Көкшетау жоғары колледжінде «Кәсіпқор» холдингінің бастамасымен өткен байқау жастар арасында кәсіптік-техникалық мамандықтарды насихаттауға арналды.
Елімізде орта буын кәсіптік және техникалық мамандарға деген сұраныс артып келеді. Индустрияландыру бағдарламасына орай ашылып жатқан өнеркәсіп орындарының бәріне жұмысшы мамандар керек. Құрылыс, ауыл шаруашылығы саласы да даму үстінде. Еңбек нарығында осындай жоғары сұранысқа ие мамандар қажет. Бүгінде екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүргендер аз емес. Олардың дені жастар. Осы орайда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру аясында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары қолға алынуда. Бұл жұмыстардың бәрі колледждердің базасында жүзеге асырылады.
Аталмыш байқау да жұмысшы мамандардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Байқау қатысушылардың сандық басқару станоктарында токарьлық жұмыстар атқару және басқа мамандықтар бойынша өз шеберліктерін тек теориялық тұрғыда емес, сонымен қатар, тәжірибе жүзінде қаншалықты меңгергендіктерін саралады.
Руслан Гааг Тараз қаласының №13 кәсіптік лицейінің намысын қорғауға келсе, Диас Дулат Көкшетау қаласының жоғары колледжінің білім алушысы. Ал, Алмас Жаңаберген болса, Алматы қаласының көлік және коммуникациялар колледжінде білім алады. Берекет Егеубаев Маңғыстау политехникалық колледжінде оқиды. Сонымен қатар, «Өскемен арматура зауыты» акционерлік қоғамының жұмысшысы Петр Рахманов та осы байқауға қатысып, өз өнерін ортаға салды. Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының қара металлургия колледжінің оқушысы Всеволод Бурак пен Астана қаласының кәсіптік-техникалық колледжінің білім алушысы Артем Калашник та өзінің қарым-қабілетін жақсы көрсете білді. Ал, ағашты көркемдеп өңдейтін ағаш шеберлері аталымы бойынша Тараз қаласының №13 кәсіптік лицейінің оқушысы Нұрбай Қыпшақбай және Көкшетау қаласы жоғары колледжінің білім алушысы Валерий Водницкий бақтарын сынады. Байқау қорытындысы Астана қаласында өтетін ақтық сайыста шығарылады.
Назгүл Рабилова.