Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дудар Сағитов өз саласының жағдайы туралы айтып берді.
Облыс бойынша пайдаланылатын жалпы автокөлік жолдары 7890,5 шақырымды құрайды, оның 2 мың шақырымнан астамы республикалық, 3 мың шақырымға жуығы облыстық, қалғаны аудандық маңыздағы жолдар. Басқарма облыстық маңызы бар автожолдардың құрылысы мен қайта қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырып, облыстық маңыздағы автожолдар желілерін күтіп ұстау мәселелерін қарастырады.
Осындай қызметтерді жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға биылғы жылы бюджеттен 11,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Аталған қаржы моноқалаларды және 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруға, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарын, 2020 жылға дейін Астана қаласына іргелес орналасқан елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары және мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту мен құқықтарын қамтамасыз ету іс-шараларын іске асыруға бағытталатын болады. Осы орайда, Астанаға жақын жатқан елді мекендерді дамытудың кешенді жоспарына сай Ақмол ауылындағы көшелерде жол құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр, Қосшы, Тайтөбе, Максимовка, Софиевка, Шұбар және Қызылсуат ауылдарындағы көшелердің жолдарына күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Моноқалаларды дамыту аясында биылғы жылы Степногорск қаласының Парковая көшесіне күрделі және басқа да көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланыпты. Сонымен бірге, Шучинск-Астана тас жолына дейінгі Трудовая, Коммунистическая, Пролетарская көшелеріне күрделі жөндеу аяқталды деп жоспарланған. Аймақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде биылғы жылы Степняк, Атбасар, Макинск, Ерейментау, Державинск, Есіл, Ақкөл қалаларының жолдарына да ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылыпты.
Облыс орталығында да бірқатар көшелерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Сонымен бірге, биылғы жылы республикалық және облыстық бюджеттердің есебінен республикалық маңызы бар автожолдарға, атап айтқанда, Целиноград ауданының Родина ауылына, Елікті тау шаңғысы базасына баратын «Кіші Барап – Кордон», «Аршалы – Ижевск», «Жаңа Колутон – Ақкөл – Азат – Минск» бағытындағы автожолдарға күрделі жөндеу жүргізілмекші.
Қазіргі уақытта облыс аудандарындағы тасқын судың салдарынан бұзылған жолдарға да тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттар дайын болған соң қажетті жөндеу, қалпына келтіру шаралары қолға алынғалы отыр.
Облыс аумағында халықтың наразылығын тудыратын сапасыз жолдар әлі де баршылық. Кейде бір сағат аралығында жетуге болатын жолдарда екі-үш сағат бөгелуге тура келіп жатады. Бірақ, мұның барлығы облыстық бюджеттің қаржысына байланысты екендігі айтылды. Биылғы жылы тасқын судың зардабын тартқан аудандардың тұрғындары үшін ауыр болып отырғандықтан, қазынадағы қаржының басым бөлігі осы елді мекендерді қалпына келтіруге бөлінетіні белгілі. Сондықтан, әзірге жоғарыдағы жұмыстарды қанағат етуден басқа амал жоқ. Тек бұл жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілсе деген тілек бар.
Ырысалды Шамшиева.