Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тиісті міндеттер жүктелді - АРҚА АЖАРЫ

Тиісті міндеттер жүктелді

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, ұлттық компаниялардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан кеңесте облыс әкімі алдымен жиналғандарға, облыстық мәслихатпен келісе отырып, үстіміздегі жылдың 2 мамырында өз өкімімен тағайындаған жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Серік Баймұқановты таныстырды. Бұрын осы лауазымды атқарған полиция подполковнигі Жанбай Омаров Степногорск қалалық ішкі істер басқармасының басшысы болып ауысты.
Кеңесте үш мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – облысымыздағы тілдерді дамыту басқармасының атқарған жұмысы туралы  осы басқарманың басшысы Арман Бердалин баяндама жасады. Ол өз сөзінде алдымен облыста мемлекеттік тілді білетін ересек тұрғындардың үлесі салмағы 2016 жылы 67,3 пайызға жеткенін, ал, биыл 70 пайызға жету тиістігін атап өтті. Бүгінгі таңда облыста 215 бала бақшасы бар болса, оның 68-і ғана таза қазақ тілінде.  Бұл ретте, басқарма басшысы мемлекеттік тілді ойдағыдай дамыту үшін бала бақшаларын неғұрлым қазақ тіліне көшіру керек деген ойын айтты.  
Мектептерде де әзір жағдай осындай. Облыста 572 жалпы білім беретін мектеп бар болса, оның 161-і ғана қазақ мектептері. Халық құптай бермейтін аралас мектептердің саны әлі азаймай отыр. Осындай 221 мектеп бары бұл сөзіміздің айқын дәлелі. Облыстағы 39 колледждің тек біреуінде оқу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сөз ретіне қарай айта кетсек, таза орыс тіліндегі  колледждердің саны 11.
Тағы бір оңайлықпен алынбас қамал – көшелердегі қазақшасы қате жазылған жарнамалар болып тұр. Оларды түзетуге тіл басқармасына жете еркіндік берілмей тұр. Соңғы уақытта ономастика саласында біраз жұмыстар атқарылды деуге болады. 2016 жылы облыстық комиссияның екі отырысы өткізіліп, 272 көшенің атауын өзгерту жөнінде шешім қабылданды. Басқарма өзінің жұмыс құзыретіне сай тіл мәселесінде басқа да шараларды қолға алуда.
Бұл ретте, облыс әкімі ведомс-тволар мен басқармалардың басшыларына, аудан, қала әкімдеріне іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге толық көшуді, жергілікті жерлерде ономастикалық комиссиялардың жұмысын дұрыс жолға қоюды тапсырды.
Кеңесте еңбек қауіпсіздігі және еңбекақы қарызы мәселелері де қаралып, осы жайлар еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Берік Мұстафиннің баяндамасында толық қамтылды. Жыл басынан бері осы мәселелер бойынша 167 кәсіпорын, мекеме тексеріліп, еңбек заңдылығын сақтамау жөнінде 103 ұйғарым хат жөнелтілген. Бұдан тыс өз мұң-мұқтаждары бойынша 1294 жеке және заңды тұлға басқармадан көмек-қолдау сұраған, оның 387-і қызметкерлердің еңбекақыларының уақытында төленбеуіне қатысты. Осының өзі кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде еңбек заңдылығын сақтаудың көңіл көншіте бермейтіндігін көрсетсе керек. Еңбек қауіпсіздігін сақтау да өз деңгейінде деп айту қиын. 2016 жылы 84 адам өндірісте жапа шегіп, оның 12-сі қаза тапқан. Биылдың өзінде өндірісте осындай 17-і зардап шегу оқиғалары тіркелген. Мұндай келеңсіздіктер әсіресе, тау-кен металлургия саласында көбірек байқалуда. Осы жағдайлардың алдын алу бағытында басқарма тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстарға тоқталған баяндамашы еңбекақы қарызын да айналып өте алмады. 87 кәсіпорын мен мекемеге жүргізілген тексерістің барысында 3214 қызметкерге 303,5 миллион теңге көлемінде еңбекақы қарызы жиналып қалғаны анықталған.
Облыс әкімі аппарат кеңесінде бұл мәселелерге де ерекше назар аударып, еңбекақы төлеу, өндірісте еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелерінің тұрақты бақылауда ұсталуын талап етті.
Облыста өтпелі кезеңнің тұсында тоқырап, кейін барып түзелген мал дәрігерлік қызмет туралы да осы кеңесте жан-жақты сөз болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған ветеринарлық басқарманың басшысы Базарбай Бұлашев осы бағыттағы жұмыстардың барлығын баяндап өтті. Алаңдарлық бір мәселе – қолда бар малдың жұқпалы ауруларға шалдығуы да назардан тыс қалған жоқ. Малдың жұқпалы аурулары дегенде, тіл ұшына алдымен оралатыны бруцеллез. Осы ауруға биыл 214,2 мың ірі қара тексерілсе, оның 1016-сы аталмыш дертті жұқтырған болып шыққан. Рас, ұсақ малдардың арасында бұл цифр аз. Барлық сырқат мал санитарлық союға жіберілген көрінеді. Әзірге Қорғалжын, Жарқайың, Ақкөл, Ерейментау және Сандықтау аудандарында малдың бруцеллезге шалдығуы облыстық орташа көрсеткіштен жоғары болып тұр. Әрине, мал басын аман сақтау, саланы дамыту орайында басқарма тарапынан бұдан басқа да атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес, бар. Мал дәрігерлік бақылауды, әсіресе, осы тұрғыдағы заңдылықтарды бұзғаны үшін әкімшілік шараларды күшейтуді тапсырған облыс әкімі Мәлік
Мырзалин 25 маусымға дейін мал табындарын егу жұмыстарымен толық қамтамасыз етуді басты міндет етіп жүктеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар