немесе сағынтқан саңлақ тұлғалар
Сағыныш екен сол бір кез. Өткен өмірдің әр парағы, әр күнің сағыныш. Жаныңа жақын тұтқан тұлғалардың ақыл-парасаты, қажыр-қайраты, ізгілік иірімдері сарытап сағыныш екен. Көкірегіңді қоламтаның шоғындай қыздырып, жұдырықтай ет жүрегіңе байыз тапқызбай, сәт сайын санаңа оралатын, жан дүниеңді бебеулетіп, байыз тапқызбай, беймаза күйге бөлейтін, ұмсынғанмен қолың жетпейтін оттан да ыстық сағыныш екен.
Сағына білуіміз де керек шығар, сағынсаң ғана санаңда жүрген уақыттың құдіретімен сарғайған суреттерге жан бітіп, тірілетін тәрізді. Тірілген соң тілдесетін тәріздісің. Бәрі қиял. Оралмайтынын білеміз, оралатыны тіршілікте атқарған толымды істері, халқына сіңірген қалтқысыз қызметтері. Бір топырақта туып, қанаттаса ер жеткен, қапталдаса еңбек еткен, қоғамға игілікті істер атқарған тұлғалар туралы сөз сабақтауымның себебі, кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өшпес өнеге, жақсы мысал болсын деу.
Алдымен біз сөз еткелі отырған үш тұлғаның да балалық шағы сол бір қиын-қыстау дәуірімен тұспа-тұс келгендігін айтуым керек шығар. Бұлар туған өлке тамаша табиғаттың көркі көз қуантар ғажайып өлкесі. Мәңгі жасыл қарағай, қолдың саласындай ақ қайың. Төскейіндегі адамдары да. Ағашта бұтақ көп болғанымен, қамшыға сап болары біреу-ақ. Адамдар да солай. Жақсысы мен жайсаңы көп болғанымен, қатарынан оза шығып, өнегесі өзгеге мысал болары аз. Бұл күнге есімі атала бермейтін Қоңқа Ғабдуллин да Алаштың айтулы тұлғаларының бірі еді. Оқырман қауым отызыншы жылдардың зұлматы талай қазақтың шаңырағын ортасына түсіргеннен жақсы біледі. Қатал уақыт ешкімді аяған жоқ. Қоңқа аға да бес жасынан жетімдіктің запыранын жұтты. Ол уақытта елдің пейілі кең ғой шіркін. Ағайындық, бауырмалдық күшті. Қоңқа аға Ғабдолла ағасының қолында тәрбиеленді. Жағама қолдың тигенін, жалғыздық сенен көремін, жамаулы киім кигенім, жетімдік сенен көремін деген жоқ. Ағаның қамқорлығы қаптал жетіп жатты. Сөйтсе де он екі жасынан қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей еңбекке араласты, іле Ұлы Отан соғысы басталды. Ел азаматтары майданға аттанды. Аңырап қалған ауылда кемпір-шалмен, жас балалар ғана қалды. Сол балалар ат, өгізбен жер жыртып, егін екті. Таңмен таласа тұрып шөп шапты. Тағдырдың салған сынына қайыспай төтеп берді. Өйткені, олардың бойында келер күнге деген үміт, арман мол еді. Сол арман ғой жетелеп жүріп жеткізген. Тумысынан ұяң мінезді Қоңқа аға ауылдағы бастауыш мектептен кейін Көкшетаудағы мектеп-интернатта оқыды. Білім ошағын тәмамдаған соң Мәскеудің ет-сүт өндірісі технологиялық институтына оқуға түсті. Айтуға ғана оңай. Әйтпесе, өзіңіз ойлап қараңыз, қияндағы шоқ жұлдыздай ғана шағын қазақ ауылында қамқоршысы аз, қаражаты кем жетім баланың анау бір қиырдағы Мәскеудегі маңдайалды жоғары оқу ордасына түсуінің өзі ерлік емес пе. Оқып жүргендегі қиындығы өз алдына. Қаражат тапшылығынан білім ала жүріп қосымша жүкші болып жұмыс істеген. Тапқан табысын рухани кемелденуіне жұмсаған. Міне, сол кездегі студенттердің ішкі жан дүниесінің қаншалықты бай екендігін, келер күнге деген ұмтылысының қаншалықты қуатты екендігін осы бір мысалдан-ақ көруге болады. Алғашқы еңбек жолын Семей ет комбинатында бастаған. Өз саласы бойынша Аягөз қаласында қызмет еткен. Небары отыз жасында Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы болды. Арада төрт жыл өткен соң Атбасар қаласында жаңадан салынған ірі ет комбинатын басқарды. Осы жерде қисапсыз еңбек сіңірді. 1972 жылы Целиноград қаласындағы ет комбинатының директорлығына ауыстырылды. Бұл ортада да 12 жыл бойы қалтқысыз қызмет етті. Кейін зейнетке шыққанша облыстық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Зейнетке шыққаннан кейін де Қоңқа Әкімбайұлы Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесінің мүшесі болып елдік істерге білек сыбана араласты.
Әр жылдардағы тындырымды қызметі үшін Қоңқа Әкімбайұлы «Құрмет Белгісі» орденімен, әлденеше Құрмет грамотасымен марапатталды. Өнегелі отбасының тірегі болды.
Кейінгі ұрпақ жалаң аяқ жар кешіп, балалық шағында бейнетке батып жүрсе де, жақсы күндерден үмітін үзбеген туған еліне адал қызмет етуді мұрат тұтқан осындай абзал азаматтардың өмір дерегін білгені дұрыс. Жас толқынға алға ұмтылу үшін де сонадайдан бағыт сілтер темірқазық нысана керек емес пе.
Кейінгі ұрпаққа ғибраты мол, өшпес өнеге иесі бола білген тағылымды тұлғаның бірі, айтулы дәрігер Әбу Сәрсенбаев. Әбу Омарұлы Зеренді ауданына қарасты Сарекен деген жерде туыпты. 1958 жылы Қарағанды медицина институтын бітірген. Сөз арасында мына бір жайды айта кетуіміз керек, дәл осы кезде ел ішінде дәрігер қауымға беймәлім індет пайда болады. Әлгі індетті жұқтырған адам дене қызуы қатты көтеріліп, аяқ-қолдары жансызданып сал болып қалады екен. Тіпті, ауыр дерттің кесірінен бақилық болғандар да аз емес. Дәрігерлер жетіспегендіктен Қарағанды медицина институтының үздік оқитын бесінші курстың бір топ студенттерін ел ішіне жібереді. Әбу Омарұлы №7 қалалық клиникалық ауруханада. Шахтерлар арасында беймәлім дертке шалдыққандарды дер кезінде анықтап, емдеуге көп еңбек сіңіреді. Кейіннен бұл індет полимелит деген ауру екендігі белгілі болады. Осылайша білім алуын еңбекпен ұштастырып, тәжірибе жинақтайды. 1958 жылы институтты үздік бітіргенде Қарағандыдағы №7 клиникалық аурухананың басшылары айрықша талантты әрі адам айтқысыз еңбекқор Әбу Омарұлын бірден қызметке қабылдапты. Дәрігердің кейінгі қызмет жолы әуелі Еңбекшілдер ауданында, кейін Көкшетау қалалық ауруханасында жалғасты. Талантты да талапты жас маман сала басшыларының назарына бірден ілігіп, 1961-1963 жылдары Мәскеуге Герцен атындағы онкология институтына оқуға жіберіледі. Оны бітірген соң 1963 жылы министрліктің арнайы жолдамасымен Талдықорған облыстық онкология диспансеріне бас дәрігер болып орналасты. Осы емдеу мекемесін табаны күректей 34 жыл бойы абыройлы басқарды. Алғашқы уақытта бұл ауруханада кадрлар жетімсіз, медициналық-техникалық базасы әлсіз болатын. Әбу Омарұлының күш-қайратының арқасында аса қысқа мерзімде республикалық озат тәжірибе мектебіне айналды. Екі рет Бүкілодақтық, үш мәрте республикалық ғылыми-өндірістік семинарлар өткізілді. Диспансердің жақсы жұмысы- ның нәтижесіне орай, КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Александр Довженко атындағы киностудия «Ракқа қарсы шабуыл» атты деректі фильм түсірді. Оған Болгария, Чехославакия киномотографистері қатысты. Сол жылдары Әбу Омарұлы диспансердің басқару жұмысын қолға ала жүріп, қатерлі дертпен ауырған мыңдаған адамдарға сәтті операция жасап, анық ажалдың тырнағынан аман алып қалды. Қырық жыл бойы қолына қалам ұстап жүріп, туған халқына қалтқысыз қызмет еткен Әбекең қырыққа жуық ғылыми еңбектер жазып, емдеу саласына жаңалықтар енгізген. Осындай ізденімпаздығы, білімінің арқасында Ленинградтағы Бүкілодақтық онкология ғылыми орталығында басқарма мүшесі болған. Қарапайым ауылдан шыққан қазақ баласының хирург дәрігер ретінде әлемнің онкология саласындағы майталман мамандарын аузына қаратуы қандай ғажап дүние. Қазақстанға еңбегі сіңген онколог-хирург, дәрігер Әбу Сәрсенбаевтың ерен еңбегі әлі де айтылуға тиісті деп білемін.
Үшінші туған елге тұлға боларлық адамның бірі, менің жан жарым Өмірбек Бәйкенов. Бар саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына, оның ішінде дауасыз дерт – қатерлі ісікпен күресуге арнаған ғалым-дәрігердің ерен еңбегі ел есінде ұзақ уақыт жүретіндігі даусыз. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының түлегі Өмекең еңбек жолын Еңбекшілдер ауданының Казгородок учаскелік ауруханасынан бастады. Аз уақыттың ішінде өз бойындағы табиғи талант-дарынын, қарымды қабілетін, жоғары жауапкершілігін көрсете білген жас маман 1959 жылы облыс орталығындағы онкология ауруханасына хирург ретінде ауыстырылды. Қолы шипалы, жүрегі жұмсақ, жүзі жылы, мейірімі мол, адамгершілігі асқақ білікті маман күнделікті қат-қабат шаруасын тап-тұйнақтай тындыра жүріп, ғылыми жұмыспен де белсене айналысты. Бүкілодақтық конгрестер мен съездерге бірнеше мәрте қатысып, өзінің ұтымды іс-тәжірибесін
насихаттады. Білікті мамандардың әдіс-тәсілдерін өзі де меңгеріп, жас мамандарға да үйретіп, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырды. Облыс орталығында онкология диспансерін салу туралы мәселе көтеріп, бар күш-жігерін, қажыр-қайратын сарқа жұмсап, алдына қойған мақсатын орындап шықты. Кейін өзі үзіліссіз бас дәрігер қызметін атқарған диспансердің жаңа заманғы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, қатерлі ісікке қарсы күрестің қауқарын арттыруға қисапсыз еңбегін сіңірді.
Алматыдағы медициналық институты ғылыммен айналысыңыз деп ат-түйедей қалап шақырғанда да, бармап еді. Алдында ғылымның жарқын болашағы есігін ашып тұрса да. Қол созым жердегі атақ-абыройдан да бас тартып.
Мен Раузаға жоғары білім әперсем, докторлық қорғағанмен бірдей деуші еді жарықтық. Мектепті жаңа бітірген мені ешқандай оқуға қаратпай алып кеткен соң өз бойындағы жауапкершілігі үшін айтқаны да. Осы бір ауыз сөзі жаныма байыз тапқызбай, жадымда жаңғырып тұрады әркез.
Өздерің боп өрілер жырдың басы,
Көз алдымда кескіні, түр-тұлғасы.
Қатар өскен қарағайдың бұтағындай,
Көкшетаудың көрікті үш тұлғасы.
Кездер-ай сол баяғы сағындырған,
Отты лебіз жанымды жалын қылған.
Деуші еді асыл жарым, беу Өмекең,
Өзің үшін шыбындай жаным құрбан.
Ел болды арман-мақсат, үміттері,
Халықтың қамы ізгі тілектері.
Халқына қыруар еңбек сіңіретін,
Көп болсын елдің көркем жігіттері.
Рауза БӘЙКЕНОВА.