Алматыда өткен «Туризм және саяхат» KITF 2017» XVII қазақстандық халықаралық туристік көрмесіне біздің облыстың делегациясы да қатысып келді.
Халықаралық туристік көрмені Қазақстан Рес-публикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті, Алматы қалалық әкімдігі, ЮНВТО дүниежүзілік туристік ұйымы мен қазақстандық туристік қауымдастығының қолдауымен Қазақстанның және Ұлыбританияның көрме компаниялары ұйымдастырды. KITF көрмесі – Орта Азияның ірі туристік форум, Қазақстанның туризм саласындағы мүмкіндігін паш ететін шара. Биылғы жылы көрмеге 32 ел қатысты.
2013 жылдың 16 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин қол қойған «Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту жөніндегі біріккен декларациясына» 2017 жылды Қазақстандағы туризм жылы деп жариялау жөнінде жеке тармақ енгізілген еді. Сондықтан, Қазақстанның туризм жөніндегі экспозициясын 16 аймақтық туризм басқармасы ұсынды. Облыс делегациясының құрамында «Алмас», «Зеленый бор» шипажайлары, «Park House Kokshetau» отелі, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Лидер» туристік фирмасының өкілдері болды. Өңірдің көрме экспозицияларында туристік саланың 14 өкілі жұмыс істеді. Көрме жұмысы барысында облыс туризмнің мүмкіндігі жөнінде 20 мыңнан астам баспа және электрондық жарнама өнімі таратылды. Облыс павильонына келушілерге облыстың туристік әлеуеті жөнінде бейнефильмдер мен жарнамалық роликтер көрсетілді.
Соның арқасында өңіріміздің туристік әлеуетіне қызығушылық зор болып, отандық және шетелдік туристік компаниялармен екі жүзге жуық келісім-шарт жасалды. Туристік бизнес бойынша әлеуетті әріптестермен 800-ден артық іскерлік байланыс орнатылды. Біздің көрме алаңында Қазақстан Респуб-ликасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚХР Туризм ісі бойынша мемлекеттік басқарма басшысының орынбасары Ду Цзян, Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустрия-сы комитетінің төрайымы Майнұр Мырзамәдиева, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева болды. Көрмеге белсенді қатысып, мазмұнды экспозицияларын ұсынғаны үшін облыстық туризм басқармасы «ITECA» халықаралық компаниясының арнайы Алғыс хатын иеленді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.