Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қап тауының баурайында - АРҚА АЖАРЫ

Қап тауының баурайында

қазақы өнердің қасиеті асқақтады

 

Таяуда Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің «Жарқын» халықтық би ансамблі Дағыстанда өткен ІV-ші халықаралық «Каспий – достық жағалауы» фестиваліне қатысып қайтты.

 

Негізінен ел ішіндегі өнер кенішін електен өткізіп, жақұтын жарқырата көрсетуді мұра тұтқан фестиваль екі жылда бір мәрте ұйымдастырылады екен. Бұл күндері қияндағы Қап тауының қырқалары сан ұлттың тілінде шырқалған әсем әнмен тебіреніп, қырмызы гүлдей бимен безендірілген. Көкшетаулық бишілер тобы бес мың жылдық тарихы бар Дербент қаласындағы ежелгі қорғанда билепті. Бұл қазақ өнерпаздарының осы бір қияндағы өнер өлкесіне тұңғыш қадам басуы екен. Шартараптан тау суындай құлдилап құйылып, өнер тостағанының шарасын шүпілдеткен сан саңлақ «Жарқын» халықтық би ансамблінің орындауындағы «Жарқын» биіне тәнті болған. Сөз арасында, сан мәрте топ жарған халықтық би ансамблінің қоюшы режиссері Гүлмира Ордабаева екендігін айта кеткен ләзім.
Осы жол қазақ өнерін оның ішінде сан ғасыр ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан би өнерін жоғары деңгейде көрсетті, – дейді колледж директоры Құралай Ыдырысова. – Өнерде шекара жоқ екендігі рас. Біздің білім алушылар өздері ғана өнер көрсетіп қана қойған жоқ, сонымен бірге, өзге жұрттың да өміршең өнерінің өрісін танып, өлшемін пайымдап қайтты. Қияндағы Кавказға өнер туын желбіретіп биік ұстап барып едік, асқақ таулардың өр мінезіндей өршеленіп, одан да биіктетіп, қайттық. Ең бастысы, ұлтымыздың қымбат қазынасының бірі би өнерін қаншалықты меңгергенімізді көрсете білдік.
Дербент қаласындағы «Нарын-Қала» қорғанында басталған көкшетаулықтардың өнер сабақтастығы әрі қарай жалғасып, фестивальдің жабылуында «Шабыт берген жетіген» биін билеген. Сондай-ақ, «Сезім сыры», «Жарқын» биі де жақсы әсер қалдырған. Махачкала қаласының мэрі Мұса Мұсаевтың Алғыс хатына ие болған. Одан басқа да жүлдемен сый-сияпат толып жатыр. Бәрінен бұрын, қияндағы Қап тауының қырқасында қазақы өнердің қасиетін танытқандарын айтсаңызшы.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар