Алпысқа тарта отбасы мекен ететін шағын Бұлақ ауылынан да Ұлы Отан соғысына бас көтерер ер азаматтар түгел аттанып, солардың біразы Отан үшін жандарын қиды.
Туған жерге аман-есен оралғандары да өмірден озып, бүгінде ауылда майдангер қалмады. Әрине, бұл өмірдің заңы.
Биылғы Ұлы Жеңістің 72 жылдығын Бұлақ ауылының тұрғындары ерекше салтанатпен атап өтті. Ең алдымен, ауыл тұрғындары өз қалталарынан ақша жинап, орталықтан Отан соғысына қатысқан ауылдас майдангерлерге арнап ескерткіш тақта орнатты. Мәрмәр тақтаға осы ауылдан майданға аттанған адамдардың тізімі қашалып жазылды. Ауылдастарынан ақша жинап, ардагерлерге ескерткіш ашу ісінің басы-қасында болып, ұйымдастырған ауыл тұрғыны Талғат Қуатаевтың еңбегін ерекше атап өткен артық болмас. Ескерткіштің ашылу салтанатына ауылда туып-өскен, қазір облыс орталығында, басқа жерлерде тұратын адамдар көп келді. Жиында майданға аттанған боздақтар туралы әңгімелер айтылып, майдангерлер рухына құрмет көрсетілді. Мектеп оқушылары жиналған халықтың алдында өздері дайындаған концерттік бағдарламаны ұсынды. Сөйтіп, бұл ескерткіш тақтаның ашылуы әрі азалы, әрі тартымды шара болып өз мәресіне жетті.
Осы күні ауыл тұрғындары майдангерлердің аруақтарына арнап үлкен ас берді. Сөйтіп, бұл игі істің өзі Отан үшін от кешкен ардагерлеріміздің есімдері ешқашан ұмытылмайтынының тағы бір нақты айғағы болды.
Ырысты АЙТЖАНОВА.
Зеренді ауданы.