Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылдың әр боздағының дерегін тапқым келеді - АРҚА АЖАРЫ

Ауылдың әр боздағының дерегін тапқым келеді

Сол бір зұлматты жылдарда қаншама  адам ажал құшты. Баланы əкесінен, ананы баласынан айырған сұм соғыс әр отбасына айықпас жара салды.

 

Сондықтан да, өз басым соғысқа қатысқан боздақтардың рухына тағзым ретінде «Мәңгілік даңқ» жобасын жасап, туған ауылымнан қан майданға аттанған ардагерлерді іздестіре бастадым. Оған себепші болған  ауылдасым  Әлім Ташмағанбетов.  Ол кісі маған өзінің  ағасы Сейтен Ташмағанбетов деген кісіні іздегені жайлы айтты. Мен ауылға келген соң,  ресейлік «Жди меня»  бағдарламасына интернет арқылы  осы ардагерді іздестіріп хат жаздым.  Арада біраз уақыт өткеннен кейін бұл бағдарлама тілшілерінен жауап келді. Сөйтсек, Сейтен атамыз  Орлов қаласы Людинов ауданы Бори деревнясында №516 бауырластар зиратына жерленген екен. Соны тапқан бағдарлама қызметкерлерінің адам тағдырына деген үлкен жауапкершілігіне қалай сүйсінбессіз. Кейін ол кісінің «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын анықтадым.
Осы күш-жігермен өз туған ауылымның соғыстан оралмаған басқа да боздақтарын іздестіре бастадым. Өзімнің атам Рақым Қасымов  ағасы  Балкен Жүсіпбековті іздеген екен. Мен атамның бастамасын одан әрі  жалғастырып, құжаттарын таптым. Тағы да «Жди меня»  бағдарламасына хат жаздым, әзірге жауап  жоқ. Бірақ, келеді деп отырмын. Бұдан соң Қуаныш Бетенов ағайдың әкесінің ағасын іздестірдім.  Жүніс Бетенов 1943 жылы  әскер қатарына  шақырылған екен. Оның қай жерде жерленгенін  таба алмасам да, майданда  кіші лейтенант болғанын, «Қызыл Жұлдыз» және  үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталғанын анықтадым.
Монастырка ауылында 1914 жылы туған Петр Киреевтің  де құжаттары табылды. Ол кісі де 1942 жылы Калинин майданында хабарсыз кеткен болып шықты. Ақыры, 1942 жылы желтоқсан айында Польшадағы Освенцим лагерінде қайтыс болғанының ізіне шықтым. Осы хабарды бірінші болып, Ешім ауылында тұратын туысы Антонина Васильевнаны тауып алып, сол кісіге жеткіздім. Екеулеп  Германияда тұратын туыстарына білгіздік. Олар Польшаға барып, Освенцим лагеріне атасының аруағына бас иіп қайтамыз деп отыр. Енді іс қағазынан Повольжедегі бұрынғы  Неміс автономиясында  Петр Киреевтің әйелі бар екенін  оқып, қазір сол жарын   іздестірудеміз.  Терісаққан ауылында соғыстан 300-400-ге жуық адам оралмаған. Әзірге жүзге жуық адам жайлы нақты дерек таптым. Сөйтіп, ауданымыздың боздақтары жайында осы күнге дейін жинақтаған барлық деректерімді «Баубек батыр» мұражайының жетекшісі Ольга Абакароваға табыс еттім.

Ермек РАХЫМОВ,
Терісаққан негізгі мектебінің  
тарих пәнінің мұғалімі.

Жақсы ауданы.

 Суретте: мақала авторы көмектескен ауыл тұрғындары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар