Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Сол сөзді тыңдамасам ғой, бәрі басқаша болар еді...» деп өкінетін менің атам - АРҚА АЖАРЫ

«Сол сөзді тыңдамасам ғой, бәрі басқаша болар еді…» деп өкінетін менің атам

Мен соғыстың қандай болатынын  Уайыс атамның әңгімелерінен естіп білдім. Рас, соғыс туралы кинолар көп, оларды да көріп жүрміз, бірақ, оларда көбіне өмірдің шындығы  айтыла қоймайды. Онда соғыс деген атыс-шабысқа толы қызықты өмір сияқты көрінеді. Ал, атамның әңгімесінен соғыстың адамзатқа қаншалықты ауыртпалық пен бақытсыздық әкелетінін түсіндім. Ауылда туып, қарапайым еңбек адамы болған атам 1940 жылы әскер қатарына шақырылады. Әскери міндетін Ақмола өңірінде құрылған құрамада өтесе керек. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол кісілерді  бірден майданға аттандырады.
– Күші мығым жауға қарсы біз әлсіз винтовкамен соғыстық. Оның өзінің оғы санаулы болатын, – дейді атам. Алғашында осылай қару-жарақ жетіспей, кері шегінген Қызыл Армия бара-бара қарсы шабуылды күшейтеді. 1942 жылы автоматшылар ротасында Харьков түбіндегі бір шайқаста аяғынан жеңіл жарақат алған атам сапта қала береді.  Бірақ, оның жаралы екендігін байқап қалған взвод командирі «лазаретке барып жарақатыңды байлатып кел» дейді. «Шайқаса берсем қайтеді» деген уәжге командирі «қазір жаз, шаң-тозаң, ертең жарақатың ушығып кетуі мүмкін» деп бұйырады. Содан ол басқа да жараланғандармен бірге далалық госпитальға барады. Атамның жарақатын таңып бола берген кезде тұтқиылдан шабуылға шыққан фашистер қару-жарағы жоқ жаралыларды тұтқынға алады.
– Әттең, сол жолы лейтенанттың бұйрығын тыңдамағанымда, бәрі басқаша болар еді, – дейді атам өкінішпен. Бұлай деуінің астарында үлкен сыр бар. Тұтқынға түскен оны немістер әуелі Украина, содан кейін Польша жеріндегі концлагерьде ұстап, кейін Голландияға апарып қара жұмысқа жегеді. Ол бұл жерлердің бәрін жаяу жүріп өтеді. Сөйтіп, бүкіл Еуропаны жаяу аралайды. Фашистер тұтқындарды адам құрлы санамай, оларды құл сияқты жұмсайды. Сәл-пәл ауырса немесе әлсіреп жұмысқа жарамаса, атып тастайды. Осындай ауыртпалықтарды көрсе де, атам ажалы жоқтықтан, әйтеуір, аман қалыпты. 1945 жылы тұтқыннан американдық әскерлер құтқарады. Содан қанды қырғыннан құтылдық па, жоқ па деп қуаныштары қойындарына сыймай елге оралған соң бұларды қуаныш емес, қасірет күтіп тұрады. Сталиннің «Қызыл Армияда тұтқындар болмайды» деген сөзін басшылыққа алған кеңес үкіметі онсыз да ауыр азап шеккен бұрынғы тұтқындарды «сатқындар» деп тағы ит жеккенге айдайды. Осылайша атам Магадан жерінде он жылға тарта кен орнында қара жұмыс істеп, елге құр сүлдері келеді.
Бұл Сталин қайтқаннан кейінгі 1955 жылдың жылымығы еді. Атам толық ақталып, соғыста алған «Қызыл Жұлдыз» ордені мен жауынгерлік медальдары қайта қалпына келтірілді. Өзі туған жері –
бұрынғы Көкшетау облысы Айыртау ауданының «Қаратал» кеңшарында ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Жылқы малын өте жақсы көретін. Мені алғаш рет тайға отырғызып, жетелеп жүргені есімде. Ауылда да беделі зор болды. Ауылдастары үнемі атама келіп, ақыл-кеңес сұрайтын және айтқанына жұрттың бәрі құлақ асушы еді. Дастархандағы нанның қиқымына дейін тастамай, жинап алып, жеп отыратын және «бұл нанның қадірін ашыққанда білесің» дейтін.
Ол кісі мен екінші сыныпты бітірген жылы дүниеден өтті. Содан бері көз алдымда қалған бейнесін жиі есіме алып қоямын.  Жыл сайын 9 мамырда біздің үйге туған-туысқандарымыз жиналып, бәріміз атамды еске аламыз.  Ол кісі Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі азаптың тірілер  ұмытуға болмайтын осындай жаны сірі бір куәгері еді.

Ділдар СЕРДАЛЫ,
Астана қаласындағы №77 мектеп-гимназияның оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар