Өткен жылы тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткен еліміз өз дамуында біраз жетістіктерге жетті. Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында әлемдік қауымдастықтан лайықты орнын алған Қазақстан енді әлемнің ең озық отыз мемлекетінің қатарына ену мақсатын көздеуде. Бұл үшін Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауында бес басым бағыттар айқындалып, Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойылды. Салық саласының қызметкерлері де осы міндеттерді орындау жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етуде.
Өткен жылдың қорытындыларына сай кірістер департаменті мемлекет қоржынына 112 миллиард 630 миллион теңге салық түсімін түсірді. Бұл болжамды жоспардың 111 пайызы. Кірістер департаменті қосымша кіріс көздерін тауып, іске қосудың нәтижесінде 8 миллиард 484 миллион теңге түсімге қол жеткізді. Осылайша мемлекеттік бюджет түсімі біршама өсе түсті.
Кеден саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жақсы жетістіктер мен оң істеріміз баршылық. Тауарлардың кедендік құнын нақтылау бойынша 325 құжаттау жұмысы жүргізіліп, бұл қосымша 121 миллион теңге түсім түсіруге жағдай жасады. Тауарларды жіктеуге қатысты 67 шешім қабылданып, ол қосымша 13,8 миллион кеден түсімін түсірді.
Елбасы Жолдауында көрсетілген бірінші және екінші басым бағыттарды жүзеге асыру жолында кіріс департаменті салық және кеден саласы бойынша жан-жақты қайта құрулар жүргізуде. Қазіргі күні салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық байланысқа қатысушылардың біркелкі базасы жасалып, оларды электрондық нұсқаға көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Сыртқы экономикалық байланысқа қатысушыларды рәсімдеуді оңтайландыру мақсатында биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап «Астана -1» ақпараттық жобасын іске қосу жоспарлануда. Бұл жоба Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен БҰҰ сауда-саттық конференциясының өзара келісім-шартының нәтижесінде жүзеге асырылмақ. «Астана -1» ақпараттық жобасы қазіргі қолданыстағы бес кедендік жүйені біріктіреді және өкілетті органдардың жүйелерімен әрекеттесе отырып, сыртқы саудаға қатысушылардың қызметін қағазбастылықтан арылтып, электрондық нұсқада жүргізуге жағдай жасайды. Бұл жемқорлық заң бұзушылықтарға жол бермей, рәсімдеу шарасын жеделдетеді. Электрондық нұсқада өтініш берушіден тауар туралы қосымша ақпараттарды беру талап етілмейді. Тауардың белгілі бір бөлігін тәуекелділігі жөніндегі тексеру барысында мұндай жағдай анықталмаса, оның иесінің қатысуынсыз автоматты түрде жүргізу жүзеге асырылады. Осыдан көріп отырғанымыздай, бұл жоба шет елдермен сауда-саттық жасаушы кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландырып, жеңілдетеді.
«Астана -1» ақпараттық жобасын жүзеге асыру ешқандай да қосымша жүктемені, арнайы бағдарламаларды қажет етпейді. Бұл жүйе кез-келген компьютерден кез-келген жерде жобаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол бір терезені құруға жағдай жасап, осының нәтижесінде барлық қадағалаушы органдардың өзара бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды. Бұл әсіресе, қазіргі Еуроазиялық одақ елдері арасындағы байланысты кедергісіз және мүлтіксіз жүзеге асыруға үлкен ықпалын тигізетін болады.
Елбасы Жолдауында айқындалған үшінші басымдықты жүзеге асыру бағытындағы жұмыстың бір парасы ретінде ауылдық округтер әкімдерінің жеке бюджетін құру жұмысын атап өтуге болады. Бүгінгі күні осындай қанатқақты жоба Целиноград ауданында қолға алынуда. Осы орайда, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге тиісінше өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде және қаржылық база жасалуда. Төртінші деңгейдегі бюджетті құру маңызды екі өзгеріске әкеледі. Біріншіден, әрбір ауыл әкімі өз округінің аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың уақытында тіркеліп, жұмыс істеуіне мүдделі және ынталы болады. Осыған байланысты тіркелмей өз кәсібін жүргізу жағдайларына орын берілмейді. Екіншіден, өзінің жеке бюджетінің болуына орай ауыл әкімдері сол елді мекенді абаттандыру, жолдарды жөндеу мен күтіп ұстау сияқты шаруаларды атқаруына мүмкіндік алады.
Бұл жаңалық азаматтардың бюджетті құру және оны пайдалану жұмыстарына қатысуларына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қарапайым халықтың оған деген сенімдерін арттыруға жағдай жасайды және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытады.
Қазіргі кездегі экономиканың серпінді дамуына үлкен кедергі келтіріп отырған жайлардың бірі – көлеңкелі экономика. Ол бюджеттің кіріс бөлігінің еселеп төмендеуіне және сол арқылы бюджеттік жобалардың жүзеге асуына елеулі түрде кедергісін келтіреді. Көлеңкелі экономиканың қатерлі түрінің бірі – жалған кәсіпкерлік. Осы орайда, кіріс департаменті жалған кәсіпкерліктің алдын алу және оған қарсы күрес жұмыстарына зор көңіл бөледі. Салық қызметкерлері жалған кәсіпкерлік белгісі сезілген жағдайда бұл туралы жедел өкілетті органдарды ақпараттандырып, тиісті материалдарды экономикалық тексеруге жолдайды.
Өткен бір жылдың ішінде департаменттің экономикалық зерттеу қызметінің өндірісінде жалған кәсіпкерлікке қатысты 38 қылмыстық іс болды. Жедел алдын алу және іздестіру қызметінің оңтайлы жұмысының арқасында құрамында бес адамы бар жалған кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан қылмыстық топ әшкереленді. Бұл топ жеті жылдан бері облысымыздың аумағында өздерінің заңсыз қызметін атқарып келген. Топ мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол аяғына дейін жеткізілді. Сөйтіп, жалған кәсіпкерлікпен айналысқан азаматтар сот шешімімен 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылып, заңсыз тапқан мүліктері тәркіленді.
Елбасы Жолдауында төртінші басым бағыт ретінде қарастырылған адам капиталын дамыту мәселесіне де кіріс департаменті жете көңіл бөледі. Ең алдымен, мамандарды іріктеу және жұмысқа қабылдау ісі ашық, жария түрде жүргізіледі. Білікті мамандарды қызмет баспалдағымен жоғарылату, кадрларды конкурс арқылы жұмысқа қабылдау жүзеге асырылады. Департаментте жоғары лауазымды қызметке маман таңдағанда ең алдымен, оның төменгі сатыдағы қызметте кем дегенде бір жылдан астам уақыт жұмыс істеуі назарға алынады. Қызметкерлердің мансап баспалдағымен өсуінде олардың біліктілігі, білімі, өз қызметіне сәйкестілігі және тәжірибесі ескеріледі. А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетімен меморандумға қол қойылып, аталмыш оқу орнының студенттері департаментте өндірістік тәжірибеден өтуді дәстүрге айналдырды. Сонымен бірге, жоғары оқу орындарын бітірушілермен, салық төлеушілермен және БАҚ өкілдерімен үнемі ашық есік күндері өткізіліп тұрады. Департамент мамандары өздерінің кәсіби білімдері мен біліктіліктерін жетілдіруге әрдайым жете көңіл бөледі және қазіргі заманғы озық технологияларды меңгеруге баса назар аударып отырады.
Біздің департаменттің 146 қызметкері Мемлекеттік басқару академиясында қашықтан оқыту бойынша білімдерін жетілдірді. Ал, аймақтық оқыту орталығында 85 қызметкеріміз оқып, біліктіліктерін көтерсе, 128 қызметкеріміз ведомстволық оқу курстарынан өтті.
Елбасы Жолдауында айқындалған тағы бір басым бағыт – жемқорлықпен күрес. Бұл бағытта да департаментте айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы орайда, жемқорлық заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында өзіміз көрсететін 52 қызметтің 34-і электрондық нұсқаға көшірілген. Бұл қызметтерді әрбір салық төлеуші интернет арқылы өз бетінше пайдалануларына мүмкіндіктері бар. Қазіргі күні 24 қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы баламалы негізде көрсетіледі. Биылғы жылдан бастап тек өтініш беру арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мүмкіндік жасалды.
Әлемнің бәсекелестікке қабілетті озық отыз елінің санатына қосылу сияқты биік міндетті алға қойып отырған мемлекетіміздегі қазіргі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар болашақта сондай биіктен көріне алатынымызға деген сенім ұялатады.
Ерлан ХАСЕНОВ,
облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.