Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туған жерің – тұғырың - АРҚА АЖАРЫ

Туған жерің – тұғырың

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мәселелері жөніндегі алғашқы ұйымдастыру отырысында аймақта осы бағытта атқарылатын жұмыстардың іс-жоспары қарастырылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттың рухани жаңғыруы мәселелерін жан-жақты саралай келе, тұтастай еліміз бойынша кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншілігіңнің бастау-бұлағы – «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Оның ауқымы ізінше ұлғайып, «Туған ел» ұғымына ұласады.
Облыс әкімі өзінің кіріспе сөзінде осы жөнінде атап көрсетіп, таяуда Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбековтың жетекшілігімен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның алғашқы мәжілісі өткендігін жиналғандар есіне салды. Бұл бағытта алда біздің облысымызда да қыруар жұмыстар тұр.
Сондықтан, «Туған жер» бағдарламасын облыстық деңгейде қалай іске асыруға болатындығы жөніндегі мәселе  күн тәртібіне шығарылған кеңесте алғашқы сөз осы маңызды істің жай-жапсарын баяндау үшін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімоваға берілді. Облыста бүгінгі таңда аталған бағдарламаны іске асырудың тұғырнамасы жасалып, негізгі жұмыс төрт бағытта жүргізілетін болып отыр. Олар: білім, аймақтық мәдениет, кіші Отанды қолдау және осының бәрін ақпараттық қамту бағыттары. Бұлардың әрқайсысына рет-ретімен көптеген іс-шаралар кіреді. Солардың ішінде өлкетану, туған жерді, оның тарихын, мәдениетін түлету мәселелері басым бағыттарға ие. Әркімнің, әсіресе, қолында мүмкіндігі, қаржысы бар азаматтардың бүгінде жағдайы жақсы деп айтуға келмейтін өз туған ауылдарын қолдау, оларға демеушілік көмек көрсету, қолынан келген басқа да жақсылығын істеу үлкен маңызға ие болып отырғаны анық.
Осы жұмыстарды жүйелі іске асыру үшін басқарушы және сараптамалық кеңестер құрылып, олардың құрамына облыстық мекемелердің, аудандар мен қалалардың, оқу орындарының басшылары, қоғамдық жұртшылық, зиялы қауым өкілдері кіргелі отыр. Түрлі жобалар мен бағдарламаларды алға апару, жергілікті атқарушы органдармен арадағы жұмысты үйлестіру үшін бас жобалаушы ұйым да құрылмақшы. Аймақта осы бағдарламаның іске асырылу барысына облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің өзі бас-көз болады.
Мұндай маңызды істе үлкен рухани және ғылыми әлеуеті бар жоғары және орта арнау-лы оқу орындарына зор үміт артылатыны белгілі. Сондықтан, осы бағдарламаның іске асырылуына лайықты үлесін қосады деп күтіліп отырған аймақтағы жоғары білімнің қара шаңырағы – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров өз сөзінде бұл жұмыстардың оқу орны қабырғасында қазірдің өзінде басталып кеткендігін және өздеріндегі оқытушы ғалымдармен туған өлке тарихы мен өткенін танып-білу тұрғысында ауқымды жұмыстар қарастырылып жатқандығын ортаға салды, сондай-ақ, бағдарлама аясын кеңейте түсу орайында құнды ой-пікірлерімен бөлісті.
Күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысынан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов та шет қалмай, бағдарламаны іске асыру барысында жастарға көбірек көңіл бөлу, басқарушы және сараптамалық кеңестер құрамына қосымша мүшелер тарту, ауылдық елді мекендердің көші-қон мәселесіне назар аудару жөнінде өз ой-пікірлерін білдірді.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өз сөзінде туған жер дегенде әркімнің көбіне өз ауылы мен ауданына бүйрегі бұратынын, туған жер ұғымын осы тұрғыдан ұғынатын сондай белсенді адамдарды облыстық істерге тарту қажеттігіне де тоқталып өтті. Қала көшелерінде қоқыс тастайтын жәшіктер тұр. Көбі бос. Себебі, келе жатқан адамдар қолындағысын оған тастамайды, жерге тастайды. Бәрімізді отансүйгіштікке, жинақылық пен тәртіпке баулитын «Туған жер» бағдарламасы туралы сөз қозғалып отырғанда, мұндай жайларға не деуімізге болады? Облыс әкімінің ойынша, сараптамалық кеңестің қазіргі құрамын да қайта қарап, кеңейту керек. Әлеуметтік желілерде оны-мұныны жазып, тасада тыныш отыратын адамдар да бар. Оларды да осы жұмысқа тартса артық емес.
Кеңесте облыс әкімі тиісті органдарға Ақмола облысындағы киелі орындардың республикалық тізілімге енгізілуін қамтамасыз ету, бас жобалаушы ұйымның жұмыс істейтін орнын белгілеу, бір апта ішінде бағдарламада қамтылатын мәселелерді тиянақтайтын жұмыс топтарын құру жөнінде нақты тапсырмалар берді.  
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар