Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Мәлік Мырзалиннің қатысуымен өткен филиалдың Саяси кеңесі бюросының кезекті отырысында партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының аймақта іске асырылу барысы туралы мәселе қаралып, осы тұрғыдағы істер мен міндеттер пысықталды.
Отырыста партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржановтың баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашының айтуына қарағанда, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында облыс бойынша барлығы 33 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде Көкшетау, Степногорск қалалары мен Атбасар, Есіл, Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Зеренді және Целиноград аудандары көш бастап тұр.
Сонымен қатар, отырыста «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымы, су және жылу желісін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту» бағыты бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін ұлттық қордан бөлінген бюджет қаржысын тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылаумен айналысатын «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының депутаттық фракциясы комиссиясының жұмысы қаралды. «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы жиынының қаулысына сәйкес, облыстық мәслихатта 5 депутаттық комиссия жұмыс істейді. Ағымдағы жылы ұлттық қордан қаражат түсуіне байланысты 3 комиссия жұмысына кірісті. Аталған комиссияның жұмысы туралы облыстық мәслихаттың депутаты Берік Ақылбеков таратып айтып берді. Оның айтуына қарағанда, 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 60 миллиард теңге қаржы бөлініп, толық игерілген. Оның ішінде 6,7 миллиард теңгесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталса, 53,3 миллиард теңгесі көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалды. Биылғы жылы 7 жобаны жүзеге асыру үшін 6,8 миллиард теңге, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін 40 миллиард теңге бөлініп отыр.
Отырысты қорытындылаған Мәлік
Мырзалин әріптестерін сыбайлас жемқор-лықпен күреске мемлекеттік органдарды ғана емес, қоғамдық ұйымдар мен қарапайым халықты да белсенді тартуға шақырды. Жемқорлықпен күресте партия жұмысының статистикалық көрсеткіштерге ғана емес, нақты іске бағытталуын атап өтті. Сондай-ақ, алдағы міндеттер межесі белгіленді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.