2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Көкшетау қаласындағы №18 орта мектептің жанынан салынып жатқан қосымша құрылыстың жай-жапсарын көзбен көру мақсатында облыстық комиссия осы білім ордасына келді.
420 орынға лайықталып салынып жатқан мектептің іргетасы қаланып болған. Қазір құрылысшылар қабырғаларды кірпішпен қалауда. Ал, негізгі жұмыс енді басталады. Бүгінгі таңда мұнда «Строй Тех IC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 37 құрылысшысы еңбек етуде.
Құрылыстың қаншалықты сапалы жүргізіліп жатқандығын саралап, салмақтайтын арнайы облыстық комиссия құрылған. Оның төрайымы облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская. Сонымен қатар, облыстық тексеру комиссияның төрағасы Мереке Мұстафин, облыстық кәсіподақтар федерациясының басшысы Кеңес Бекішев, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы Жанаргүл Жүнісова, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру аймақтық орталықтың басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов және тағы бір облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтанов қадағалайды.
– Комиссияның мақсаты – құрылыс алаңында кем-кетіктер орын алған жағдайда оны жойып, тиісті шешім шығарып, жұмысты үнемі бақылауда ұстау, – дейді Елена Мащинская. Сондай-ақ, ол құрылыс жұмыстары жоспар бойынша орындалып жатқандығын да тілге тиек етті. Айта кетерлігі, білім ошағының құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Назгүл Рабилова.