ата-аналарымыз кішкентайымыздан бізді адалдыққа осылай баулушы еді
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Бурабай ауданындағы «Diskovery Barovoe» сауықтыру орталығында «Адал ұрпақ – 2017» ерікті мектеп клубтарының слеті болып өтті.
Қоғамымызға тереңдеп еніп кеткен жемқорлық дерттің тамырына балта шабу үшін жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасты еліміздің ертеңгі тізгін ұстары жас ұрпақтың бойында орнықтырудың маңызы зор. Аталмыш шараны өткізудің мақсаты да жас ұрпақты жемқорлыққа қарсы көзқараста тәрбиелеу.
Департамент басшысы Берген Беспалинов оқушыларға жемқорлықтың мемлекетімізге, қоғамымызға тигізетін зардаптары туралы айтып берді. «Жемқорлық қоғамға тек экономикалық жағынан ғана зардабын тигізіп қоймай, әділеттілік принциптеріне де зор залалын тигізеді» дей келе, департамент басшысы пара беру арқылы оқу бітірген мамандардың білімсіздігі өз алдына, ертең өзгелерге зиянын тигізуі мүмкін екендігін атап өтті. Ақша беріп оқыған дәрігер ауруларды қалай емдемек? Сондықтан да, жемқорлыққа төзбеушілікті балалар жас кездерінен саналарына сіңіріп, оның зиянды екендігін түсініп өсуі қажет.
«Жаңару» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов әңгімесін «Жеріміздің асты мен үсті толған қазына, бірақ, соған қарамастан халықтың тұрмыс дәрежесі оншалықты жоғары емес, бұған жемқорлықтың тигізіп отырған залалы көп», – деп бастап, жемқорлық тек біздің елімізде ғана емес, барша әлемде белең алған теріс құбылыс екендігін, десе де, жемқорлықты біршама тиып, жетістікке жеткен елдер барлығын айтты. Мәселен, Гонконг, Сингапур елдерінде мемлекеттік қызметшілер арасындағы жемқорлыққа қарсы жүргізілген пәрменді күрестердің нәтижесінде оның көлемі төрт-бес пайызға дейін азайған. Жемқорлықты тыю үшін қоғамдық сананы өзгерту қажет. Пара алған адам ғана емес, пара берген де айыпты.
«Белый блоггер» қоғамдық бірлестігінің президенті Ерлан Жайықбаев балаларға нақты мысалдар келтіре отырып, жемқорлықтың тигізетін зардаптары жайында тартымды баяндап берді. Бірнеше жыл бұрын «Ютубте» шағын ролик көрсетіле бастаған еді. Онда автокөлігінде отырып сусын ішкен біреу бөтелкені жол жиегіне лақтырып кетеді. Ал, соңында келе жатқан көлік иесі әлгі бөтелкені алып, машинаны қуып жетіп бөтелкені машинаның терезесінен иесіне тастайды. Осы роликтің ықпалымен кейін жолда бөтелке тастаушыларға қарсы осындай еріктілердің күресі өріс алған еді. Блоггердің айтуынша, осындай нақты мысалдарға негізделген тәрбиенің ықпалы зор.
Жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбы қызықтырған балалар сөйлеушілерге көптеген сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Наталья Степанова биылғы жылдың басында оқушылар арасында жемқорлыққа қарсы өткізілген «Адал ұрпақ» конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Жеңімпаз болып Ақкөл ауданының оқушылары танылды.
Айта кетерлігі, жемқорлыққа қарсы облыс мектептері арасында өткен жылдан бері еріктілер клубтары құрылып, жұмыс істеуде. Бүгінде ол бес мыңға тарта оқушыларды біріктіріп отыр. Осылайша жемқорлыққа қарсы қоғамдық сананы қалыптастыру балалар арасында да қолға алынуда.
Қалкөз ЖҮСІП.
Бурабай ауданы.