Ереймендік палуандардың түрлі мәртебелі жарыстарда ұдайы топ жаратыны баршаға аян. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бапкерлерінің сүйіншілеген хабарын, шәкірттерінің толымды жетістігін ұдайы назарымызда ұстаймыз.
Аудан орталығындағы Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің 7 сынып оқушылары Айбек Жұмағұлов пен Олжас Еренғайыпов жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданында қазақша күрестен өткен Қазақстан чемпионатында бақ сынаған.
Республика көлемінен жиналған, түрлі салмақ деңгейі бойынша боз кілемде күш сынасқан турнир алаңын курортты облыстан жалпы 14 жасөспірім толықтырыпты. Жаңағы құрама топтың ішінде тек ереймендік қос інішегіміз ғана бірегей талпыныс-талабымен оңтүстік өңірдегі дүбірлі бәсекеде Ақмола облысының намысын абыроймен қорғап шықты. Осылайша ұстазының күткен үміті ақталды, еңбегі жанды. Айбек Жұмағұлов 38 келілік дәрежеде үшінші, Олжас Еренғайыпов 42 келілік дәрежеде бірінші орын тұғырына көтерілді, туған жерінің мерейін еселетті. Екеуі де қазақша күрестен спорт шеберлігіне үміткер атағын иеленді. Жеңімпаздарымызға ұйымдастыру алқасынан аспалы медаль, тиісті дәрежелі диплом, естелік сый қоса ұсынылды.
Қос палуанымыз бұдан бұрын да Қазақстанның бірқатар қалаларында өткен мәртебелі жарыстарда жүлде алған, күрес өнеріне әбден төселген, түрлі әдіс-тәсілді жетік меңгерген епті спортшылар. Бұл орайда спорт мектебінде биыл бесінші жыл бапкерлік қызмет атқаратын тәлімгер Самат Тілеубергеновті ң де өзіндік үлесі, өлшеусіз еңбегі баршылық. Ұстазы негізінен Айбек пен Олжастан алғашқы чемпион ретінде келешекте мол үміт күтеді. Біз естіген тағы бір жаңалық: облыстарға берілген жалпықазақстандық рейтинг бойынша Ақмола облысы жалпыкомандалық есепте бесінші қатарға іліккен екен. Жаңағы жетістікке бұл жолы ереймендіктердің де өлшеусіз үлес қосып келгені анық. Алыс облысқа сапарға шығуға, мәртебелі додаға қосылуға септескен, жолсапар шығынына қаржы бөлгізген директор, спорт жанашыры Сәрсенбек Өтеповке де бапкердің ризашылық алғысы шексіз. Енді алда, аманшылық болса, жерлестерімізді Қарағандыда дзюдодан өтетін Қазақстан чемпионаты күтіп тұр. Оған бүгіннен бастап қам жасауды көздеген Самат Тілеубергенов шәкірттерінің жаттығу жұмысына, әдіс-тәсілін шыңдауға кірісіп те кетті. Балалардың күніне татами алаңында, секцияда өткеретін екі жарым сағат уақыты келер жолғы жеңіске жетелейтініне, бапкердің табыс қоржынын еселейтініне үміт бар. Лайым үміт үдесінен шыға беріңіздер, жерлестер.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.