Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біртіндеп кооперативтерге бірігудеміз - АРҚА АЖАРЫ

Біртіндеп кооперативтерге бірігудеміз

Мемлекет басшысының ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес, елімізде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кооперацияға бірігіп, жұмыс істеуіне бағыт ұсталып отырғаны белгілі.

 

Бұл жұмыс ежелден төрт түлік мал өсіріп, ата кәсіппен  айналысып отырған Ерейментау өңірінде де қолға алынуда. Бүгінгі таңда ауданда 42,1 мың бас ірі қара, оның ішінде ет бағытындағы 14 мың бас ірі қара мал, 22,5 мың бас жылқы, 90 мың қой мен ешкі бар. Мақсат – әсіресе, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру. Соңғы 4-5 жыл ішінде 35 серіктестік пен шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 3 мың 350 бас сиыр сатып алды. Осыдан бес жыл бұрын ірі қараның 80 пайызы тұрғындардың қолында болатын.  Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін төмендеп, аудандағы ірі қараның 40 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесіне тиюде.  
Аталмыш бағдарлама бойынша ірі қара тұқымын асылдандыру жұмысы жүргізілуде. Осы орайда, ауданда үш асыл тұқымды мал шаруашылығы құрылды. Шаруашылықтардың біреуі Солтүстік Америкадан әкелінген ангус тұқымдас 526 бас ірі қараны, екеуі 1 мың бастан астам қазақтың ақбас сиырын  бағуда. Аудандағы мал шаруашылықтары мал тұқымын асылдандыруға атсалысып, мал табындарын асыл тұқымды бұқалармен қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда өңірдің 84 шаруашылығы ірі қараның электронды ақпараттық-сараптамалық жүйесіне тіркелді. Мал тұқымын асылдандыру жұмысының нәтижесінде ет бағытындағы ірі қара малдың 70 пайызы ақбас мал деп айтуға болады. Мемлекеттік қолдау аясында былтыр өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 168 миллион теңге субсидия алды. 6 мың бас ірі қараға арналған мамандандырылған екі мал бордақылау алаңы іске қосылды. Бұл жобаларды «Қазагро» ұлттық компаниясының қаржы инс-титуттары қаржыландырды.
«Жаңа Береке» шаруа қожалығының жылына 5 мың тонна ет өңдейтін кешені салынды. Ол қазіргі заманғы қасапханамен және мал дәрігерлік орындармен жабдықталған. Осының арқасында ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері экспортқа 189 тонна ет шығарды. Ендігі мақсат шағын шаруа қожалықтары мен қосалқы үй шаруашылықтарын кооперативтерге біріктіру. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасы ел ішінде қолдауға ие болып келеді.  Жұрт бас қосқан жерлерде әңгіме несиеге мал сатып алу, кооперативке бірігу, ұрпақ келешегін ойлау төңірегінде өрбитін  болды. Бүгінгі таңда ауданда бес ауыл шаруашылығы кооперативі мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл кооперативтер ауылдық округтердің төрт шаруа қожалығы мен 91 қосалқы үй шаруашылығын біріктіріп отыр.
Бұл тек бастаманың басы. Әр ауылдық округте кем дегенде екі кооператив құру көзделіп, тіркеуге құжаттары дайындалуда. Мал бордақылау кооперативтерінен өзге екі сүт бағытындағы кооператив құру жоспарланған. «Тиімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында аудан бойынша 140 адам тестілеуден өткізіліп, оның жартысы «Бастау-бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік  негізін меңгеруде. Дәріс алушылардың 70 пайызы алдағы уақытта Үкіметтен несие алып, отбасылық мал бордақылау алаңдарын құруды көздеп отырған жайы бар.  
Жеріміз мал ұстауға өте қолайлы. Өңірде 47 қыстақ, яғни, бұрынғы мал бағатын учаскелер сақталып қалған. Шалғайдағы жайлауларда үйлер мен мал қоралары, электр желілері мен су ұңғымалары бар. Әрқайсысында  қырықтан жүз елу басқа дейін ірі қара, жылқы мен қой бағылуда. «Алтынды шыққан жерінен қаз» демекші, Шымкент облысының Қарабұлақ ауылы мал бордақылау кәсібімен бүкіл Қазақстанға белгілі болғандықтан, осы өңірден Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған бес отбасыны ауданымызбен таныстырдық. Ағайындарға Ереймен елі мен жері ұнады. «Бізге жер берілсе, үйді өзіміз салып, төрт түлік малды да өсіреміз» деген сөздерін айтты.  Әлімқұловтар Елтай ауылына өздерінің Нығметжан деген бауырларын қалдырып кетті. Ол ауданда аман-есен бір қыстап шықты. Қазір уақытша тіркеуге тұрып, «Бастау-бизнес» курсында оқып жүр. Келешекте несие алып, мал бордақылау алаңын ашып, мал, көкөніс өсірумен айналыспақшы. Ағайындар біздің Ақмола облысы оңтүстіктен  қоныс аударушыларды қоныстандыру тізіміне кіргізілсе деген өтінішін айтады.
Ауданда бүгінгі таңда биыл тіркелген бес кооперативке қоса,  былтыр тіркеуден өткен он кооператив бар. Олар бүгінгі талапқа сай  мал бордақылап, тұрғындардан сүт жинаумен айналысқылары келеді. Үкіметке әр ауданда мамандандырылған қасапхана бар болғандықтан, әр кооперативтің өз қасапханасы болуы керек деген тармақ тіркеу ережесінен алынып тасталса деген өтінішімізді де білдіргіміз келеді. Біздің өңірде бір ауысымда 25 бас ірі қара мал соя алатын қасапхана мен ет өңдейтін кешен осы кооперативтермен келісім-шарт арқылы бірлесіп жұмыс істей алады. Жалпы, Ереймен жұртшылығы «бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, кооперация қозғалысын қолдап отыр және осы жолда қолдан келгенше еңбек етуге дайын.

Ермек НҰҒЫМАНОВ,
Ерейментау ауданының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар