ҰБТ: бір үміт, бір күдік
Комиссия отырысына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, комиссия мүшелері және мүдделі басқармалар мен мекемелердің басшылары қатысты. Жиында Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов баяндама жасап, қала мектептерінің ұлттық бiрыңғай тестiлеуге дайындық барысы егжей-тегжейлі сөз болды. Сондай-ақ, осы кезге дейін ұлттық бірыңғай тестілеуге орай алдын ала тексеріс сынағы өткізіліп, нәтижесінде қала бойынша орташа ұпай 73,9 балды құрағандығы белгілі болды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов мұндай нәтижеге көңілі толмайтындығын ашық айтты.
– Ұрпақ тәрбиесі ұлт тағдыры екендігін ұмытпауымыз керек. Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі. Ақмола облысы рес-публика бойынша білім сапасынан 15-інші орында. Бұл өте нашар көрсеткіш. Мемлекет тарапынан оқушы балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдайлар жасалған. Алайда, соңғы жылдары облыстағы түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі көңіл көншітпейді. Демек, білім сапасын арттыру басты міндет болуы керек, – деді ол.
Баяндамадан аңғарғанымыздай, алдын ала жүргізілген тестілеудің нәтижесі әсіресе, №4, 8, 13 орта мектептерде мәз емес. Биылғы мектеп түлектері ұлттық сынақты жаңаша форматта тапсырады. Осыны алға тартқан филиал төрағасының бірінші орынбасары биылғы жылға зор сенім артылатынын қадап айтты.
Ақмола облысы бойынша білім беру саласын бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдинов өз баяндамасында айтып өткеніндей, көптеген білім мекемелерінің мемлекеттік аттестаттаудан өтпей қалуының басты себебі, оқушылардың білім сапасының төмендігінде. Аттестаттау аясында 4, 9 және 11 сынып оқушыларының білім деңгейі тексерілген. Бұл орайда, 4 сынып бойынша 882 оқушы тест тапсырса, оның 538-і қазақ, қалған 344-і орыс сыныптарының балалары. Тексеріс нәтижесі балалардың білім деңгейінің төмендігін көрсеткен.
Жарыссөзге қатысқан Бурабай аудандық білім бөлімінің басшысы Жангелді Төлегенов өздеріндегі ҰБТ-ға дайындықтың жай-жапсарына тоқталды. Мәжіліске қатысушылар оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру, педагогтардың кәсіби деңгейін арттыру, сондай-ақ, оқушылардың білім сапасын көтеруге бағытталған шешім қабылдады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.