Еңбекпен келегн абырой
Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе,
Қызыққаннан келмей ме, жүре бергің?!
Сондықтан да, келеді біле бергім…
Осынау өлең жолдары ауыр да абыройлы әрі қастерлі мамандық иелері – ұстаздарға қаратылып жазылғандай. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым бар болса, соның бірі ұстаз. «Ұстаз» қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі ұғым. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен бірдей естіледі. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, оның сан қилы құбылыстарын терең түсінуге, жан дүниеңе нұрлы шуақ себездеп, адамгершіл болуға баулыған мұғалімнің бейнесі әр шәкірттің көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Ауданымызға қарасты Краснояр ауылындағы №25 орта мектептің директоры Жақсыбек Жақыпов туралы ауылдастары мен әріптестері әрдайым жақсы пікірде. Ол мұндай дәрежеге өзінің еңбекқорлығымен, талапшылдығымен және біліктілігінің арқасында қол жеткізді. Ұстаз жолының оңай еместігін жете түсінген Жәкең бар білігі мен кәсіби шеберлігін осы мамандықты игеруге жұмылдырды.
Жақсыбек Хамзеұлы Қорғалжын өңірінің тумасы. Осы ауданның құбатөбел, қазақы қаймағы бұзылмаған Қараегін ауылында туып-өскен жан. Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында абыроймен еңбек еткен әкесі Хамзе Жақыповтың жолын қуып, мұғалім болуды мақсат тұтты. Арман жетегімен Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, оның математика факультетін ойдағыдай тәмамдап шығады. Еңбек жолын 1974 жылы Торғай облысының Қима ауданындағы №2 орта мектепте қатардағы мұғалімдіктен бастап, осында 1983 жылға дейін тапжылмай еңбек етті, білімін шыңдап, тәжірибе жинақтады.
Сол жылдары ауыл-ауылда қазақ мектептерін көптеп ашу туралы жоғарыдан нұсқау түсуіне байланысты осы ауданның Тайпақ ауылында жаңадан қазақ мектебі ашылып, оған білікті маман Жақсыбек Жақыпов директор болып тағайындалады. Оның басшылық қызметте де тасы өрге домалады. 1983-1987 жылдары осы Тайпақ мектебінде, 1987-1989 жылдары Есіл орта мектебінде ұстаздар ұжымына басшылық етті. Кейін Қима аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін де абыроймен атқарды. Бірақ, 1998 жылы Қима ауданының таратылуына байланысты Ақмола облысы Жақсы аудандық білім бөлімінің меңгерушілігіне ауыстырылып, осы қызметте 2001 жылға дейін жемісті еңбек етті.
2001 жылдан бастап Жақсыбек Хамзеұлының оқытушылық қызметі Целиноград ауданында жалғасты. Осы аудандағы Краснояр орта мектебінің директоры лауазымына тағайындалып, үлкен де ұйымшыл ұжымды 2015 жылға дейін біліктілікпен басқарды. Жалпы, Жәкеңнің педагогтық еңбек өтілі 41 жылды құраса, оның ішінде 32 жылын басшылық жұмыстарға арнаған екен. Әйгілі ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің мынадай қанатты сөздері бар: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі». Осы қағиданы басшылыққа алған Жақсыбек Хамзеұлы қарамағындағы ұстаздардың шәкірттерге сапалы білім беріп, өз қабілеттерін ашып көрсетулеріне жан-жақты жағдай жасады. Осының нәтижесінде 2012-2013 оқу жылында Краснояр мектебінің түлектері ҰБТ сынағының қорытындысы бойынша аудандағы 24 мектептің арасынан екінші орынға ие болды.
Білікті басшы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға да баса көңіл бөлді. Мектеп жанындағы балалар лагері жыл сайын жұмысын тоқтатқан емес. Жазғы лагерь жұмысы да аудан басшылығы тарапынан жоғары бағаланды. Әрине, еселі еңбектің қашанда қайтарымы болады. «Абырой іздесең, ісіңмен таныл» демекші, ұлағатты ұстаздың жарты ғасырға жуық еңбегі, білім саласындағы жарқын істері ескерусіз қалған жоқ. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, Білім министрлігінің, Торғай, Ақмола облысы білім басқармаларының Құрмет грамоталары, Қима, Жақсы, Целиноград аудандық білім бөлімдерінің марапаттарын ұстаз еңбегіне берілген лайықты баға деп білген жөн. 2009 жылы Жақсыбек Хамзеұлы «Жылдың үздік басшысы» номинациясы бойынша Целиноград ауданы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Мұғалім мерейі деген осы шығар. Біздің кейіпкеріміз еңбекте абыройлы болуымен қатар, отбасында 4 бала тәрбиелеп өсірген өнегелі жанұяның ұйтқысы. Тұңғыш ұлы Ерлан да әкесі мен атасының жолын қуып, осы мамандықты таңдаған.
Иә, ұстаздық – абыройлы жол. Алайда, кез- келген адам ұстаз бола алмайды. Себебі, бұл тағылымы терең өнер. Ал, өнерлі болудың бағы кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін бойыңдағы табиғи дарын мен ізденіс ерен еңбекке ұласуы керек. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай жас ұрпақтың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді. Өмір бір орында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай, жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білім мен біліктілікті арттырып отыру керек. Біздің кейіпкеріміздің айтар уәжі де осы.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.