Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірбаяны отпен жазылған Рахымжан - АРҚА АЖАРЫ

Өмірбаяны отпен жазылған Рахымжан

Бұлай деп тақырыпқа ат қоюымның себебі, 1958 жылдың қаңтар айының соңғы күндері Кәкеңді Бәукең (Бауыржан Момышұлы) үйіне шақырған. Түсінікті болу үшін Кәкімжан Қазыбаевтың «Найзағайдай жарқылдап» деген кітабынан үзінді келтірейін.

– Мен сені неге шақырдым? – деді.
– Білмедім, Бәуке!
– Білмесең, жаңа осында маған сәлем бере бір жігіт келді. Аты – Рахымжан. Фамилиясы қошқар ма, ісек пе, азбан ба, әйтеуір қойдың бір түрі, оны өзің анықтап алғайсың. Міне сол жігіт…
– Міне сол жігіт Рейхстагқа ту тіккен. Понимаешь?! Сен ұғып тұрсың ба, өзің? – деді.
– Ұғып тұрмын, Бәуке!
– Өтірік айтасың! Ұқсаңдар, неге жазбайсыңдар? Соғыс біткелі он үш жыл. Ана Рахымжанды көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер?! Журналистке диплом емес, сезгіш жүрек, көргіш көз керек. Жоқ, сол сендерде жоқ!
– Знаешь, ты кто такой Рахымжан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек!
– Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияны басқардым. Москва түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рахымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен. Кім үшін?! Мына сені мен мен үшін! Бүгінгі шолжаң қағып тірі жүргендердің бақыты үшін! Сол бір тозақта оның өзінің тірі қалуы – это чудо! Жеңіс деген бақыт – сол анау Рахымжан, Рахымжандар!
– Адам ерлік жасауды ешқашан жоспарламайды. Ерлікті туғызатын сәт болады. Адамның асыл қасиеті де, жасық қасиеті де соғыста, тап сондай сәтте көрінеді. Рахымжан сондай сәтте асыл қырынан көрінген азамат. Ол қыры – жасаған ерлігі. Тағдыр оның нағыз өмірбаянын сол сәтте жазды. Оның өмірбаяны  – отпен жазылған өмірбаян.  
– Сен оны тап!
(Кәкімжан Қазыбаев. Таңдамалы шығармалар жинағы, 1 том, 209-бет).
– Кәкең Рахаңды іздегенде ол кісі іс-сапарда жүрді. Уақытын бос өткізбеу үшін кітапханадан журнал, газеттерді ақтарды. Бірде «жазушы Борис Горбатовтың «Литературная газетаның» 1948 жылғы 18 декабрінде жарияланған сөздерін таптым» деп оқып берді
– Біздің жауынгерлерді қыранмен, бүркітпен теңеуді қоятын мезгіл жетті. Қазақ жігіті Қошқарбаев көз алдымда Рейхстагқа ту тікті. Осындай ердің образын беру үшін бөлекше теңеу, бөлекше поэзия, социалистік реализм керек, – деп жазыпты. Ал, 150 дивизияның «Воин родины» газетінде де, орталық баспасөзде де біраз мақала жарияланыпты. Бірақ, 1946 жылдың майынан кейін ләм-мим ешкім аузын ашқан жоқ. Содан бері көріп тұрған тілшім, тіпті қазақ баспасөзінен көріп тұрған бірінші адамым өзіңсің, – депті.
Рахаң көші-қон басқармасында істейді екен. Жаркент қаласынан оралды. Біраз сөйлестік. Аңқылдаған ақжарқын жігіт, іші-бауырыңа кіріп кетеді.
Кәкең Рахаңның меңзеген газет-журналдарын қарап және өзі жинаған материалдардың басын қосып жазып Бәукеңе көрсетті. Мақала 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген документті очерк шықты. Кәкеңнің сөзімен айтқанда, «Мақала жұрт назарын бірден аударды. Редакцияға хат жауып кетті. Осы жағдай Рахымжан жөніндегі деректерді жинауға мені де құлшындыра түсті. Жаңа деректер табылып, папка қалыңдай түсті» (Кәкімжан Қазыбаев. Таңдамалы шығармалар жинағы, 1 том, 211-бет).
Осы жылдан бастап Қазақ баспасөзі – газеті, журналы, радиосы бар, бәрі де: Кәкең тапқан жаңа деректермен толықтырылған мақалаларды жиі басып, халыққа Рахаңның ерлігін жариялап жатты. Ақындар өлеңдер жазды. Талай деректі фильм түсірілді. Рахаң туралы алғашқы материал шыққан күннен бастап, Рахаңның отбасымен таныстық. Рахаңның зайыбы Рахила Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, аспирантураны аяқтап, ғылыми атақ алысымен осы институтта дәріс берді. Кейін зейнеткерлікке шықты. Өте білімді, көп сөйлемейтін, сөйлесе орнымен сөйлейтін, анау-мынаумен ісі жоқ азаматша болды. Шақырған қонағын бар пейілімен күтетін, дастарқаны неше түрлі дәмге толып тұратын, тәтті нандарды өз қолымен пісіретін. Үйі кірсе шыққысыз өте таза, ас үйіндегі ыдыс-
тары жарқырап тұратын. Рахаң Рахилашының осы қасиеттеріне мақтанышпен қарайтын. «Рахиланың әділдігінен көресіні көріп жүрмін» деп күлетін.
«Бір жылдары институтқа түсетіндерден емтихан алып тең жартысын сынақтан құлатқанда басшылары дымын шығара алмай қалған. Сол құлаған балалардың ішінде менің бастығымның ауылдан келген інісі де бар. Мен іс-сапарда жүргендіктен келін шырақ, деп телефон соққанда Рахилаш сызылудың орнына «Пәленшеев болғаныңда менің шатағым жоқ» деп трубканы тарс еткізген. Бастығым шақырып алып, басын шайқап, «Бәрімізде де бір-бір аю әйел бар, бірақ, Рахымжан сенің әйелің ой-ой, қалай тұрып жатсың?» – деп қарқ-қарқ күледі. «Ол – батырдың әйелі» деп кетіп қалдым. «Айтайын дегенім, жақын жүрміз деп Рахилаштың институтына бала апара көрмеңдер», – деп аяғын әзілге ұластырып. «Біздің Рахилаш сондай жан, шаңырағымды шаттыққа бөлеп отыр, бір перзентке зар болып жүргенімде Әлиямды маңдайыма жұлдыз етіп бере салды. Аллаға шүкір, шаңырағымның жалғасы бар» деп отыратын. Рахаң Әлиясын көзі тірісінде ұзатты. Шаңырағын Әлия ұстап отыр. Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде орыс әдебиетінен сабақ береді. Рахаңның атында екі ұлы бар. Дәурені атасы директор болған «Алматы» қонақ үйінде қызмет істейді. Ал, Кәкеңнің отбасы Рахаңның отбасымен танысқан күннен бастап Кәкең Рахаңа туған інідей, мен келініндей болдым. Рахила жеңге болып, туысқаннан да артық сыйластық. Жеңіс күні Бәукеңе сәлем берген соң, жалғасын Рахаңның үйінде өткізетінбіз.
Рахаң туралы Кәкең 100-ге тарта деректі құжаттар жинады. «Кернеген кек» деген повесін жазды. «Кернеген кекті» асығыс жазғандықтан Рахаңды барлық қырынан толық көрсетіп жаза алмадым, қайтадан жазамын» деп жүруші еді. Ол мақсатына жете алмады. Бірақ, Кәкең өмірінің соңғы күніне дейін Рахаң ерлігі туралы жыл сайын айтулы күндерде екі мақала жазатын. Рахаңның «Менің көңіл-күйімді лаулатып, халқымның сүйікті ұлы, батыры дегізген, ұмытылған ерлігімді халқыма танытқан Бәукең мен Кәкетайым (Кәкімжан дегені)» деп көзіне жас алғаны дәл бүгінгідей есімде.
Құзғын жаудың ордасы, тірегі Рейхстагқа бірінші болып жеңіс жалауын қадау он тоғыз жасар Г. Булатовпен жиырма бір жасар лейтенант Рахымжан Қошқарбаевқа бұйырды. «Әрине, айтуға оңай» деп дастархан басында әңгімесін бастайтын Рахаң. «30 сәуір, күндізгі сағат он бірде «Гиммлер үйінің» төменгі қабатындағы кірпішпен жартылай бітелген терезеден қарша борап тұрған оқ саябырлағанда жеңіс жалауын жеткізу үшін құрылған шабуыл тобының жетекшісі мен жалауды қойныма тықтым да, белбеуімді тарта буынып, «алға» деп терезден қарғып асфальт үстіне түстім. Жау оқты қарша боратты. Алдымда снаряд ойып кеткен шұңқырға еңбектеп етбетімнен жата қалдым. Осы кезде үстімнен біреу құлады. «Григорий Булатовпын» деді. Қалғандары бораған оқтан шыға алмаған. Енді бұл жерде жату қауіпті. Алдыңғы жаққа көз салғанымда серейіп қалған аттарды, аударылып жатқан зеңбіректер мен танктерді көрдім. Алға жылжуға белді бекем будық. Рейхстаг «Гиммлер» үйінен 360 метр деген. Оқ жан-жақтан борап, кейде басымыздан асып, кейде жанымызға түседі. Айналамызда бірінің үстіне бірі жатқан өліктер, қираған танкілер мен зеңбіректердің қаңқаларын паналап, бірде еңбектеп, бірде етбетімізбен жылжыдық. Қазылған орға да түсіп кетесің, оның іші белуардан су. Тізе, шынтақ быт-шыт, қолымыз да жырым-жырым, терден киіміміз шылқыған су, таңдай да кеуіп кетті. Оқ сәл саябырласа алға жүгіреміз, оқ жаңбырша жауғанда жерге етбетіңнен жата кетесің. Рейхстагқа жеткенше Гриша екеуміз жүз өліп, жүз тірілдік. Өмір мен өлімнің арасында жатсаң да ойың сан-саққа алып кетеді. Анамнан төрт жасымда, әкемнен тірідей айырылған кезде тек он үште едім. Туған жерім – Целиноград ауданының Телман селосы. Бұрын оны «Қырыққұдық» деп атаған. Балалық шағым сонда өтті. Оның әрбір бұтасы көз алдымда. Анамның өлер алдында әр сөзді бөліп, «Құлыным-ай, ендігі панаң кім болар екен?» дегені. Әжем, атам, аяқ астынан әкеме жабылған жала, Тайтөбедегі балалар үйі, өгей шешемнің «Әкеңнің атын өшірме, үйге қайт» дегені, әкемнің қабағын қарс жауып, «Әй, жалғызым! Тұр орныңнан, алға жүгір, тек өле көрме! Қошқарбай әулетін жоя көрме!» деп тұрғандағы елесі көз алдыма келгенде, «Жоқ, өлмеймін» дегендей іштей күбірлеймін. Уралаған дауыстан ой құрсауынан босанып арт жағыма қарадым. Қызыл әскерлер шабуылдап келеді. Рейхс-
тагтан фашистер оқты боратты. Оқ сәл саябырлағанда алға жүгірдік. Рейхстагтың сатылы табалдырығына аяғымыз тиді. Оң жақ санымнан біреу ұрып қалғандай болды. Снаряд сан етімді жаралапты».

Суретте: сол жақтан Кәкімжан Қазыбаев, Рахила Қошқарбаева, Орынша Қарабалина, Рахымжан Қошқарбаев. 1978 жыл.

 «Тірі қалдық. Гриша екеуміз бақытты жандармыз. 360 метрге жеті сағатта (сағат күндізгі 11-ден, кешкі 6-ға дейін) жер бауырлай жеткенде сан өліп, сан тірілгеніміз рас-ау! Рахиламның бақыты үшін, қызым Әлияның көрер жарығы үшін тірі қалдырған Аллаға рақмет!» Қолында ұстап отырған мандолинінің ішегін дірілдете қағып-қағып қалып, «Саржайлау» күйін құшырлана, құмарта тартатын. Тайтөбедегі жетіжылдық мектеп мен сияқты жетім балаларға екінші үйі болды. Киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ болды. Мен ән-күй үйірмесін басқардым. Балалайка, мандолинада ойнадым. Күнделікті газеттерді оқып, радио тыңдап, соңғы жаңалықтардан оқушыларға хабар жасадым. Сырғанап тебуден де жақсы көрсеткіштерге ие болдым. Орыс тілін де меңгердім. Балқаштағы ФЗУ-ға ауысқанда сабақ орыс тілінде жүрді. Ауылдан келген 5-6 балаға орыс тілін үйретуді маған тапсырды. Соғыста жүргенімде тілдің арқасында айналама, басшыларға сыйлы болдым. Оның үстіне берілген тапсырманы жылдам әрі нәтижелі орындайтын пысықтығым да жететін де. ФЗУ-да әдебиет үйірмесінің де белсенді мүшесі болдым. Кітап оқушылар конференциясында «Құрыш қалай шынықты» бойынша баяндама жасағаным есімде. Этель Лилиан Войничтің «Бөгелегін», Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарымын» оқыдым. Алған әсерім керемет еді. Сырғанап тебуді Тайтөбе балалар үйінде үйренсем, ФЗУ-да жүргенде қалалық өнерпаздар байқауына қатысып, біздің училище бірінші орынды жеңіп алатын. Уақыт зымырап өтіп, мен он жеті жасқа келдім. ФЗУ-ды бітіреміз деп жүргенде неге екені белгісіз, училище жабылатын болып, мерзімінен бұрын емтихан тапсырып, құжаттарымызды алып, жаны жайсаң тәрбиеші-мұғалімдерімізбен қимай қоштасып мен Ақмолаға келдім. «Қосшы» колхозының сауатсыздар мектебіне мұғалім етіп жіберді. Ауылыма келіп, әжемнің қал-жағдайын білдім. Өгей шешем күйеуге тиіп кетіпті. Енді мен қарайлайтын ештеңе жоқ. «Қосшы» колхозына барып, қызметіме кірістім. 1941 жылы 22 маусым, жексенбі күні түстен кейін соғыс басталғанын естідік. «Майданға кетем» деп бірнеше рет өтініш беріп, 1942 жылдың тамыз айында шақыру қағазын алдым. Жасым он сегізде еді. Әжемнің батасын алып, Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесін бітіріп, лейтенант Қошқарбаев жақсы шыныққан, білімді офицер дегізіп, 1944 жылдың қазан айында ұрымтал тұрған қалың орманға жайғастық. Күні-түні жаттығудан өттік. 3-ші армияның 29-шы атқыштар корпусына қарайтын 150-ші дивизиясының 674-ші полктың бірінші батальонында взвод командирі болдым. Полк командирі Плеходанов, батальон командирі капитан Твердохлеб. Варшаваны азат етіп, талай қиындықтарды бастан өткізіп, 500-дей км жерді жаяу жүріп, жаумен алысып көптеген жауынгер жолдастарымыз жер жас-
танды. Ерлік көрсеткендер наградталды. Мен де 1 дәрежелі орденін Шнайдемюль қаласын босатқанымыз үшін алдым. Дивизиямыз фашис-
тер қорғанысының маңызды торабы Идрицкіні босатқаны үшін жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен «150-ші атқыштар дивизиясы», «150-ші Идрицк атқыштар дивизиясы» атанды. 1945 жылдың 20 сәуірін ұмытпаймын. Сол күні Претцель селосына кіре бергенде басымның ауырғанын сездім, қолыма қан жұқты.
«Қабағыңның үстін оқ жырып кетіпті», – деді капитан Твердохлеб. «Мен білсем, сен жүз жасайсың, осы күннен бастап «Шойын бас, халың қалай?» деп жүретін болды. 20 сәуір күні Берлинге жаппай шабуыл басталды. Түс ауа біз Берлинге жеттік» дейтін Рахаң. Әңгіме айтқанда әңгіменің мазмұнына қарай бет-пішінін өзгертіп тұратын. Кейде бұрын айтылған әңгімесін мүлде өзгертіп, сөзге жан бітіріп, оқиғаны көз алдыңа елестете отырып тыңдаушыларын ұйытып әкететін. Әзіл-қалжыңға келгенде алдына жан салмайтын. Күлкіден ішегіміз түйіліп қалатын кездер жиі болып тұратын. Қонақтарын еркелете, жасына қарай «әкешім, көкешім, кәкенім, Мәулешім» деп астына көпшік қоя мақтап, бойыңдағы өзің байқамайтын жақсы қылықтарды айтумен бірге, мінезіңдегі ақауларды өте сыпайы, жымын білдірмей жұқалап кететін. Сонымен бірге, әнші-күйшілерді үйіне алдыртып, әнін шырқатып, күйін тартқызып, шақырылған қонақтарын риза қылып шығарып салатын. Келбетті де кербез еді. Орта бойлы, дене бітімі мығым, жауырыны қақпақтай, аққұбаша, бидай өңді, маңдайы кере қарыс, шашы көмірдей қара, алды аздап бұйралау, мейірлі көз, бүркіт мұрын, саусақтарының тырнағы түссіз лакпен боялған, үстіне қыл жуытпайтын, жаңа сәнмен киінетін. Айналасындағылардың да солай жүруін әзілмен жеткізетін.
Рахаң 1969 жылдан өмірінің соңына дейін «Алматы» қонақ үйін басқарды. Қазір ойлап қарасам, Рахаң шындығында да «Алматы» қонақ үйінің жәй басқарушысы ғана емес, көркі, сәні де еді.
1983 жылдың қыркүйек айы. Алматыға Азия және Африка елдерінің жазушылары жиналды. Сол жиынға келген «Брест қамалының» авторы, әйгілі жазушы Сергей Сергеевич Смирнов былай деген еді:
– Қала қандай тамаша! Бірінші рет болуым еді. Алматы шынында да сұлу екен. Мынадай қонақ үйді батырына басқартқан республикаға рахмет! (Кәкімжан Қазыбаев. Таңдамалы шығармалар жинағы, 1 том, 231-бет).
Рахаңды халқы құрметтеді. Сондай хаттардың біреуі қадірлі Ілекеңнің хаты:
«Қалқам Рахымжан! Ұлы Отан соғысының жеңісіне ширек ғасыр болды. Бұл күні біз келешек үшін құрбан боп кеткен көп азаматтардың аруағы алдында басымызды иеміз, фашизмнің қанды ордасын талқандап, шаңырағына алқызыл ту тіккен ерлерімізді мақтан етіп, құшақтап сүйеміз. Жас та болсаң, ерлікке бас болған хас батырларымыздың сапында сен тұрсың, Рахымжан! Әңгіме атақта емес, адамзаттың бақытына қосқан үлесте ғой. Сен бізге істеген ерлігіңнің мән-мазмұнымен қымбаттысың. Мерекең құтты болсын, інім, көп жаса! Үй-ішіңе бақыт тілеймін. Ағаң Ілияс Омаров. Алматы, аурухана, 6 май 1970ж. (Кәкімжан Қазыбаев. Таңдамалы шығармалар жинағы, 1 том, 226-бет).
Рахаң Берлинге екі рет барды. Өзі жеңіс жалауын тіккен Рейхстагта болды. Алғашқыда 1965 жылы 8 майда ГДР-дің ұлттық мерекесіне байланысты салтанатқа қатысты. Еңбек ұжымында, мектепте кездесулер өткізілген. Сондай кездесуде бірде тұнжырап, бірде басын салбыратып жер сүзіп отырған өзі қатарлы неміске көзі түседі. Кездесу біткен соң, әлгі кісі қасына келіп, аудармашы арқылы «Өте жақсы айттыңыз, жолдас лейтенант. Ол күндерді ұмытуға болмайды. Мен сол опық жеушілердің бірімін. «Гиммлер үйінің» қасында жатқандарыңызда сіздерге қарсы мына мен оқ аттым. Сол бір сарыауыз жас кезімде фашизм миымды мықтап улап тастапты», – деп әлгі адам жылап жіберді. Арада үш ай өткенде верфтегі бір бригадаға, бір мектептегі пионер отрядына Рахымжан Қошқарбаевтың аты берілгенін Карл Кокошко Вильгелм хабарлады. (Деректер «Найзағайдай жарқылдап» шығармасынан алынды). К.В.Карл – ГДР азаматы, журналист, орысша жақсы сөйлейді. Әкесі Германия Коммунистік партиясының бастығының бірі, концлагерде өлтірілген. «Фашизм құрығанда 16 жаста едім. 1945 жылы май айында фашистердің бір лис-
товкасы қолыма түсті. Листовкада Рейхстагты кімдердің алғаны жазылыпты. Рахымжан Қошқарбаевтың есімін жадымда сақтап қалдым. Журналист мамандығын алған соң Рахымжанды бес жыл бойы іздедім. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстанға бардым. Содан 1963 жылы Алматыға келіп, бірден парктің ішіндегі мұражайға барғанымда, мен көрген листовкадағы суретті көрдім. Қуанышымда шек болмады. Мұражай қызметкерлері Кәкімжан Қазыбаевпен кездестірді, әрі қарай Рахымжан Қошқарбаевпен таныстым», – дейді Карл. Сол жылдан бастап Рахаңның ерлігін, жалпы Қазақстан туралы мәліметтерді ГДР-ға наси-
хаттаушы, көп істерге мұрындық болған азамат. Карл Қазақстанға екінші рет келгенде әйелі Мартаны, ұл, қызын әкеп әрқайсымыздың үйімізде, Тау Түргенде арнайы тігілген киіз үйде т.б. жерлерде қонақ болып, жақсы демалып кетті. Рахаңның және біздің отбасымызды өз еліне шақырды. Ол кезде біз сыртқа шыға алмайтын заман еді. Бірақ, Кәкең іссапармен барғанда Карлдың үйінде бір күн болды. Рахаң қайтыс болғанда ол кісіге хабар жәй жетті. Кәкең өмірден өткенге дейін хат алысып тұрды. Содан кейін хабар болмады. Сол күндер, жылдар көз алдымда, сөздері құлағымда қалды. Рахаң республиканың облыс-облыс-тарында әскери бөлімшелерде, мектептерде тұрғындармен кездесуге жиі баратын. Мен қызмет істеген мектепке де бірнеше рет өзім кездесу ұйымдастырдым. Рахаң іссапардан келген сайын үйінде дастарқан жайылатын. Алған сыйлықтарын көп балалы отбасына, жетім балаларға беріп кететінін және өзі де барған жеріндегі үлкен адамдарға шәй-қантын, матасын алып жүретін адамгершілігі мол азамат еді ғой.
Рахаңның ерлігін марапаттау туралы Москваға бірнеше рет атақты жазушы, өнер қайраткерлерінің, Социалистік Еңбек ерлерінің, Кеңес одағының батырлары атынан анықтамалар жазылды (бұл туралы Кәкімжан Қазыбаевтың таңдамалы шығармаларының 1 томында деректер молынан келтірілген) бірақ, Москва үнсіз қалды. Кейін Л.И.Брежнев: «Тарихты қайта қарамайық, – деді. Мұндай кезде Рахаң «Халқым, ұлтым аман болсын» – дейтін. «19 жасында менімен бірге Рейхстагқа жеңіс жалауын тіккен Булатовты елі елеусіз қалдырды, ол Киров облысы, Словодскі селосының Вакулова көшесінің 6-шы үйінде тұрады. Балалы-шағалы, бірақ жұмыссыз, қатты күйзелісте жүретін. Ол хат жазған сайын өзіне-өзі қол салатынын айтып менің жүрегімді ауыртады. Барып қайтсам, алайда қолымнан не келеді деп ойлаймын», – деп жүретін.
Бірде үйге телефон соқты, дауысы жарықшақтана шығып, Булатовтың асылып өлгені туралы хат келгенін айтты. Бұл – 1975 жыл еді.
Рахаңның өзі де 64 жасында 1988 жылы тамыздың 10-да қайтыс болды. Бақұлдасып жатып: «Көкелерім, менде туған іні, аға жоқ. Өлсем Бәукеңнің саясында жатайын, соны ескер, Кәкенім!» – деген еді.
Рахаңның өлімі Кәкеңнің жүрегін жаралады. Кәкең Рахаңның жылын өткізіп, атына көше, мектеп бергіздіру, тұрған үйіне тақта орнату туралы хабарды 19 қазанда Орталық комитетінің бекіткенін естіп, қатты қуанып еді. Осы қағаздарды дайындауға өзі қатысты. Бірақ, 1988 жылы 21 қазанда Кәкеңнің өзі де ұйқысынан оянбады.
Енді Кеңсай төбесінің басына жалтақтап, қайта-қайта барып, қайтпас сапарға кеткен Бәукеңді, Рахаңды, Кәкеңді сағынып, еске аламыз, олардың асыл бейнелері арманға айналды. Рейхстагқа ту тіккен Жеңіс күнінен бері елу бес жыл өткенде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Р.Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Мен де Жеңістің 72 жылдығында Рахаң туралы бір ауыз сөз айту парызым деп есептедім.

Орынша Қарабалина- ҚАЗЫБАЕВА,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар