Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ӘСКЕРИ КОМИССАРДЫҢ АМАНАТЫ - АРҚА АЖАРЫ

ӘСКЕРИ КОМИССАРДЫҢ АМАНАТЫ

Ақмола облысы Ерейментау ауданының алғашқы әскери комиссары, подполковник Қасым Жантемірұлы Әділтегінің туғанына 100 жыл толуы қарсаңында оның өзінің ұлы, жауынгер-интернационалист, Қарулы Күштер ардагері, полковник Қалиәскерге көзі тірісінде жазған хатын Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні – 7 мамыр салтанатына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығына орай оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл әкенің балаға жазған жай ғана хаты емес, керісінше елім, жерім дейтін алты алаштың баласының отаншылдық сезімін оятатын хат ретіндегі үлгі-өнегесімен ерекше.

Солтүстік Қазақстан облысы Приишимск (Ленин) ауданының Қаратал ауылында қарапайым шаруа отбасында 1917 жылдың 5 қазанында өмір есігін ашқан, Қазан төңкерісінің құрдасы Қасым Жантемірұлы есейе келе, бүкіл саналы ғұмыры әскери қызметпен біржолата біте қайнасып кетеді деп еш ойлаған емес. 1931 жылы осы аймақтағы Покровка селосындағы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, оны бітірген соң зоотехник мамандығын алып шыққан ол қырда мал өсіріп, ел дәулетін молайтамын деп ойлаған. Бірақ, отыз екінің аштығында тігерге тұяғы қалмаған ауылда бірер жылда малдың жайы да, күйі де оңала қоймайтындығын сезінгендіктен, өндірістен қол үзбей жүріп, Алматының педагогикалық институтының химия-биология факультетін аяқтап, 1937-1939 жылдарда орта мектепте мұғалім, Қызылту аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Қасымның өміріне біржолата өзгеріс әкелген 1939 жыл болды. Қызыл Армия қатарына әскери қызметке шақырылды әрі комсомолдың жолдамасы және өзінің келісімімен Велико-Устюг (Пуховическое) жаяу әскер училищесіне жіберіліп, оны алғашқылардың қатарында 1941 жылдың маусым айында бітіріп шықты.
Ұлы Отан соғысының қанкешу майдан жолынан өткен әкенің ұлы Қалиәскерге арнаған хаты Отанды, өз халқыңды және туған-туысқандарыңды жаныңдай сүю сезіміне толы. Оның мәтінімен танысқанда аға ұрпақтың рухы қандай мықты болғандығына, олар өз елін, өз жерін қаншалықты жақсы көргендігіне, қанды шайқастардағы әскери достық пен бауырластыққа баға жетпейтіндігіне көзіңізді қанықтыра түсесіз.
«Әрбір адамның өмірінде айрықша қастерлейтіні – ол туған үйіңнің шаңырағынан бастау алатын ең алдымен Отаныңды сүю. Мен Петропавлда туып-өстім. Балалық шағымнан Есілдің толқынды суына көз салып, оның көрікті жағалауларын тамашаладым. Туған жерге барып, өзеннің толқынды ағысын көрген сайын бойымды шымырлаған ерекше толқыныс билейді, сол арқылы сүйікті Отанымның, кең-байтақ даламның қаншалықты қымбат екендігін сезінемін. Жанымды даланың самал желі тербеп, төңірегімнің бәрі ән салып тұрғандай болады. Отанды сүймеу мүмкін емес! Қолыңа қару алып, оны қорғау ең ардақты парызың, оның көркеюі үшін бар күш-қайратыңды жұмсау міндетің», – деп жазады Қасым Жантемірұлы баласына хатында.       
Бұл әскери училищені бітіріп 52-ші атқыштар дивизиясының (кейін 10-шы гвардиялық дивизия аталған) 112-ші атқыштар полкінің пулемет взводының командирлігіне Рыбачье түбегіне – Заполярьеге жіберілген майдангердің жүрек тебіренісі. Соғыстың алғашқы күнінен Мурманск қаласына таяу орналасқан жағалаудағы порттарды және стратегиялық объектілерді басып алуға ұмтылған фашистермен бетпе-бет қиян-кескі ұрысқа кіріскен құрамында Қасымның взводы бар полк қаладан небары 70 шақырым жерде шеп құрып қорғанысқа кірісті. Сондай қанды шайқастардың бірінде тамыз айында ол басынан жараланып, Архангельскінің госпиталінде емделді. Жарасы жазылысымен ол Ленинград қорғанысындағы Волхов майданына жіберілді. Мұнда 128-ші атқыштар дивизиясының 741-ші полкінің пулеметшілер ротасына басшылық жасады. 1941 жылдың қыркүйек айында Ленинград жау қоршауында қалды. Оны бұзып шығу мақсатында командование Ленинград және 1941 жылы желтоқсанда ұйымдастырылған Волхов майданы әскерлерінің қатыстырылуымен Синявинский операциясын жүргізді. Осыған дейінгі қыркүйектегі күш пен соғыс техникасының тапшылығынан және де Тихвинск бағытындағы жағдайдың ушығып кетуі салдарынан қазан айындағы қоршауды бұзып шығу әрекеттері сәтсіз аяқталды. Алайда, бұл жағдай Ленинград майданының 54-ші армиясы әскерлерінің Пулково және Красный селолары аудандарындағы қорғаныстарын күшейтіп алуына мүмкіндік берді. Жихарево поселкесі аумағында қорғанысты ұстап тұрған Қасым Жантемірұлының пулеметшілер ротасы жаудың бет қаратпай пулемет және минометтен атқылауына төтеп беру былай тұрсын, артиллерияның қолдауымен олардың оқ бүріккен ұяларының күл талқанын шығарды. Жан берісіп, жан алысқан осы шайқастағы кезекті қарсы шабуылдардың бірінде екі аяғынан көптеген мина жарықшақтарынан қатты жараланып, тылдағы Челябинскінің эвакуациялық госпиталында емделді.
1942 жылдың тамыз-қазанындағы үшінші Синя-
винсий шабуыл операциясында 128-ші атқыштар дивизиясы Волхов майданының 54-ші армиясының алғы шебінің оң қанатында қимыл жасады. Жаудың күшті қорғанысын бұзып өткен әскери құрама Ленинград майданымен қосылуға ұмтылды. Бұл жаудың қалаға қайта шабуыл жасау әзірлігіне мүмкіндік бермеді. 1942 жылдың желтоқсанында 54-ші, 4-ші және 52-ші армия әскерлерінің бірлесе қимыл жасауының арқасында Тихвин түбіндегі жау қоршауы бұзылып, кескілескен шайқастың нәтижесінде қала азат етілді. Бұл бірнеше айларға созылған сәтсіздіктерден кейінгі алғашқы ең ірі жеңіс болды. Кеңес әскерлері батыс бағытқа қарай 100-120 километр алға жылжып, неміс командованиесінің Ленинградты аштық құрсауында тұншықтыру әрекетіне жол бермеді. Ладога көлі арқылы қалаға азық-түлік жеткізетін «Өмір жолы» ашылды. Ленинградты қоршаудан шығару тек 1943 жылдың қаңтарынан басталып, тағы бір жылға дейін созылды. Майдангер офицер осы соғыста жауынгерлік достықтың қадірін, бір тілім нанды бөліп жеудің қаншалықты қымбаттығын жан-тәнімен сезінді, алған ауыр жарақаттарына қарамастан, қан кеше жүріп, барша кеңес әскерлері сияқты Ұлы Жеңіс сағаты соғатын сәтті жақындатуға өзінің ерлігімен, басын қатерге тіге жүріп үлес қосты. Осы ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, көптеген, оның ішінде екі мәрте «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
«Біздердің барлығымыз, офицерлер мен қатардағы сарбаздар, жауынгерлерміз. Сарбаз деген құдіретті де қастерлі сөз. Ол адам бойындағы ең асыл қасиеттерді – ерлік пен айбындылықты білдіреді. Жай сөзбен айтқанда ол Отанына қалтқысыз берілген рухы мықты адамдар деген ұғымға саяды», – дейді ұлына хатында майдангер әке.
Қазіргі жастар Ұлы Отан соғысы туралы білуі тиіс. Өйткені, кешегі социалистік лагерь аумағында болған кейбір елдерде кейінгі уақыттарда осы Жеңістің маңызын бұрмалаушылық, қаза тапқан азаткер жауынгерлердің ескерткіштерін қирату оқиғалары көрініс беріп жатқаны өкінішті. Олар барлық халықтардың туысқандығы мен өзара қолдауы арқасында қаратүнек фашизмді жер жастандыруға қол жеткізілгендігін жоққа шығармауы тиіс. Қасым Жантемірұлы сияқты мың, миллиондаған адамдар сол үшін оқтың өтіне кеуделерін тосып, қасап қырғында қан кешті, от-жалынның өртінен өтті. Қасымның өзі соғыстан кейін әскери басқарманың жергілікті органдарында: 1954 жылы Көкшетау облысының Чкалов, бұдан соң 1966 жылға дейін Ерейментау аудандарының ең бірінші әскери комиссары болып қызмет атқарды. Осы қызметтерінде ол өзін адал, тәрбиелі, кәсіптік біліктілігі жоғары офицер ретінде көрсете білді. Ол басқарған мекеменің ұйымдастырушылық қызметі облыс және республика тарапынан бірнеше рет жақсы қырынан аталып өтілді. Мәселен, 1964 жылы жастарды әскерге шақыру және жөнелту жұмысын ұйымдастырудағы көрсеткіші жағынан облыс әскери комиссариаттары арасында екінші орынға ие болды. Сондай-ақ, жастарды Қарулы Күштер қатарындағы қызметке дайындау жұмысының жайы СОКП ОК-інің комиссиясы тарапынан жоғары баға алды, ал, Тың өлкелік әскери комиссариатының комиссиясы жалпы әскери қызметке даярлық және жұмылдыру жұмысын ерекше атап көрсетті.
Қызметтік міндеттерін қоғамдық жұмыспен шебер ұштастырудың арқасында Қасым Жантемірұлы ауданның инфрақұрылымын дамытуға, мәдени өмірін жаңғыртуға елеулі үлес қосты. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі және еңбекшілер депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің бірнеше шақырылымының депутаты ретінде ауыл шаруашылығы науқанын өткізуге үлкен көмек көрсетті, аудан шаруашылықтарында, өнеркәсіп және көлік кәсіпорындарында жиі болып, патриоттық тақырыптарда лекциялар оқып, әскери қызметтің ел қорғаны ретінде қаншалықты маңызы барын тыңдаушыларының санасына жеткізді. Бұған екінші жағынан аудандық «Білім» қоғамы төралқасының төрағасы ретіндегі қызметінің де себі тиді. Мұның сыртында «Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер» болғанына қарамастан, аудандық халық сотының адвокаты, Целиноград облыстық адвокаттар алқасының мүшесі қызметтерін атқарды.
Туғанына 100 жыл толғалы отырған әскери комиссар Қасым Жантеміровтің жастарды әскер қатарына шақыру комиссияларындағы, Ерейментау қаласының түрлі іс-шараларындағы суреттерімен бірге, 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтау барысында жазған «Әскери комиссариаттар – жергілікті әскери басқару органы» деп аталған дипломдық жұмысы да сақталған. Әскери қызметке өмірінің 30 жылын арнаған майдангер өзінің сүйікті жары Бопаш Мырзахметқызымен (тірі болса 95 жасқа толар еді) жарасымды ғұмыр кешті. Әсіресе, екеуі де әнге, музыкаға ерекше ден қоятын. Өздерінің бүкіл жақсы қасиеттерін балаларының бойына дарыта алды. Ол жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді өмірлік ұстанымы етті. Соның арқасында Ерейментау өңірінің бірқатар жастары, оның ішінде ұлы Қалиәскер де Отан қорғаушылар мамандығын таңдап, әскери училищелерді бітірді, саналы өмірлерін осы жолға арнады, жоғары шенді офицерлік дәрежеге қол жеткізді.
«Сендер, жастар, Отанымыздың барлық жетістіктерін болашақта қорғаушылар, өздеріңе халық артқан сенімді мақтан етуге және жауапкершілікті сезінуге тиіссіңдер. Әкелеріңнің ерлік даңқын еселей түсулерің керек – бұл менің сендерге әкелік аманатым!» – десе, одан әрі: «Қымбатты ұлым, Қалиәскер! Бұл тек әкенің балаға ғана емес, сонымен қатар, бүгінгі ұрпаққа – біздің орындарымызды басатындарға арналған хат. Мен әскери офицермін, өз өмірімді Отанымды қорғауға жұмсадым. Тағдыр мені еркелеткен жоқ. Оның ең жарқын жастық жылдарын әскери қызметке бағыштадым. Әскерде ештеңе де оңайшылықпен болмайды, ал, одан қол үзу тіпті ауыр. Маған саптан кетуімнің өзіме қаншалықты ауыр тигенін сен жақсы білесің. Мен сонда Батыс шекарадағы саған барғанымда: «Бәрі дұрыс, бәрі де өз кезегімен болады!» – деп жұбатқан едің. Мен сені мақтан етемін. Менің қуанышым да, бақытым да осы.
Менің ата-тегімде маған дейін әскери адам болған емес. Бірақ, қазақтар қашан да жауынгер халық. Туған жерін жат жұрттық басқыншылардан жан аямай қорғай білді. Мұғалімдік мамандықты тастап, әскери училищеге түстім. Әскери қызмет мені қайда апармады. Түні бірнеше айларға созылатын Заполярьеде, Баренцово теңізінің биік жарқабағында, Рыбачье түбегінде болдым.
Мен Ленинградты ерекше жақсы көремін, Нева жағалауындағы осы қаланы қорғадым. Осында талай қарулас достарымнан айырылдым. Олардың төккен қандарына менің де қаным қосылды. Менің жанымның бір бөлшегі сонда қалды», – деген хат жолдарынан әскери қызметке шынайы берілген, Отанын жанынан артық көрген өршіл азаматтың қайсарлық мінезі, аманат жүгі танылып тұр.
Әке өсиетімен әскери дәстүр рухында тәрбиеленген ұлы Қалиәскер 1969 жылы Жоғары шекара командалық училищесін, кейіннен академияны бітірді. Әскери оқу жылдары өткен Прибалтикадағы кезеңді Қалиәскердің өзі ерекше жылылықпен еске алады. 1966 жылы әкесі мен анасы Қасым Жантемірұлы қанды майдан жолынан өткен Балтық өңіріне оны көріп қайтуға арнайы келді. Міне, жоғарыдағы әкенің хаты осы сапарға барардағы жолға шығар алдында жазылған еді. Осы хатты өзі әскер қатарында 40 жыл қызмет атқарғанында Қалиәскер Қасымұлы жүрек тұсында сақтап, төс қалтасынан түсірген емес. Мұны ол өзіне әскери қызметті қастерлеуді үйреткен әкенің көзі деп бағалады. Ерейментау ауданының алғашқы әскери комиссары Қасым Жантеміровтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 2002 жылдың 16 мамырында Тіл саясаты және ономастика жөніндегі комиссияның шешімімен әскери комиссариат ғимаратында Жауынгерлік даңқ мүйісі, аудандық мұражайда ауданның танымал адамдарымен бірге жауынгер офицердің де суреті орын алған стенд ашылды. Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай, ақмолалық майдангерлерге арналып шығарылған «Великая победа – потомкам завет» кітабында және «Поклонимся и живым и мертвым…» жинағында әскери офицердің соғыстағы ерлік жолдары және бейбіт кездегі жарқын еңбектері жан-жақты көрініс тапты.
Мамандығы математик, Айыртау ауданының Сулыкөл елінің тумасы, 1924 жылы туған зайыбы Бопаш Мырзахметқызы Қасыммен отау құрған жылдарында сегіз баланы өмірге әкеліп, бәріне жоғары білім берді. Тек Алматы қыздар педагогикалық институтын «баян» класы бойынша бітірген Айнам өмірден ерте озып кеткенімен, қалған қыздары: Айман, Шолпан, Мәдина, Дариға мұғалім және дәрігер, ал, кардиолог Мәдина профессор, медицина ғылымдарының кадидаты. Ұлдары: Қалиәскер – әскери қызметкер, отставкадағы полковник, Ғани – дәрігер-терапевт, Ерғали – заңгер.
Ерейментау ауданының алғашқы әскери комиссары Қасым Жантеміровтің өскен, өркен жайған бұтақтары осылар. Олардан өрбіген ұрпақтардың алды да тәуелсіз еліміздің игілігіне қызмет етіп, туған Отанының дәулетіне өз біліктерімен үлес қосуда.

 

Аманкелді ЖҰМАБЕК,
журналистика ардагері.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар