розаның басынан өткен жағдай кім-кімді болмасын ойлантса етті. Егер білікті мамандар қара бастарының қамын емес, ел болашағын ойласа, ел экономикасына өзінің үлесін қосуды мақсат тұтса, нұр үстіне нұр болар еді.

«Сиқырлы стақанның»
сиқыры қандай?

Ауырмайтын адам кемде-кем. Одан қалды қазіргі адамдардың көбі жұмысбасты, төсек тартып қалғаннан құдай сақтасын, дегенмен аяқ-қолы сау болса, жұмыс істей береді. Осындайда «жүз ауруға шипа» шөптер мен қоспаларды, дәрумендерді тықпалайтын саудагерлердің жолы болғыш-ақ. «Хуа-Шен», «Сибирское здоровье», «Алое Вера», «Омегаферол», тағысын тағы толып жатыр…
Желіліктер көбіне ББҚ (биологиялық белсенді қоспаларды) сатады. Бұрнағы жылдары біздің бір жақын танысымыз «Хуа-Шен» деп аталатын компанияға дистрибьютер болып қосымша жұмысқа орналасты. Бір ғажабы ол «алыстан дорбаламай…» жақын жерден, яғни, жұмыста отырып-ақ, өз саудасын дөңгелетіп отырды. Қай ауруды айтсаң да, емі сол қыздан табыла қалатын. Белің ауырса пластырь, тісің ауырса кальций береді, әйтеуір бүкіл дертіңе ем табады. Бір күні құрбым әлгіден «Сиқырлы стақан» сатып алыпты. Бағасы удай. «Бөліп төлейтін болдым», – деп құрбым қуана жеткізді. Әлгінің ішіне су құйсаң, су «сиқырмен» зарядталып ағзаңды тазалайды-мыс. Бір қызығы, оқыған, зерек, көзі ашық азаматтар да осындай қисынсыз дүниеге сенеді. Біз осы мәселені алға тартып арнайы психолог мамандармен де пікірлестік.
– Айта кету керек, мұндай кәсіпті басқарып отырғандардың барлығы адам санасының ой-шұңқырын зерттеген білікті психологтар екендігін айтқым келеді, – деп бастады әңгімесін психолог Жұлдыз Бекахметова. – Сол себепті де, олар әрбір адаммен қалай сөйлесу керектігін біледі. Бизнеске жұмылдыру мәселесін өз адамдарына үйретіп отырады. Ғаламторды ашып қарасаңыз, қарапайым қарым-қатынас этикасын үйрету сабақтарының арнайы видеолары, әдістемелік құралдар жетіп артылады. Байқасаңыз, желілік маркетингпен айналысатындардың мінез-құлықтары көбіне ұқсас келеді. Олар үнемі жайдары жүреді, жылы-жылы сөйлейді, біреуге жанашырлық танытады, жағдайыңмен санасады. Қазіргі адамдарға қарапайым адами жылулық жетіспейді. Кейбір адамдардың осы саудаға барын салып, тіпті қарызданып, қауқарланып жүретіндігі де олардың ойын дөп басып жанашырлық танытатын жандардың дер кезінде табылуынан. Тез байып кетуді
көздейтіндер де жиі осы желілік маркетингке ұрынады.
Таяуда редакцияға сексенге аяқ басқан бір апа келді. Ол кісі де желілік маркетингпен айналысады екен. Апаның сататын «Омегаферол» майы отбасының барлық мүшесіне лайықталып жасалынған. Кез-келген ауруға ем. Аталмыш майды күнделікті қолдансаңыз, көру қабілетіңіз артады, мидың жұмысы жақсарады, иммунитетті көтереді тағы басқа аурулардың асқынуына жол бермейтін айрықша әсері бар көрінеді. Бар-жоғы 4 мың теңге. Мамандардың айтуынша, дәрумендерге бай осындай қоспалардың адам денсаулығына кері әсері жоқ, бірақ өздері жарнамалағандай «жүз ауруға ем» де бола алмайды. Біз осы орайда, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Дана Жантемірованы сөзге тарттық:
– Биологиялық белсенді қоспаларды бірыңғай пайдалы немесе бәрі зиян деп айтуға болмайды. Себебі, кез-келген дәрі-дәрмектің мөлшерін білмей қолдансаңыз ағзаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бір анығы, ондай өнімдерді өндіретін көптеген фирмалар, корпорациялар арнайы білікті мамандарды жұмысқа тартқан. Кез-келген тұтынушы сапалы өнімнің сертификаты болатынын ұмытпауы керек және ол оны талап етуге құқылы. Бар мәселе өнімнің сапасында. Әлбетте, бірыңғай жарнаманың жетегінде жүріп, бәрі де пайдалы, бәрі мені емдеп жазады деп ойлау да қисынсыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, адамның ағзасы дұрыс қызмет етуіне тәулігіне 600 түрлі заттар қажет, ал, ол үшін 32 түрлі тағам түрін пайдалану керек екен. Шынын айту керек, қарапайым жұмысшының тамақ рацио-
ны соншалықты бай болмайтыны анық. БҚҚ-ны адам пайдаланамын десе өз құқығы, бірақ, күдік туғызатын бір заттар болса дереу тиісті мекемелерге хабарласқан абзал, – дейді Дана Асадқызы.
Психолог мамандардың пайым-
дауынша, бұл бизнесті өркендетіп отырған тұтынушылардың өздері. Оңай олжа баянсыз болатыны анық. Оны қазақ халқы баяғыда-ақ айтып кеткен. Атадан балаға жеткен «Бұл не қылған батпан құйрық?» деген ертегіде-ақ байлықтың жолда жатпайтындығы айтылып еді ғой. Бәрінен де қазіргі таңда алаяқтар көбейіп кеткендігі қынжылтады. Бұрын-соңды олар базар маңын торлайды деп ойлайтынбыз. Желілік маркетинг дегенмен бірге алаяқтардың өрісі кеңейіп, олардың қармағына түсетіндер қатары көбеюде. Осы орайда, әрбір адам «тегін ірімшіктің қақпанда ғана жататынын» қаперінде ұстағаны дұрыс болар.
Ұлмекен Тыныштыққызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар